Мәселе

«Президентке жазылған хат айналып ауданға қайта келіпті»

«…2015 жылы сол кездегі аудан әкімі Аманғали Аймұрзаевтың бастамасымен Шолаққорған ауыл әкімшілігінің көлеміндегі ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз ету мақсатында Көкбұлақ өзенінің суын тиімді пайдалану үшін тау етегінен үлкен су қоймасының құрылысы басталып, осы құрылыс үшін 500 миллион теңге жобасында қаржы бөлініп, 2017 жылы пайдалануға берілуі тиіс болатын. Бұл су қоймасына тапсырыс беріп және қабылдаған мекеме басшысы бүгінгі Созақ ауданының әкімі Полатов Салыхан. Бұл азамат сол кезде облыстық құрылыс басқармасын басқарды…».

Шолаққорған ауылының бір топ шаруа қожалығы төрағаларының атынан осы ауылдың тұрғыны Мырзахан Назаров Президентке жолдаған арызын осылай бастапты. Әрі қарай оны төмендегіше сабақтайды: «Қазіргі су қоймасы бірде-бір гектар жерді суармай, жарамсыз болып, мемлекеттің 500 миллиондай қаржысы құрдымға, жерге сіңіп кетіп отыр. Сол кездегі облыс басшысы бұл азаматты Созақ ауданына әкім етіп өз қателігін жабу үшін тағайындаған секілді. Бұл мәселе ақпарат құралдарында бірнеше рет жазылды және аудан әкімінің есебі кезінде сұрақ берілгенде «тағы да қаржы сұратып жатырмыз, қаржы бөлінгенде жөндейміз» деген жауап естумен келеміз. Қазіргі кезде дүние жүзі және еліміз дағдарыс жағдайында. Мұнай бағасының, басқа да экспортқа шығатын Қазақстанның тауар өнімдері бағасының арзандауы халықты ойландырып, өздеріне берілген жерді игеру арқылы мемлекетке масыл болмай, бала-шағасын асырап, тірлік жасауға үйретті. Өкінішке қарай, халықтың осындай жақсы бастамасын қолдайтын басшы болмай тұр. Салыхан Полатов ауданға басшы болып келгелі бірде-бір жаңа бастама көтерілгенін көрген жоқпыз. Ауылдарды аралап, халықпен кездеспей, кабинетінде тығылып отырады. Бәлкім, зейнеткерлікке аман-есен шығып алсам деген ойы бар шығар. Қандай ойы болса да, әкімдік қызметте қанша күн отырса да халыққа қалтқысыз қызмет етуі тиіс емес пе? Өйткені, ол Президенттің аудандағы өкілі. Сол себепті бұл әрекетімен ол Президенттің де атына кір келтіретіні сөзсіз».

Арыз иесі М.Назаров осы арызының допша домаланып, қайта аудан әкімдігіне келгеніне қапалы. «Мен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке аудан басшысы С.Полатовтың кемшілігі туралы арыз жазсам, ол арызым аудан әкімдігіне қайтып келеді. Президентке С.Полатовтың облыстық құрылыс басқармасын басқарып тұрған кездегі 500 миллион теңгеге салынған су қоймасы бүгінде жоқ екенін, қаражаттың талан-тараж болғаны жөнінде жаздым. Мына «қызықты» қараңыз, Президент әкімшілігі ол хатты облысқа, облыс ауданға жолдапты. Сонда Салыхан өзінің кемшілігін өзі тексере ме, әлде оған бағынышты мамандар әкімнен жауап ала ма? Бұл породокс емес пе? Президенттің «халық үнін еститін» мемлекет» құрудағы бастамасын төмендегілері осылайша бұрмалап отыр емес пе?», — дейді оқырманымыз ашынып.

Өкінішке қарай, бізде хаттың тағдыры көбінше осылай шешіліп жататыны жалған емес. Сонан кейін де шенеуніктер шімірікпестен, білгенін істейді. Ал халықтың жанайқайы жар басындағы жаңғырық күйінде жұтылып жатады. Бірақ, қашанға дейін?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *