Қоғам Мәселе

«Көрмес түйені де көрмес»

Қазіргі қоғамда кәсіпкерлер өздерінің кәсіптерінің нәсібін көру үшін неше түрлі жарнамалар беріп, тауарларының, көрсететін қызметтерінің сапасы жайлы баспасөз, теледидар, әлеуметтік желілер арқылы хабар беріп, жариялап жатады. Бұл жарнама, хабарламалар кәсіптерінің алға жылжуына ықпал етеді. Ал, кейбір кәсіп иелері күнделікті табысына малданып, кәсібін дөңгелетіп отырған мекен-жайына, яғни, ғимараттарына онша мән бере бермейді.

Менің бұлай жазуыма түрткі болған нысан — Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанның кіре берісінде орналасқан «Қазақстан» автобекеті мен ескі автобекет. Театр киім ілгіштен басталады дегендей, кез-келген қонақ келген жерінің мәдениетін сол мемлекеттің немесе облыстың, ауданның, қаланың айнасы — кіреберіс қақпаларының, аэропортының, темір жол вокзалының, автобекеттерінің көркемдігі, тазалығы мен сыртқы көріністерімен бағалайтыны рас. Осы тұрғыдан алғанда, Шолаққорғандағы автобекеттің сыртқы көрінісі құдды бір иесіз қалған жұпыны үй секілді, қарауға ұяласың. Ғимараттың дизайны кімнің қолынан шыққанын білмейміз, әйтеуір орта ғасырдағы мешіт нобайымен салынған секілді. Қазіргі заманауи ғимарат деуге мүлдем келмейді. Әлде басында медресе салсақ деп ойлады ма екен?

Бірнеше жылдың жүзі болды, сыртын сырлаған бояулары әбден тозып, көмескіленіп кеткен. Оның үстіне сылақтары әр жерден ойылып, түсіп қалған. Басқа атау таппағандай, автобекет атауын «Қазақстан» деп қойыпты. Оның өзін жай ғана бояумен жаза салған, көмескіленіп, көрінбей қалған. Мемлекетіміздің атауын иемденген соң, неге жарқыратып, үлкен әріптермен әсемдеп жазбасқа? Бұл мемлекетіміз үшін ұят нәрсе ғой. Келген қонақтардан ұяласың. Былайғы кезде «күйшілер, әншілер, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері шыққан сырлы Созақ еліненбіз» деп мақтанамыз. Ауылға келген жолдастарымның арасында: «Әй, құр босқа мақтана береді екенсіңдер ғой, автобекеттеріңнің сиқы осы ма», – дегендер де болды. Сондай кезде не дерімізді білмей, талай рет сасқанымыз бар. Бірнеше жылдың жүзі болды, баяғы жартас, сол жартас, еш өзгеріс жоқ. Керісінше жылдан жылға тозып барады.

Автобекеттің қожайыны осы өңірдің тумасы. Өзі кәсібін дөңгелетіп, нанын жеп отырған мекемесіне немқұрайлы қарау әділетсіздік. Сонда деймін-ау, аудан әкімі, оның идеология жөніндегі орынбасары қайда қарап отыр? Әлде олар автобекеттің сыртқы көрінісіне қарауға дәттері шыдамай жүр ме? Ең болмаса, сыртын көз тартатындай етіп сырлап, түскен сылақтарын сылап қоюға, автобекет атауын жергілікті бір атаумен ауыстырып, әсемдеп жазуға болмай ма? Ол үшін көп қаржы керек емес шығар? Созақ — облыс бойынша мемлекеттен дотация алмайтын жалғыз аудан емес пе?!

Автобекеттің көрінісін айтамын деп ұмытып барады екенмін, аудан әкімі отырған ғимараттың сыртқы бояулары да көмескіленіп кетіпті. Тіпті «Созақ ауданы әкімінің аппараты» деген маңдайшадағы жазудағы кейбір әріптер мүжіліп тұр. «Көрмес түйені де көрмес» демекші, аудан басшысы Салыхан Полатовтан бастап, әкімдіктің бүкіл қызметкерлері осы ғимаратқа күн сайын бірнеше рет кіріп-шықса да байқамайтыны қалай? Сырттан келетін талай қонақтар мен лауазымды тұлғалардан ұят емес пе? Бәлкім, аудан басшысы «зейнет жасына жақындап қалдым» деген көзқараста, көңіл-күйде шығар, ал басқалары ше? Олар әкімнің қас-қабағына қарай ма?

Білемін, «айтқанның аузы, жылағанның көзі жаман». Бірақ, осылай екен деп келеңсіздікке көз жұмып та қарап отыра алмаймын. Санаға жеткізіп айта алсам, кемшілік түзетілер, жеткізе алмасам, басқа айтар сөзім жоқ. «Қоянды қамыс, ерді намыс» өлтірмеушіме еді?! Адамда намыс болса қисайған түзелер, намыс болмаса бәрібір ештеңе өзгермейді. Әліптің артын бағалық.

Есенғазы Жүсіпов.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *