Өмірдің өзі

Шын жақсының тамағы емес, қабағы жылытады

Бұл қыс мезгілінде болған оқиға. Шымкентті білесіздер, қыстың түсуінен шығуы тез, айтарлықтай тоңдырар суық болмайды. Таңертең қар жауса, кешке  жаңбыр жауып, жер көгеріп тұрады. Осындай күннің бірінде үйде күн суық деп еркелей сылтауратып, демалып, көрпе жамылып жатқам. Досым қоңырау шалып, «егер қолың бос болса ауылға барып қайтайық» деп ұсыныс тастады. Онсыз да тірлікке зауқым соқпай, зерігіп жатқан мен ештеңеге қарамай орнымнан атып тұрдым.

Көлікке мініп ұзақ жол жүрдік, бұрын көрмеген жерім. Ол жақта қыс «көкесін» танытып жатқан екен, күн суық, қар тізеден келеді. Кинодағыдай жер сықырлап, нағыз ауылдың бейнесі көзімізге оттай басылды. Қара малдар далада күйіс қайырып, үйлердің мұржасынан қара түтін будақтап шығып тұрған бейне. Сонымен ұзақ жол жүріп, баратын үйге де жеттік. Я сен оларды танымаған, я олар сені танымаған соң шамалы ыңғайсызданасың. Қазір біреу алдыңнан шығып «сен кімсің?» десе де таң қалмайтын заман ғой. Жоқ, бірақ ондай жағдай болмады. Қуанышқа қарай алдымыздан орамал таққан, кішіпейіл келіншек шықты. Үйге кіріңіздер деп сыпайылық танытып тұр. Ол да бір құрмет. Үйінде Құдайдың берген қуанышы — бала-шағасы жүгіріп жүр. Екі көздері менде. Үйге келген қонақ құр қол келмейді емес пе? Алдымнан шыққан балаларға үлестіріп бере салатындай қолымда бір кәмпиттің жоғын-ай деп қалдым.

Үндемей, бүріскен күйде отыра бердім. Ауылдың жағдайы бәрімізге белгілі, жарық жоқ, су далада. Әйтеуір бір күнкөріс. Менің риза болғаным, терезеден қарасам әлгі келіншек екі қолын ысқылап жіберіп отын жаруда екен. Он минуттың ішінде малын да жайғастырып, суын да тасып, керек десең ауладағы қарды да тазалап үлгерді. Бәріне тек бір өзі жүгіріп жүр. Үйтіп-бүйтіп үйге кіріп, бірден дастарқанын жайып, шайын құйды. Жеңгенің екі көзі жерде, өзінің сыпайылығын көрсетті. Менің барған үйдің тамағын, жайған дастарқанын сынайтын әдетім жоқ, бірақ ауыл болғаннан кейін шығар, жағдайлары  айтарлықтай жақсы емес екені көрініп тұр. Дастарқанда әр жерде үзілген нан мен бояуы қалмаған шәй. Бізді қоя беріңізші, тек балаларға аянышты. Бірақ жеңгейдің іс-қимылы, қас-қабағына қарап-ақ көңіліміз тоқ. Біраз отырдық, жеңгей тағы да жұмыстарымен сыртқа шығып кетті.

Одан кейінгі жағдай менің жүрегіме қатты тиді. Отырған кезімде сол үйдің бүлдіршіні қасыма келіп, бала дауыспен «қайдан келдіңіз?» деп сұрады. «Қаладан» дедім. «Біздің үйде қанша күн боласыз?» деп сұрады. «Білмеймін» деп жауап қаттым. Бала көңіл ештеңені жасырмайды ғой, бетіме ұзақ қарап тұрды да «үйде нан жоқ қой» деп сыбырлады. Жанарыма бірден жас тола кетті. Айтқаны рас, оны өзім де байқадым. Түсінгенім, қара нанға зар болып отырғандар көп екен. Сол үйде бір күн түнеп шықтық. Жеңгенің ажарынан нұр жауғандай күлімдеп қарап «үйге келіп тұрыңдар, ауыл жақсы, таза ауа жұтып қайтасыңдар» деп қуанып шығарып салды. Айтайын дегенім, ыстық-суыққа, аш пен тоқтыққа, бар-жоққа қарамай сол үйдің келіні бар қиындығын білдірмей, ыстық шәйімен, тәтті нанымен, жылы шырайымен қонақ күтіп алды. Одан асқан қандай құрмет бар?! Міне, нағыз адам, нағыз әйел, нағыз келін! Шіркін барлығымыздың келіндеріміз, жеңешелеріміз осындай болса екен деп ауылдан қуанышты күйде үйге қайттық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *