Басты жаңалықтар Қоғам

«Біресек» «жөргегінде тұншықты», «Сарқыраманың» тағдыры қалай болмақ?

Ғалымдар болашақта жер бетіндегі ең үлкен проблема суға қатысты болатынын болжайды. Әрине, ол өздігінен туындамайды, оны адамдар қолдан жасайды.

Қалайша? Жаратушы иеміз әр нәрсені асқан дәлдікпен жаратқанында дау жоқ. Ал оған аз ғана өзгеріс енгізсек, тепе-теңдік бұзылады. Соңғы кездері қай елде болмасын жасанды су қоймасын салу үрдіске айналып барады. Әсіресе, су басында отырған мемлекеттер тарапынан. Иә, шаруашылық үшін қойма қажет шығар, бірақ, оларды көптеп салудың табиғатқа тигізіп жатқан зияны көзге шыққан сүйелдей көрініп тұр емес пе? Бір ғана Арал қасіретін мысалға алсақ та жеткілікті. Шағаласы шулаған, балығы тулаған Аралдың баяғы көрінісі мен қазіргі бейнесін салыстыруға келмейді. Біле білгенге Арал қасіреті – бүкіл адамзаттың қасіреті. Міне, бұл қасірет адамдардың қолымен жасалды. Байқасаңыздар, Сырдария мен Арыстың да асау толқындары бұрынғыдай жағаға ұрып ақпайды. Өзен сулары жол-жөнекей бөгеліп, ағысын тоқтатар болса, бұл табиғатқа жасалған қастандық. Оның тірі жан иесіне тигізер зияны шаш етектен. Өкінішке қарай, адамзат баласы бүгінде тек пайда табуды ғана ойлаудан әрі аса алмай келеді.

Жалпы, бізге су қоймасын көбейту қаншалықты қажет? Түсінеміз, егін шаруашылығын дамыту судың жеткілікті болуына тікелей қатысты. Дегенмен, соны дұрыс пайдалана алып жүрміз бе? Мәселен, бірнеше жылдар бұрын Созақ ауданының аумағында салынуы тиіс болған су қоймасының құрылысына қыруар қаржы жұмсалып, ол, тіпті, тиісті мекеме тарапынан қабылдап та алынған. Бірақ, онда қазір бір тамшы да су жоқ. Бірнеше жүз милилион қазынаның қаржысы құмға сіңді деп айтуға болады. Енді осындай қойманы Бәйдібек ауданының аумағынан да салу көзделіп отыр екен. Ол да Созақтағы «жөргегінде тұншыққан» «Біресек» су қоймасының кебін кимесіне кім кепіл?!

Бәйдібек ауданында салынғалы жатқан су қоймасы жайында осы ауданның тұрғыны Бақытжан Жұмаділлә деген азамат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп жазыпты: «Бәйдібек ауданында қазіргі таңда екі су қоймасы бар. «Қапшағай» су қоймасының тоғаны байланғалы бері ешқандай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмей келеді? Қайыр басып тазалық болмаса да Қазата, Таңатар, Шаян, Жамбыл, Шыбыт елді мекендердегі тұрғындар осы су қоймасының суын пайдаланып келеді. Осыдан 4-5 жыл бұрын Жамбыл ауылы тұсынан тағы бір су қоймасының тоғаны буылды, бірақ бұл нысанның игілігін кімдер көріп отырғанын білмедім? Енді келіп «Сарқырама» су қоймасы салынады деген сөз шығуда. Бұл қойма кімдер үшін пайдалы болмақ? Бәлкім, биліктегілерді қызықтырып отырғаны — қойма құрылысына бөлінетін қазынаның қыруар қаржысы болар? Әрине, халық игілігіне жұмыс істейтін болса, салынғаны да дұрыс шығар? Дегенмен, көптеген елді мекендерде мектептің күрделі жөндеуіне, емхана құрылысына қаржы тапшы болып тұрғанда, аурудың алдын алу үшін ауыл жастары шұғылданатын талапқа сай спорт кешендері салынбай жатқанда бұл су қоймасы қаншалықты керек екенін түсіне алмай отырмын. Реті келгенде айта кеткеннің артықтығы болмас, осы спорт кешені жайын аудан мен облыс басшылығына қайта-қайта айтқанымнан қайыр болмай, ақыры Мәдениет және Спорт Министрі Ақтоты Раймқұлова ханымға тікелей жолығуымның арқасында мәселе шешімін табатын болды. Ал «Сарқырама» су қоймасына қатысты айтар болсам, оның елге тигізер пайдасы қандай? Әлде пайдасынан зияны көп пе? Мұның анық-қанығын кім дәл айтып бере алады?»

Иә, Бақытжан мырза өте орыны мәселе қозғап отыр. Ауыл мектеп пен денсаулық сақтау орындарының ғимаратына жарымай жатқанда қыруар қаражатқа су қойма салу не үшін қажет? Осы мақаланы әзірлеу барысында біз Б.Жұмаділләнің өзімен хабарласып, «Сарқырама» су қоймасы жайлы ақпараттың қайдан шыққанын сұрадық. «Жуырда ауданға облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев келіп кеткен. «Сарқырама» жайы сол кезде сөз болып, тиісті тапсырмалар берілген секілді. Енді бір-екі жыл оның құжатын дайындау, сосын құрылыс жұмыстары жүрмек екен. Осы жайттың анық-қанығын біліп, өз пікірімді білдіру үшін облыс басшыларының қабылдауына кіре алмай жүрмін. Сол себепті әлеуметтік желінің мүмкіндігін пайдаландым. Негізі бізге қазіргі керегі су қойма емес, мектеп. Пандемия кезінде аурухана жетіспей жатыр. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» демекші, бәлкім облыс басшысының бір білгені бар шығар. Дегенмен, дәл бүгінгідей қиын кезеңде су қоймасын емес, білім мен денсаулық, спорт нысандарын көбейту керек емес пе?», — дейді кейіпкеріміз.

Әрине, адамзат баласы үшін бірінші кезекте керегі – денсаулық пен білім. Бұл Ата Заңымызда да жазылған. Әрине, ауылшаруашылығын дамыту үшін су қоймасын салу қажеттілігі туындап та отырған болар. Облыс басшысы мұны сөз етпес бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кескені анық. Дегенмен, жергілікті тұрғындардың да ұсыныс-пікірлерімен санасудың артықтығы болмаса керек. Содан кейінгі мәселе – қатаң бақылау орнату. Жоғарыда айтылған Созақ ауданындағы «Біресек» су қоймасына жұмсалған қыруар қаражат пен қабылдап алынғанымен, табанында бір тамшы су жоқ қойманың қазіргі жай-күйіне кім кінәлі? Халықтың ақшасын желге ұшырып, келеңсіздікке жол берген лауазым иелеріне қандай шара қолданбақ? Шара қолданбаса не себепті? Бір олқылықтың орнын толтырмай жатып, екіншісін бастау қаншалықты қисынды? Міне, оқырманды да, бізді де мазалайтын осы сауалдар. Сіз не дейсіз, қадірменді көпшілік?

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *