Өмірдің өзі

Күш атасы Қажымұқан тышқаннан не үшін қорыққан?

Биыл күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының мерейлі 150 жылдығы. Алыптың әлем ареналарындағы сансыз жеңістері мен Отан үшін арқалаған жауапкершілігін ұрпаққа үлгі етуге тиіспіз. Қаламның ұшымен қайта тірілген қызықты да шыжықты өмірі шертілген кітаптар, суретті бейнелер, мүсінделген сом ескерткіштер, бәрі-бәрі кеңінен насихатталып, келер ұрпаққа ұсынылар жыл келді. Балуанның мәңгілік мекен тапқан Ордабасы ауданында осы бағытттағы жұмыстар басталып та кетті. Аудан әкімі Н. Тұрашбековтың бастамасымен қажымұқантануға арналған ұмтылыстар бар. Нәтижесінде музей мамандарының ізденісіндегі  қызықты деректерді оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Ұлы балуанның да барлық қарапайым адамдар секілді өзіндік өмір тарихында кісі таңқаларлық оғаш тұстары мен қызықты қасиеттері болған екен. Тұлға жайлы жазылған деректі кітаптар мен насихаттардан танып-білуімізше, алыптың бойында күшпен қатар әншілік, серілік, сөз құдіретіне деген сүйіспеншілік, яки ақындық, мейірімділік, меймандостық, әзілқойлық, көріпкелдік сияқты қасиеттерді де кездестіруге болады. Табиғат молынан пішіп беріп, бойына осынша құдірет пен ізгілікті тарту еткен күш иесінің ерекше тұсы – кәдімгі кішкене ғана дала жәндігі — тышқаннан қатты тітіркенген, жек көрген, тіпті атын ауызға алғысы келмеген екен. Мақұлықтың аты шыққан жерден атып тұрып, шошып қарайтын болыпты. Олай деуімізге бірнеше мысалдар да бар.

Татар байы О.Масликовтың атын арбаға жегіп, қар қалың жауған қыста шөп тасып келе жатады. Болдырып қалған атын шанадағы шөп үстіне салып, орнына өзі сүйреп келген қазақ жалшыны басынған дүниеқоңыз бай малының шығынын өндіру мақсатында  арызданады. Жауап алу үшін Мұқанды кеңсеге шақыртып, сұрақтар қойылады.

— Кімсің? Масликовта қашаннан істейсің? Жасың нешеде?

— Үш жыл болды істегеніме, жасымды білмеймін. Бірақ жылым түйе әйтеуір…

— Түйесі несі, оның жылға не қатысы болды?

— Қазақта сондай жас бар, сиыр, қой, түйе деген… Бәрі бар…

Ешнәрсеге түсінбеген кеңсе бастығы Мұқанға жанашыр болып келіп, жиналып кетпей тұрған сырттағы қалың жұрттың ішінен үлкендеу бір қазақты кіргізіп, Мұқанның айтқанын түсіндіріп беруін сұрайды. Сонда қазақ шал ары-бері ойланып, «Түйе жылға ілінбеген, жылың онда тышқан екен ғой» деп байлам жасайды. Сонда Мұқан: «Ойбайй, айта көрмеңіз ақсақал. Тышқаны құрсын! Әжем жылың мақұлықтың ең үлкені болады деген. Соған қарап айта салғаным ғой, түйеден үлкен мақұлық болушы ма еді?» деген екен.

Татар байының үйіне жалшы болып орналасқан күні Мұқан алғашында жалшылар жататын жатаққа орналасады. Масликов күні кеше осы жап-жас жалшы баланың бір өзі он шақты кісі көтеріп тией алмай жатқан, адам сенгісіз салмақты май піспекті икемдеп, шанаға сап бергенін көргені жайлы айтып әйел, бала-шағасын сендіре алмай отырған. «Мен айтты дерсіңдер, бұл тегін адам емес, әлі өздерің көрерсіңдер» деп, өзіне шақыртып:

— Бала қалай ұйықтадың, жатақханада қызық шығар, біздегі жігіттер домбыра шертіп, өлең айтады, көңілді емес пе ия?», — деп сұрайды. Сонда Мұқан көңілсіздеу:

— Маған оншалықты көңілді еместей, ұйықтай да алмадым», — дейді.

– Неге, жігіттер тиісіп жатыр ма? Ау сенің күшің көп емес пе, бір өзіңде неше адамның күші бар, лақтырмайсыңба шетінен? – десе:

– Жооқ, қайдағы төбелес, айта көрмеңіз. Жанжалға жаным қас. Ұйықтай алмаған себебім, астымызға төселген төсек астындағы сабан арасынан тышқан шиқылдап есімді шығарды. Оның даусы зәремді кетіреді, сол бәтшағардың үніне шыдай алмаймын, — деген екен.

Алғаш Петерборға күрес мектебіне оқуға келген, орыс палуандарымен бірге француз күресінің де әдіс-айласын үйреніп жүрген кезі. Барын салып темір бұрау, тас уату, рельске мінгізіп кісі көтеру, тісімен арба тарту сияқтыларды үйреніп, қара күшті шыңдап жүрді. Бірақ бұрыннан жүрген шамалы мықты деген палуандар Мұқан істей алмайтын әдістерді жасап жатады. Олардың қолынан үнемі кітап көреді. Сол кітапқа қарап тұрып жаңа ойындар шығарып жатады. Сол ашық тұрған кітаптың бетіне қанша қарағанмен Мұқан ештеме түсіне қоймайды. Соған ызаланып бір күні жатақханадағы Семен дейтін палуанға келіп, кітапты түсінуді маған үйретші деп өтініш қылады. Семен барын салып кірісіп үйрете бастайды. Бірақ сол А дыбысынан басқасын еш миына сақтап қала алмайды. Одан орыс досы еш шаршамайды, қайта дыбыстарды қанша үйретсе де бір-бірімен басын құрай алмай абыржыған Мұқанға қайтсем де үйретем дегендей жаттықтыра береді. Бәрібір өзінен түк шықпайтынын сезген қазақ палуаны: «Семен саған рахмет, мынау маған 100 пұт тас арқалағаннан ауыр болды ғой тегі, кітаптан үйренбей ақ қояйыншы, оның үстіне ішінде әнебір жағымсыз дауысты құрғырдың да суреті бар екен» деп, ақырында Семенның әуре болмауын өтініпті. Сондағы «ана құрғыр» деп  отырғаны тышқан болса керек.

Иә, әлем сахнасын бағындырып, күшімен жаулаған қазақ балуанының қандай да бір жәндіктен қорқуы оның әлсіздігін емес, керісінше тірі жәндікке қиянат жасамайтын мейірімін, жүрегінің нәзіктігін білдірсе керек.

Меруерт Ескермес,

Ордабасы ауданындағы Қ. Мұңайтпасов атындағы

музей экскурсоводы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *