Қоғам

Отырардың айы оңынан туып тұр»

Әбдіғали ЖҮНІСОВ, Отырар ауданының әкімі:

Отырар бұрын ауылшаруашылығына ғана бейімделген, дотацияға байланған аудан болатын. Қазір мұнда кен орындары ашылып, өндіріс даму үстінде. Кіші және орта кәсіпкерлік саласының да тамырына қан жүгірген. Жергілікті тұрғындар көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізіп, орталықтандырылған жылу жүйесінің қызметін пайдаланатын күн жақын. Ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы әкім Әбдіғали Жүнісовтың өзінен сұраған едік.

– Әбдіғали Айтжанұлы, кіріс бар жерде ырыс бар демекші, ауданның ырысы қалай артып келеді?

– Кірісті көбейту басты мақсаттарымыздың бірі. Бұйыртса, биылғы жылдың бюджетін 15 млрд. 522 млн. 389 мың теңгеге жеткізу жоспарланған. Соның ішінде жергілікті кірістер көзінің жылдық жоспары 1 млрд. 673 млн. 245 мың теңге. Есепті кезеңде қазынаға бұл соманың 571 млн. 795 мың теңгесін құю көзделсе, шын мәнінде кіріс 617 мың 978 мың теңгеге жетіп, жоспар 108,1 пайызға немесе 46 млн. 183 мың теңгеге артық орындалды.

– Іс тетігін кадр шешеді деген қағидаға қаншалықты мән бересіз? Жас мамандарды жұмысқа тарту мәселесі қалай шешілуде?

– Кадрдан қадыр қашса, іс кері кететіні түсінікті. Сол себепті, бұл мәселе айрықша назарымда болады. Сондай-ақ, жас мамандарды қатарымызға қосып, тәжірибе жинақтауына жәрдемдеспесек, кадр сабақтастығы жоғалады. Жастарды жұмысқа тартуда «Дипломмен ауылға» бағдарламасының тиімділігін айтып өтпеске болмайды. Осы бағдарламаның арқасында шалғай ауылдарға да жас мамандар келіп жатыр. Ауылдық жерлерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға Үкімет белгілеген айлық есептік көрсеткіштің жүз еселенген көлеміндегі көтерме жәрдемақы 14 маманға берілді. Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алу немесе баспана салу мақсатында 7 маман айлық есептік көрсеткіштің бір мың бес жүз еселенген көлемдегі сомада әлеуметтік қолдауға ие болды. Бұл жұмыс әлі де жалғасын таба бермек.

– Отырар ауданының тыныс-тіршілігін сөз еткенде ауылшаруашылық саласын айналып өте алмаймыз. Ендеше, шаруалардың жағдайы нешік?

Ауданымыздың аграрлы аймақта орналасқандығына байланысты ауыл шаруашылығы саласының дамуына ерекше назар аударылады. Жыл сайын егіс көлемін ұлғайту, жаңадан қосылған жерлерді игеру, заманауи технологияларды кеңінен енгізу жұмыстары қарқын алуда. Жыл қорытындысымен жалпы ауыл шаруашылық өнім көлемі 26,3 млрд. теңге болып отыр. Бұл бір жыл бұрынғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 4,5 млрд. теңгеге артық. Аудан бойынша ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестиция 2,8 млрд. теңгені құрап отыр. Ал, тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестициялар 202,5 млн. теңгеге орындалды. Ауданда 34 088 гектарға егіс егіліп, егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 982 гектарға ұлғайған.

Мал шаруашылығында да алға жылжу бар. Айталық, несиелендіру жолымен импорттан 1435 бас ірі қара мал сатып алу жоспарланса, ол 3360 басқа жеткізіліп, тапсырма екі есеге артығымен орындалды. Сонымен бірге 888 бас аналық түйе сатып алынды. Жалпы, аудан бойынша 55 667 бас мүйізді ірі қара, 388 413 уақ мал, 19 400 жылқы, 8505 түйе, 78 683 құс бағылуда.

– Экономикамыздың негізгі қозғаушы күшінің бірі – кәсіпкерлік саласын дамыту Мемлекет басшысының басты бақылауында. Кәсіпкерлер қаншалықты қолдауға ие болуда?

– Осы жылдың алғашқы төрт айында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субьектілер саны 4815. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны 4704. Бұл 97,3 пайызды құрайды. Өнеркәсіп өнімі көлемінің жылдық жоспары 13 млрд. теңге болса, төрт айда нақты орындалуы 4 млрд. 752 млн. теңгені көрсетті. Негізгі капиталға салынған жалпы инвестициялар көлемі төрт айдың қорытындысымен 2 млрд. 492 млн. теңгеге жетті.

Биыл ауданымызда екі ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атап айтсақ, оның бірі — қуаттылығы 50 мВт-тық «ARM WIND» ЖШС күн электр станциясы. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталды. Жоба іске қосылғанда 50 адам тұрақты, 200 адам маусымдық жұмыспен қамтылады. Екінші жоба — «Сырдария-Арыс» үстеме каналын және 368 шақырымды құрайтын көлденең дрендер жүйесін іске қосу. Жоба жүзеге асқанда «Шәуілдір» массивіндегі 13400 гектар жердің ағын су мәселесі шешімін табатын болады. Бұл жобаларға «Еуропалық даму және қайта құру банкі» қаржысы есебінен 10 млрд. теңге қаралып, жұмыс басталды.

– Аудан тұрғындары көптен күткен көгілдір отынды пайдалану мүмкіндігіне ие болып отыр екен. Осы жағымды жаңалықтың да жай-жапсарын баяндай кетсеңіз.

– Аудан тұрғындарын табиғи газбен қамту мақсатында сегіз елді мекенде газ құбырларының құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Олар: Жаңа Шілік, Ескі Шілік, Ақтөбе, Ш.Қалдаяқов, Қарақоңыр, Қоғам, Ынталы және Мыңшұқыр елді мекендері. Желтоқсан айында «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырының 1337 шақырымында №17 «Қызылжар» АГТС іске қосылып, Жаңа Шілік, Ескі Шілік, Ақтөбе тұрғындары табиғи газ жүйесіне қосылды. Аталған төрт нысан республикалық меншікке өткізіліп, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына беру жөнінде Үкіметтің қаулысы әзірленді.

Қалған бес елді мекенге көгілдір отын қосу үшін тиісті құжаттар әзірленді. Бұйыртса, биыл Ш.Қалдаяқов, Қарақоңыр, Қоғам, Ынталы, Мыңшұқыр ауылдарын газға қосу амалдары іске асырылуда. Бүгінгі таңда Шәуілдір, Темір, Талапты елді мекендерінің газ құбырларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысандар биыл пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Қарғалы, Отырар, Арыс, Шойманов, Бестораңғыл, Ақтам, Қостүйін елді мекендерін де газдандыру жұмыстарына қажетті қаржы қарастырылып, тиісті жұмыстар басталды. Бір сөзбен айтқанда, Отырардың айы оңынан туып тұр!

– Президенттің назарында тұрған жол мәселесі сіздің де бақылауыңызда болар?

– Автожолдар халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін маңызды нысан болғандықтан бақылаудан тыс қалмайды. Аудан көлеміндегі автокөлік жолдардың жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайды. Оның ішінде қанағаттанарлық жағдайдағысы 649 шақырым. Облыстық маңыздағы жолдар 363, аудандық маңыздағы жолдар 109 шақырымды құрап отыр. Қалғандары ішкі көшелер. Олардың 80-90 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмай, бақылауды күшейтудеміз. Биыл аудан бойынша 21 көшеге орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен қаржы қаралды. Оның барлығы 31 тамызға дейін аяқталуы тиіс.

– Аудан орталығында салынған жылу орталығының мүмкіндігі туралы не айтасыз?

– Осы кезге дейін аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың орталық жылу жүйелерінің қызметін пайдалануы талапқа сай болмай келді. Осы мәселені шешу мақсатында әзірленген Шәуілдір ауылындағы орталықтандырылған жылу жүйелерін қайта құру, жылу қазандығын салу және орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жұмыс жобалары толықтай жүзеге асырылды. Алдағы жылу маусымында Шәуілдір ауылындағы 24 көпқабатты тұрғын үй, 45 бюджеттік мекеме мен 25 кәсіпкерлік нысан жаңа жылу жүйесінің сапалы қызметін пайдаланатын болады.

– Абаттандыру мәселесіне қаншалықты көңіл бөліп отырсыздар?

– 2021 жылға Шәуілдір ауылындағы Жібек жолы даңғылын абаттандырудың бес кезеңі, орталық саябақтар мен ойын алаңшаларын абаттандыру, Қоғам, Аққұм, Шойманов, Көкмардан, Отырар көп функционалды ойын алаңшаларын орнату ісі атқарылуда. Сондай-ақ, Шәуілдірдегі М.Мәметова атындағы көшені абаттандыру жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес атқарылуда. Ақтөбе ауылындағы М.Әлімбеков көшесін абаттандыру үшін жұмыстар ұйымдастырылуда.

– Жүргізіліп жатқан құрылыс барысы жайлы да айтып өтсеңіз.

– Биыл бес нысанның құрылысын жүргізу және екі нысанның жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу жоспарланған. Ұлттық қордың есебінен «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында Темір ауылындағы және Шәуілдір ауылындағы Қызыл Түркістан жаңа тұрғын алабының инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің құрылысына қаржы бөлінді.

Жоба бойынша 500 жеке тұрғын үйге арналған жер учаскелері ауыз су жүйелерімен қамтылатын болады. Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен Шәуілдір ауылындағы екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Ұлттық қордың есебінен Балтакөл ауылындағы 200 орындық және аудандық бюджет есебінен Аққұм ауылындағы 100 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары басталды. Шәуілдір ауылындағы жаңа мөлтекауданды газбен қамтамасыз ету және аудан әкімі аппараты жаңа ғимаратының жобалау жұмыстары өндірістік кестеге сай жүргізілуде.

– Әңгімеңізге рахмет! Алдағы уақытта да Отырар ауданында ел сүйсінер оңды істер көп болсын!

Сұхбаттасқан Қ. БАСТАУ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *