Әлеумет

«Қала әкімінің қолдауын жақсы сезінудеміз»

Бұқарбай ПАРМАНОВ, Абай ауданының әкімі:

Шымкент қаласының еліміздегі үшінші мегаполиске айналғанына да 2-3 жылдың жүзі болды. Осы аралықта қалада қандай өзгерістер болса, соның барлығы тұрғындардың көз алдында өтіп жатыр. Дұрысын айтқанда, қаладағы төрт аудан қайнаған тірліктің ортасында. Соның бірі Бұқарбай Парманов басқаратын Абай ауданы. Жуырда Бұқарбай Рысқұлұлымен сұхбаттасып, өткен төрт айда атқарған жұмыстары туралы сұраудың сәті түсті.

         – Бұқарбай Рысқұлұлы, Абай ауданының аумағын негізінен жер үйлер құрайды. Мұның өзіндік қиыншылығы бар шығар?

– Өздеріңізге мәлім, 2014 жылы Түркістан облысынан Абай ауданы аумағына он елді мекен қосылды. Бүгінде олардың инфрақұрылымдық мәселелерін шешуде тиісті жұмыстар атқарылуда. Аталған елді мекендердің инфрақұрылым мәселелері 2014 жылдан бері шешімін таппай келгені құпия емес. Сонымен қатар, аудан аумағындағы Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Жаңатұрлан шағын аудандарының инфрақұрылым жүйелерінің мәселесі күрмеулі күйінде болатын. Өткен жылы аталған елді мекендердің мәселелерін шешу бағытында қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының ықпалымен қаржы бөлініп, бүгінгі таңда тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Аудан аумағындағы 34 елді мекеннің 24-і сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. Сондай-ақ, Жаңаталап, Ынтымақ-2, Жаңа Тұрлан, Солтүстік саяжайда (Нұршуақ) құрылыс жұмыстары осы жылы аяқталып, қосымша 25 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Ақтас-2 мен Құрсайға жобалау сметалық құжатын (ЖСҚ) дайындауға қаржы бөлініп, биыл құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

– Жарық пен газ мәселесі туралы да айтып өтсеңіз?

– 27 елді мекен мемлекеттік электр жарығымен қамтылған. Сонымен қатар, 2020 жылы Солтүстік саяжай шағын ауданы мен Жаңаталап, Ынтымақ-2,  Айкөл, Ақжар, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алаптарына ЖСҚ дайындауға қаржы бөлініп, жобалар толығымен әзірленді. 2021 жылы аталған жобаларды жүзеге асыру үшін бюджет есебінен қаржы қарастыру жоспарлануда.

Қаланы табиғи газбен қамтамасыз ету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Осы мақсатта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Нақты айтар болсам, ауданда елдімекендердің 73,5 пайызы табиғи газ жүйесімен қамтылса, қалғандары қатты отынды пайдалануда. Алтынтөбе тұрғын алабын газдандыру жұмыстарына қаржы бөлінуінің нәтижесінде 1231 тұрғын көгілдір отымен қамтылатын болады. Сонымен қатар, Батыс шағын ауданының газ жүйелерінің құрылыс жұмыстарына да қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.

2020 жылы Ақтас, Ақтас-2, Ақжар, Арғымақ ауылдарын газдандырудың құжаттары әзірленді. Одан бөлек Ынтымақ-2, Солтүстік саяжай мен Көкбұлаққа табиғи газ жүйесін тарту мақсатында жоба дайындау үшін қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан құжат әзірленуде. Құрсай, Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алаптарына ЖСҚ әзірлеуге ұсыныс берілген.

– Мемлекет басшысының назарында тұрған жол мәселесіне қатысты түйткілдер жоқ па?

– Жалпы, аудан аумағында 1034 шақырымды құрайтын 1025 көшенің 28-і магистралды, 997-сі ішкі орамдық. Оның ішінде 651 асфальтталған болса, 277-сіне тас төселген, қалған 97 көшеде топырақ жолдар. Бұларды сапалы жөндеуге қаржы қарастырылып отыр. 2021 жылға аудан аумағындағы 38 көшеге асфальт төсеуге қаржы бөлінді. Биыл, сондай-ақ, қосымша 44,5 шақырым жолға шағал тас төсеуге ұсыныс берілді.

– Ауқымды жобалар іске асырылып жатқан Абай ауданында жастармен жұмыс істеуге қаншалықты көңіл бөлінуде?

– Қандай жобаны іске асырсақ та, балалар мен оларға керекті спорт ойын алаңшаларын назардан тыс қалдырмауымыз керек. Осы мақсатта аудандағы 453 көпқабатты тұрғын үй 258 аулаға біріктірілді. 2014 жылдан бері 222 аула абаттандырылып, 58 спорт алаңшасы салынды. Өткен жылы 107 аулаға ойын, 6 спорт алаңшасын салуға және 24 спорт алаңшаны ағымдағы жөндеуге қаржы бөлінді. Аталған бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында 2021 жылға келесідей жұмыстар жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 31 көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру, 18 спорт алаңшаларын ағымдағы жөндеу, 35 спорт алаңшаларын орнату жоспарлануда.

– Санитарлық тазалық жөнінде де айтып өтсеңіз?

– Санаулы күндерден кейін жаз айлары басталады. Сондықтан да санитарлық тазалық және көріктендіру жұмыстарын қазірден қолға алмасақ болмайды. Бүгінде 727 көшенің санитарлық және ирригациялық жүйелерін қоқыстан тазарту жұмыстарымен «Ақсемсер-Стройсервис» мекемесі айналысуда. Ауданда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен шұғылданатын «ЛТД-Тұрмыс» серіктестігі қызмет көрсетуде. 453 көпқабатты тұрғын үй аулаларындағы қатты тұрмыстық қалдықтар тасталатын 112 контейнер алаңшасында 485 контейнер қойылған.

Соңғы кездері кәсіпкерлік саласын қолдау бойынша Үкіметтің қабылдаған іс-шаралары бар. Бірақ ол бейберекетсіз жұмыс жасау керек дегенді білдірмейді. Осы мақсатта жергілікті полиция қызметі мен әкімдік мамандары бірлесе отырып, ретсіз сауда орындарына 187  хаттама толтырылып, айыппұл салды. Аудан әкімдігі тарапынан заңсыз жарнамаларды ілген 950 кәсіпкерлік нысанға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Абай ауданына қарасты алты мобильдік топ карантин режимін сақтау бойынша жұмыстарын жүргізуде. Жыл басынан бері 2715 нысанға түсіндірме жұмыстары жүргізілсе, «Қаулының талаптарын орындамағаны үшін» 384 хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Кәсіпкерлік нысандар өз аулаларының алдын күтіп ұстау бойынша аудан әкімі аппаратының қызметкерлері түсіндірме жұмыстары жүргізді.

– Оқырмандарды алдағы жоба-жоспарларыңызбен де таныстырып өтсеңіз.

– Жоспар көп. Бірақ оның барлығының жүзеге асуы қаржыға тәуелді екені белгілі. Дегенмен біз қала әкімінің қолдауын жақсы сезінудеміз. Мұрат Дүйсенбекұлының қолдауының арқасында елді мекендердегі көшелерге асфальт салу мәселесін бірінші кезекке қойып отырмыз. Аяқ жол салуды да назардан тыс қалдырмақ емеспіз. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін түнгі жарық шамдар да орнатуымыз керек. Аудан аумағындағы елдімекендердің көпшілігі қала сыртында орналасқандықтан, қоғамдық көлік қатынасын реттеп, аялдама орнату мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Әңгімелескен Ұ. ТӘМЕНОВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *