Қоғам

Ұшқындағы ұйымшылдық

Қазақтың тамыры – ауылда. Ауылсыз қазақ елін елестету мүмкін емес. Сондықтан, елді мекендердің жағдайын оңалту, ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыру үшін мемлекет тарапынан түрлі шаралар жүзеге асырылып келеді. Ауыл еңсесін түзеу үшін қолға алынған бастамалардың бірі – ауылдардың дербес бюджетін енгізу. Әкімдерін халықтың өзінің сайлауына мүмкіндік беру де ахуалды түзеудің бір амалы. Ендеше, жергілікті әкімдерге артылар жүк ауқымды, әрі жауапкершілік те жоғары болмақ. Осы орайда Келес ауданына қарасты Ұшқын ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Байдосовтан атқарылып жатқан жұмыстар жайынан хабардар етуді сұранған едік.

«Ұшқын ауылдық округінде 7584 адам есепте тұрады, отбасы саны – 906. Округ аумағында он ұлттың өкілдері қоныс тепкенімен, негізгі халық санын жергілікті ұлт өкілдері құрайды, – дейді ауыл әкімі Ғалымжан Байдосов. – Округке қарасты үш елді мекенде екі орта мектеп, бес балабақша, бір-біреуден дәрігерлік отбасылық емхана, ФАП, АТС, байланыс бөлімшесі, мәдениет ошағы және кітапхана халыққа қызмет көрсетеді.

Тұрғындардың өмір сүру сапасына әсер ететін факторлардың бірі – ауыз сумен қамту болып табылады. Елбасы тапсырмасымен қабылданып, іске асырылып жатқан «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында тиісті жұмыстар жүргізіліп, ауылдық округтегі үш елді мекеннің барлығына орталықтандырылған ауыз су құбыры тартылған. Алайда, Ұшқын ауылындағы су жүйесінің тозығы жетіп тұр. Биыл бұл су жүйесін ағымдағы жөндеуден өткізіп алмасақ, алдағы қыста ауылға ауыз су беру тоқтап қалу қауіпі бар. Осыған байланысты жөндеу жұмыстарына ақау актісі жасалып, «Келес қызмет» МКҚ-ға тапсырылды. Сметалық құжаттарын дайындап, қаржы қарастырылуда. Ауыз су бағасын арзандату жоспарымызда бар. Ол үшін үш елді мекендегі ауыз су жүйесін ауданның коммуналдық меншігіне өткізу мәселесін шешуіміз керек.

Ұшқын ауылында 3750 тұрғын, яғни 474 абонент табиғи газбен қамтылған. Бұл округ халқының 52 пайызын құрайды. Достық және Қоралас елді мекендерін көгілдір отынға қосу мақсатында сметалық құжаттары әзірленуде.

Ауылда салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше назар аударылған. Ауылда бір стадион мен екі мектепте жабық волейбол-баскетбол залы бар. Стадионға «Жұмыспен қамту» «Жол картасы» бағдарламасы аясында 23 миллион 577 мың теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өткізілді. Ұшқын, Достық және Қоралас елді мекендерінің оңтайландырылған жоспары жасалып, бекітілді. Достық елді мекенінен азаматтарға тұрғын үй құрылысына жер телімін беру мақсатында 93 гектар үйіргелік жер елді мекен шегіне енгізіліп, инфрақұрылым тартылды. Бүгінде жер телімі кезегінде 929 адам тұр. Олардың ішінде 201 тұрғыннан өтініш қабылданып, олардың 172-сіне үйіргелік жер берілді.

Ауылда шешімін күткен шаруа көп. Жоғарыда айтып өткен шаруалардан бөлек Ұшқын ауылындағы Қонаев көшесінің бойынан аллея құру мәселесін де күн тәртібіне шығарып отырмыз. Бұл бойынша тиісті сметалық құжаттар дайын».

Бауыржан Сейделханов,

Келес ауданы, Ұшқын ауылы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *