Қоғам

Рухани жаңғыру кітап оқудан басталады

Шымкентте соңғы жылдары әдемі дәстүр пайда болды. Көпшілікті кітап оқымайды деп сөкпей, рухани орталықтар оқырманға алдымен өзі жақындаудың әрекетін бастады. Бұған дейін қалалық кітапхана ғимаратында өтіп жүрген  кітап жәрмеңкесі осылайша қызу қолдауға ие болып, биыл айтарлықтай мерекеге айналып сала берді. Арбат демалыс орталығында өткен «FARABI OFFLINE: ПАРАҚTIMES» кітап жәрмеңкесі салтанаты мен мазмұны жарасқан іс-шара болды. Жәрмеңкені Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Әл-Фараби кітапханасы мен «Серпіліс» қоғамдық қоры Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы жоба негізінде ұйымдастырды.

Кітап жәрмеңкесінің алғашқы күнінде балалар әдебиетін насихаттау мақсатында кітап кейіпкерлерінің шеруі, балалар ойындары мен байқаулар, ақын-жазушылардың кездесуі өтті. Сонымен қатар, Шымкент қаласында жаңадан ашылған отбасылық кітапхананың тұсаукесері ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге республикаға белгілі балалар жазушылары Серікбол Хасан, Саят Қамшыгер, Дәркен Танабаев арнайы келді. Бұған қоса, ақын Нармахан Бегалы, Сарманбай Исақ, Сая Қасымбек сынды жергілікті қаламгерлер қонақ болды.

Кітапты насихаттау, кітап пен оқуға деген қызығушылықты арттыру, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын насихаттау, балалар әдебиетін қолдау жылында өскелең ұрпақты кітап оқуға тарту, жастардың көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту үшін ұйымдастырылған шара өзінің мақсатына жетті деуге болады. Фестивальге зиялы қауым өкілдерінен бөлек жастар, кітапхана оқырмандары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, мектеп оқушылары, жалпы қала тұрғындары қатысты.

Жәрмеңкенің алғашқы күні балалар жазушысы Саят Қамшыгер балалар әдебиетінің кешегісі мен бүгіні туралы ой-толғамдарын ортаға салып, саланы дамыту туралы ұсыныстарымен бөлісті. Кішкентай оқырмандардың жүрегінен  жол тауып үлгерген «Хәрри Поттер» туындысының таныстырылымын аудармашы Назгүл Қожабек келіп арнайы өткізді. Дәркен Танабай, Күлия Айдарбекова сияқты қаламгерлер де ашық аспан астында оқырмандарға сыр-сұхбат берді. Сондай-ақ, фестивальге қатысушы жас суретшілер арасында «Мен оқыған кітап кейіпкері» тақырыбында байқау ұйымдастырылып, жеңімпаздар  марапатталды. Қаладағы әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы қызметкерлері келушілерге арнап ұлттық ойындар ұйымдастырды.

Арбатта шалқыған әдеби әсем әуезе кешке тіпті шарықтай түсті. Түнгі шам жарығымен оқылған жастар поэзиясы демалыс орнын нағыз рухани баққа айналдырды. «Шам» жас ақындар клубының жетекшісі Сүндет Сейітов ұйымдастырған поэзия кеші мөлдір мұң мен сырлы сезімге толы шумақтарды жүректерден тамшылатты.

— Шырайлы Шымкент қаласында өткен екі күнге созылған Парақtimes кітап жәрмеңкесі шынында кітапқа деген құрметтің ерен үлгісін көрсетті. Елімізге белгілі баспалар өз кітаптарын әкеліп, бір жасап қалды. Қала тұрғындары мен меймандары да Арбаттан кітап арқалап қайтты. Кітап іздеген жандардың көптігі көңіл қуантты. Әсіресе кішкентай балалардың кітап құшақтап шаттанып жүргенін, ата-аналардың балаларына кітап сыйлап жатқанын көргенде бәзбіреулер айтып жүрген «қазақ кітап оқымайды» деген таптаурын пікірдің жалған екеніне көз жетті.

Жәрмеңке барысында түрлі шаралар ұйымдастырылды. Ақын, аудармашы, баспагер Саят Қамшыгер екеуміз осы жәрмеңкеге арнайы шақырылған екенбіз. Кездесулерге қатысып, шабыттанып, бір марқайып қалдық. Шымқалада әдебиет әлеміне мол еңбек қосып жүрген қаламгер аға-әпкелерімізбен дидарласып, сұхбаттас болдық. Осындай кітап жәрмеңкесінің өтуіне қолдау білдірген Шымкент қаласының әкімдігіне, оқырман мен кітаптың арасына алтын көпір орнатқан руханият жанашыры Бейсенгүл Нарымбетоваға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алдағы уақытта Парақtimes кітап жәрмеңкесі еліміздің басқа да аймақтарында кітап керуенін өткізіп жатса, қуанар едік. Бұл әдебиетке, кітапқа деген ерекше құрмет, сүбелі үлес болар еді, — дейді «Мұнара» газетінің бас редакторы, балалар ақыны Серікбол Хасан. Ал, Әл-Фараби атындағы қалалық әмбебап кітапхана қызметкері Айнұр Қаратай:

— Балалар мен  жасөспірімдер арасында кітап оқуды насихаттау жұмысы жоба аясында қарқынды жүргізілді деп айта аламын. Осындай шараны ұйымдастыру арқылы руханиятқа қызмет ету бақыты маған да бұйырған екен. Жоба авторы Бейсенгүл әпкеміз өзінің идеясымен бөліскенде Әзімхан Исабек, Әзімхан Қойлыбай сияқты жас қаламгер, ғалымдармен бірге өз ойларымызды ортаға салып, қолдау таныттық. Нұр-Сұлтаннан шақырылған қонақтармен бірге Гүлнар Өмірбек, Абай Қалшабек сияқты ақын-жазушылардың тұщымды ойлары тыңдалды. Заман қанша алға жылжығанымен кітап оқу мәдениеті артта қалмайтыны дәлелденді. Жәрмеңкеден сөмке-сөмке кітап арқалап әкетіп бара жатқан оқырмандарды көріп қуандық. Қоғамда қазір ешкім кітап оқымайды деген пессимистік көзқарас қалыптасқан. Әсіресе, балаларға қалай кітап оқытуды білмей дал болып жүрген ата-ана көп. Міне, балалар әдебиетін қолдау жылы аясында балалар жазушылары өздерінің салаға қатысты фишкаларын  бөлісіп, қордаланған мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Балалар әдебиеті жазылып қана қоймай, оның сатылымына, менеджментіне баса назар аудару керектігін түсіндірді. Әр қаламгермен өткен кездесу сәтін шеберлік сағаты десек те болады. Осының барлығы екі күннің ішінде әдемі күйге бөлеп, әсерінен арыла алмай жүрміз. Шымкенттен бастау алған рухани шара алдағы уақытта да жалғасын табатын ауқымды жоба болмақ. Қазірдің өзінде оқырмандар  сұранысы жоғары, басқа өңірлерден де ұсыныстар болуда. Қонақтар оң бағасын беруде. Кітап жәрмеңкесі қоғамға өте қажет дүние, «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйыламыз», — деп Ғабит Мүсірепов айтпақшы, ой-өрісіміздің кеңеюіне, интеллектуалды әлеуетін көтеру үшін көптеген жұмыстар  атқарылды. Көпшілік тарапынан да қолдауға ие болғанына қарап өміршең жобаға айналатынына сенеміз, — дейді.

Жәрмеңкеге республикалық «Фолиант», «Қазақ университеті», «Қазақ энциклопедисы», «Қазына» кітап үйі, «Қасым» баспа үйі, «Книжный клуб», «Отбасы хрестоматиясы», «SteppoWorld», «Қызмет», «Самға» баспасы және қалалық кітапханалар қатысты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *