Әлеумет

Мың сыры бар мұражай

Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі еліміздегі ең көне музейлердің бірі. 101 жылдық тарихы бар рухани білім ордасы – өлкеміздің өткен тарихы мен рухани құндылықтарын зерттеп, құнды мәліметтерді жинақтап, өскелең ұрпаққа насихаттауда жауапты міндеттер атқарып келеді.

Музей қызметкерлері ғылыми-зерттеу және ғылыми жинақтау жұмыстарын өлке тарихын зерттеуді тереңдетуге бағытталған бағдарламалар бойынша атқаруда. Қордағы жәдігерлер және музейге түскен олжалар қалпына келтіріліп, қазіргі уақытта олардың ғылыми құжаттарын дайындауда. Карантин жағдайында рухани орда жұмысы қалай жүзеге асып жатқанын білмек ниетте музей ғимаратына арнайы барған болатынбыз. Қазір орталықтың есігі келушілерге жабық  болғанымен, тынымсыз ізденіс пен зерттеу жұмыстары бір толастаған емес. Әсіресе, онлайн жұмыс жүйесінің «тамырына қан жүгірген».Тарихи

Музей қызметкерлері биыл журналист, ақын-жазушы, аудармашы Юрий Кунгурцевтің 85 жылдығына орай арнайы үйіне құттықтап барып, жазушы мен зайыбы, Еңбек ардагері, Изольда Белованың қолданған жеке заттарын алып, қорға тапсырыпты. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагері, қаруы мен қаламын қатар ұстаған майдангер Әдіхан Шілтерхановтың жәдігерлерімен толыққан. Заман талабына сай көрмелер, экскурсиялар мен лекциялар, көпшілік мәдени іс-шаралар, шығармашылық кездесулер мен кештер ұйымдастыруда да бірқатар жұмыстар атқарылуда.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Күлтөбе қалашығындағы тарихи нысандардың реставрациясы» тақырыбында өткен келелі басқосуға археология бөлімінің меңгерушісі Айсұлу Ержігітованың үлкен ізденістермен қатысуы да қуантарлық жайт.  Білікті маман Күлтөбе қалашығында кешенді түрде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба, консервация және реставрация, қалпына келтіру жұмыстарына қатысуда. Соның негізінде «Түркістанға 3000 жыл» атты  «дөңгелек үстелде» Күлтөбе қаласында ашылған ежелгі қамалдың зерттелу тарихымен, оның құрылысымен және Түркістан қаласында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарымен таныстырып, баяндама оқыды.

Музей директоры Ақмарал Құдайбергенованың бастамасымен  ғылыми қызметкерлер мен экскурсовод мамандардың әлеуетін дамыту, музей жәдігерлеріне байланысты экскурсиялық материалдарды ғылыми жүйелеу, жәдігерлерге тіл бітіріп, тарихқа тереңірек үңілу мақсатында  «Жанданған жәдігер» жобасының жоспары бекітілген. Осыған сәйкес музей қызметкерлері «Табиғат және полеонтология» тақырыбы бойынша өлкемізден табылып, елімізде өндірілетін пайдалы қазбалар мен бағалы асыл тастар туралы ғылыми жұмыстарын арнайы слайд негізінде және видеороликтер дайындап қорғауда. Зерттелген тың тақырыптар фейсбук желісі арқылы көпшілік назарына ұсынылып, кең көлемде насихатталуда.

Музейдің білікті мамандары жергілікті өңірдегі филиалдарға барып, тәжірибе бөлісу арқылы әріптестерінің жұмысына қанат бітіріп қайтудан да шаршаған емес. Сайрам аудандық музейіне және Т.Рысқұлов атындағы Түлкібас аудандық музейіне әдістемелік көмек көрсету және музей жұмысын жүйелеп, саралау мақсатында қызметкерлер іс-сапармен барып, кемшіліктерін түзетуде кеңес айтып, бірқатар жұмыстарды жүйелеп,  бағыт-бағдар беріп қайтты. Киелі Тараз қаласында Жамбыл облысының тарихы туралы көптеген мәліметтер жинақтап, құнды ақпараттар алып, өз тәжірибелерімен де бөлісті.

Биыл Ұлы Жеңіске 76 жыл! Осыған орай, музей қорындағы Ұлы Отан соғысы ардагерінің құнды жәдігерлерінен, жеке заттарынан көрме жасақталды. Жоғары оқу орындарының студенттері мен жалпы орта мектеп оқушыларына музей қорындағы құнды жәдігерлерді насихаттау мақсатында «Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл», «Көктем көркі — Қызғалдақ», «Музейдің құнды жәдігерлері», «Ұлтты ұлықтаудың ұлы  жолы», «Қажымұқаннан қалған құнды мұралар», «Қыз көркі жібек көйлек», «Сәні кеткен сырмақ», «Қазақтың киіз үйі» тақырыптарында   лекторий сабақтары өткізілген. Музей қорына өлке тарихы мен ұлы тұлғаларға қатысты бірнеше құнды еңбектер, кітаптар және фотосуреттер сыйға алынып, құжатталған. Сонымен қатар, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Елбасы Н.Назарбаевтың еліміздің дамуына қосқан еңбектері және қазақтың атақты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 150 жыл толуына орай мәліметтер жинақталуда.

Музей филиалдары көпшілік ғылыми-ағарту жұмыстары бойынша заман талабына сай көрмелер, экскурсиялар мен лекциялар, көпшілік мәдени іс-шаралар, шығармашылық кездесулер мен кештер ұйымдастырып, бірқатар жұмыстар атқаруда. Карантин жағдайына байланысты жәдігерлерді зерттеу, жинақтау жұмыстарының барысын көрсету және музей экспозициясын таныстыру мақсатында әртүрлі тақырыптарда іс-шаралар өткізіліп, көрме жасақталып, экскурсиялар жүргізіліп, фейсбук желісі арқылы онлайн режимде көпшілік назарына  ұсынылуда.

Елбасы, Тұңғыш Президент Н.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды.

Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды. Тәуелсіздік жылдарында, жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті.

Қазақстан – бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек», — деген болатын. Мәдени мұрамызды жинақтап, насихаттауға зор үлес қосып жүрген  мұражай жұмысы ғасырлар қойнауынан осылай сыр шертеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *