Әлеумет Қоғам

Ерлікті мұра еткен мұражай

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірімізде мәдени мұраларды жинақтау, сақтау, зерттеу мақсатында 2012 жылы Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ерлік» филиалы ашылған болатын. Ғимараттың аумағы бұрын 209,6 шаршы метр болса, 2018 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен қосымша құрылыс ғимараты жүргізілген. Жаңадан ашылған екі қабатты ғимаратта екі экспозициялық зал, 50 орындық мәжіліс залы, экспонаттарды сақтайтын және қызметкерлер жұмыс істейтін бөлмелер бар. Бұл мұражайда соғыс ардагерлерінің ерліктерін дәріптеумен қатар зиялы қауым өкілдерімен кездесулер және өзге де тарихи-танымдық іс-шаралар өткізіледі.

Музейдің жаңадан қосылған бірінші қабаттағы экспозициялық залы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы мен 1979-1989 жылдардағы Ауған соғысының тарихын баяндайды. Еңбектегі ерлікке арналатын екінші қабаттағы экспозициялық зал «Тәуелсіздік дәуірі – Елбасымыздың, еліміздің ерлігі» блогы деп аталады. Онда Тәуелсіздік тұсындағы Қазақстанның, оның ішінде Түркістан облысының егемендік жылдарында қол жеткізген жетістіктері, жемістері мен жеңістері туралы айшықты фотосуреттер, кітаптар, газет-журналдар қиындыларының түпнұсқалары, көшірмелері, басқа да түрлі жәдігерлік дүниелер орналастырылған. Екінші қабаттағы екінші блокта Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласына байланысты «Ерлік» музейі жасаған жоба естеліктері орналасқан. Нақтырақ айтқанда, «Ата-бабалар аманаты – елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ» жобасы аясында өткізілген сәрсенбілік сырласу сағаттарының бас кейіпкерлерінің құнды жәдігерлері қойылған. Мәселен, жазушы Мархабат Байғұт, өңір журналистерінің төбе биі Байдулла Қонысбек, фантаст жазушы Сарманбай Исақ, су саласының ардагері Өсетулла Жабағиев, ақын Әселхан Қалыбекова, еңбек ардагері Шерім Медеуов, тағы басқа еңбектегі ерліктің үлгісін көрсеткен тау тұлғалардың өз қолымен музей қорына өткізген экспонаттары көрермендер назарына ұсынылған. Бүгінгі таңда музей қорында 5918 дана жәдігер жинақталған.

Былтырдан бастап еліміздегі карантин жағдайына байланысты музей қызметкерлері онлайн форматта 12 іс-шара, 8 көрме, 18 лекция ұйымдастырып, көпшілік назарына Facebook желісі арқылы іс-шаралар мен құнды ақпараттар ұсынды. Музей қызметкерлері қордағы және экспозицияда жасақталған әрбір жәдігерге көздің қарашығындай қарап, оларды сақтаумен айналысады. Музейге көптеген жәдігерлер сыйға келеді. Ұлы Отан соғысы, Ауған соғысы, Тыл және еңбек ардагерлерінің, сондай-ақ Чернобыль апаты, Семей полигоны, Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың да жәдігерлерін жинақтап, өскелең ұрпаққа ұсынып, таныстырып отырады. Бүгінде Ұлы Жеңіс күні қарсаңында музей қызметкерлері онлайн режимде көрмелер, экскурсиялар мен лекциялар, мәдени іс-шаралар өткізуде. Әскери бөлім сарбаздарына, мектеп оқушыларына, колледж студенттеріне музей экспозициясы бойынша шолу және тақырыптық экскурсиялар жүргізуде. Сондай-ақ, лекциялар, тақырыптық сабақтар, экскурсия сияқты ғылыми-ағарту жұмыстарын ұйымдастыруда.

Ұлы Отан соғысына қатысты елдік пен ерлік мұрасын жинақтауға арналған еліміздегі бірегей рухани орталықтың жұмысы ерлікті дәріптеуге, жастардың бойына отаншылдық сезімді сіңіруге бағытталған. Батырларымыздың, ата-әжелеріміздің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктері мен жеңістерін, тылдағы еңбектерін, ауған соғысы ардагерлерінің ержүректілігін насихаттайтын бұл музейдің болашақ ұрпақ үшін маңызы жоғары. Жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуде орталықтың қосар үлесі мол.

Л. Мәлік

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *