Құқық

Отан қорғау – парыз, жалтару – қылмыс

7 мамыр — Отан қорғаушылар күні. Ал, Отан тірегі Қарулы Күштер екені бел­гілі. Оның дамуына, қалыптасуына тек әске­­ри­лер ғана емес, Ата Заңда атап көр­­се­­тіл­ген­дей, тәуелсіз елдің әрбір азаматы да жауапты. Біз осы мереке қарасаңында Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Алмаз Тілеухановтан алған мәліметтерді назарларыңызға ұсынғымыз келеді.

Тәуелсіздігімізді қорғау, егемендіктің сенімді сақшысы болу әр азаматтың адалдығына сын. ҚР Президентінің Жарлығы мен ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы заңына сәйкес, әскерге жарамды 18-27 жас аралығындағы сотталмаған кез келген Қазақстан азаматы мерзімді әскери қызметті (12 ай мерзімге) өткеруге міндетті болып табылады.

Осыған орай Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды жүзеге асыруда. Бұл мерзім 1 наурыздан бастап маусым айының соңына дейін бекітілген.  Азаматтарды мерзімді қызметке шақыру жөніндегі барлық іс-шара санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып ұйымдастырылады.
Азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз етудің барлық түрі жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Олар әскерге шақырылушыларды да, медициналық комиссия мүшелерін де медициналық маскалармен және антибактериялық құралдармен қамтамасыз етті. Ал, Қорғаныс министрлігі жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлерін қорғау және дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етуде.

Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің, басқармалар жеке құрамының әскерге шақырылушыларды хабардар ету және медициналық куәландыру тәртібі бойынша іс-қимыл алгоритмі, сондай-ақ жиын пункттерінде қажетті санитарлық жағдайларды қамтамасыз ету жоспары әзірленген. Бұдан әрі әскерге шақырылушылар қашықтықты сақтай отырып, медициналық куәландырудан өтуге жіберіледі. Біздің қызметкерлер осы талаптардың сақталуын, дәрігерлерге кезектің толып қалмауын бақылайды. Шақыру және жинау пункттерінің барлық қызметтік және қосалқы үй-жайларында, шешінетін орындарды, асханаларды және түнгі демалуға арналған орындарды қоса алғанда, жұмыс күндері дезинфекция жүргізіледі.

Шақыру кезінде қалалық жинақтау пунктінде денсаулық сақтау басқармасының қамтамасыз ету жоспары бойынша, ПТР-зерттеу   жүргізілуде. Медициналық тексеру және әлеуметтік-психологиялық зерттеу, зерделеу, әңгімелесу, құжат дайындау жүргізіледі. Жеке құрамның және шақырылушы азаматтардың санитарлық-гигиеналық жағдайларды сақтауына бақылау күшейтілген. Отан қорғауға аттанатын бозбалалар алдымен медициналық тексеруден өтіп, денсаулықтарының жарамдылығы туралы сыннан өткеннен кейін әскери бөлімдерге жөнелтіледі.

Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті 2021 жылы 1500-ге жуық жас азаматты мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарлауда. Олар білім деңгейі, мамандығы және моральдық-психологиялық ерекшелігі бойынша әскери құрылымдарға бөлінеді. Мысалы, десантшылар үшін сарбаздың физикалық дайындығы, сондай-ақ бойы 170 см-ден төмен еместігі мен спортшыларға артықшылық беріледі. Әскерге сондай-ақ, ІТ-мамандықтары, жүргізушілер, байланысшылар, музыканттар және басқа да көптеген мамандар қажет.

Қарулы Күштердің беделін арттыру және нығайту үшін «Жас сарбаз»,  «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны, патриоттық шаралар өтеді. Сондай-ақ, халықпен ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ата-аналармен арнайы әңгімелесулер өткізіліп, комиссиядан өту, құрылымға бөлу, борыш өткеру мен келісім-шарт қызметіне, одан әрі оқуға түсу перспективалары туралы айтылады. Біз халыққа әскери қызметтің маңыздылығы адам үшін, қоғам үшін, ел үшін екенін жеткізгіміз келеді. Мерзімді қызметтегі әрбір әскери қызметші — мемлекеттің тірегі, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі.

Сондай-ақ, қолданыстағы заңнамада мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін әскерге шақырылушылардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі көзделген. Атап айтқанда, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 647-бабында шақырылушының шақыру бойынша белгіленген мерзімде дәлелді себепсіз келмегені үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуі көзделген. Ал 648 бапта әкімшілік ескерту немесе медициналық куәландырудан немесе тексеруден өтуден жалтарғаны үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көрсетілген. Сонымен қатар, заңды негіздер болмаған кезде әскери қызметке шақырудан жалтару ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабы 1-бөлігінің негізінде бір мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сол баптың 2-бөлігіне сәйкес өзіне, денсаулыққа зиян келтіру арқылы, ауруды симуляциялау арқылы, құжаттарды жалған жасау немесе өзге де алдау арқылы болған жағдайда – үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Бүгінде әскери қызметкердің имиджі жыл сайын артып келеді деп айтуға болады. Бұл мерзімді қызметке шақыру және жоғары әскери оқу орындарында оқуға үміткерлерді іріктеу кезінде байқалады. Мұның себебін ең алдымен, келісімшарт бойынша қызмет өткеретін әскери қызметшілердің кең «әлеуметтік пакетімен» байланыстыруға болады. Мәселен, әскери қызметші, ата-анасы және жақын туыстары үшін тегін медициналық қызметтер, санаторийлерде емделу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, мемлекет есебінен пайыздық мөлшерлемелері төмен ипотекаға қол жеткізу, тұрғын үйді жалға алу үшін ай сайынғы өтемақы төлеу, балабақшаларға кезектен тыс орындар, зейнеткерлікке ерте шығу және тағы басқа көптеген мүмкіндіктер мен жеңілдіктер қарастырылған.

Әскерге шақыру немесе мерзімді кейінге қалдыру бөлігінде барлық сұрақтар бойынша кеңес алу үшін Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінде «жедел желі» жұмыс істейді. Онда жауапты лауазымды тұлғалар азаматтарды толғандыратын барлық сұрақтарды түсіндіреді және түсініктеме береді. Бұл ашық формат арқылы әскерге шақырылушылар мен олардың ата-аналары, жалпы көпшілік кез-келген ақпарат алу үшін жүгіне алады және жауап ала алады.

Шымкент қаласының 18-27 жас аралығындағы азаматтары әскер қатарына арнайы шақыртуды күтпей-ақ өзіне қажетті құжаттары мен тұратын мекенжайлары бойынша қорғаныс істері жөніндегі департамент, басқармаларына өз еріктерімен келуіне болады. Жастарды өз Отанына қызмет етуге жауапкершілікпен қарап, белсенділік танытуға шақырамыз. Отан қорғау әрбір азаматтың асыл парызы екенін естен шығармайық.

Дайындаған Л. Мәлік.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *