Осы кезге дейін газетімізде «Махажанов Шөкеевті алдап жүр ме?» деген тақырыппен мақала жарық көрген болатын. Онда Кентау қаласындағы Ататүрік көшесінде орналасқан №43 үйдің апаттық жағдайда екендігі айтылған еді. Содан бері арада бір жарым айдай уақыт өтсе де жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Қозғалған мәселеге қатысты қалалық әкімдіктен немесе жауапты бөлімдерден жылт еткен хабар болмады.

«Үндемес ойнаудың» астарында қандай мақсат жатқанын білмейміз, бірақ, әкімдік үндемеді екен деп тұрғындар тыныш жата алмайды. Әлі де жанайқай жазылған арыздар келіп жатыр. Сондай арыздың біріне кентаулық бірнеше адам қол қойыпты. Арызға арқау болған мәселенің маңыздылығына байланысты газет бетінен орын бергенді жөн көрдік. Сонымен, арызда не айтылады?

«Бес жылдан бері біздің жанайқайымызды естір құлақ, жағдайымызды көрер көз болмай тұр, – деп басталыпты үш адам қол қойған, Әсем Еркімбекова (суретте) арыз мәтіні. – Кентау қаласының әкіміне үндеу де жолдадық, арыз да жаздық. Алайда, Дәурен Махажановтың біздің мәселемізді шешпек түгілі, бас қатырғысы да келмейтінін ұқтық.
Шынын айтсақ, 2015 жылдан бері апатты жағдайдағы үйде жанымызды шүберекке түйіп отырмыз. Дуал бел ортадан жарылып, құлаудың шақ алдында тұр. Шырт ұйқыда жатқанда үстімізге қабырға құлап кетпей ме деген үрей құшағынан арыла алмай келе жатқанымызға қанша болды. Үйіміз «бауырластар мазаратына» айналса кім жауап бермек? Әр пәтерде бала-шағаны қосқанда төрт-бес адам тұрады. Қала әкімі Д.Махажанов баспанаға мұқтаж екенімізді біле тұра «үй кезегіне тұрыңдар», – дейді. Үйді ұзақ паналау қауіпті. Сонда кезегіміз келгенше отбасымызбен бірге көше кеземіз бе, қайтеміз? Осыны әкімге түсіндіре алмай-ақ қойдық.
Ол аз болғандай, Кентау қаласы әкімінің: «Болашақта үй берген жағдайда оның ақысын қалталарыңнан толық төлейсіңдер. Әйтпесе аттарыңа аудармаймыз, меншік иесі құқығына ие бола алмайсыңдар», – деген сөзі көңілімізге кірбің ұялатты. Сонда біздің баспанамыз қайда қалады? Ата Заңымыздағы Мемлекет азаматтардың қауіпсіздігі мен жекеменшігіне кепілдік береді дегені қайда қалады? Егер осы үй шетелдік бір азаматқа тиесілі болғанда созбалаңға салмай, жаңасын салып берер еді. Ал біздің шабылып жүрісіміз мынау.
Көршілердің арасында атына өзге үй тіркелген азаматтар бар. Заң бойынша оларға пәтер берілмейді дейді. Жекенің меншігіне нұқсан келтіретін бұл қандай заң? Атында басқа үй болса, ол азамат мемлекеттен кезекпен тегін пәтер алғалы жатқан жоқ қой. Апатты жағдайдағы өз үйінің орнына келетін баспана емес пе? Бір адамның атына екі үй тіркелсе, оның 3-4, тіпті одан да көп бала-шағасы бар ғой. Олар далада қалуы керек пе? Кезекке тұру – мәселенің оңды шешімі емес. Д.Махажановқа осыны айтқымыз келеді.
2020 жылдың 17 наурыз күні техникалық зерттеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес, Кентау қаласындағы біздің көп қабатты тұрғын үй апатты деп танылды. Бұл жөнінде қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және үй инспекциясы бөлімінің басшысы қол қойып, бекіткен хабарламаны екі жарым айдан кейін бізге табыстады. Басты талабымыз — пәтеріміз апатты деп танылуына байланысты әр пәтер иесі қазір қанша бөлмеде тұрып жатқан болса, келешекте де сол бөлме санынан төмен болмайтын пәтер немесе соның қаражаты берілсін! Үй кезегіне тұру – қысыр сиырдың уызынан дәметумен бірдей емес пе? Егер біздің мәселемізді Кентау қаласының әкімі Д.Махажанов шешпесе, облыс әкімінен бастап Президентке дейін шағымданамыз. Соңына дейін күресетін боламыз».
Тұрғындар шағымына байланысты біз де өз тарапымыздан зерттеу жүргізу мақсатында тиісті мекемеге сұрау салдық. Кентау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әлібек Бабаев біздің сұрағымызға былай деп жауап берді: «Сол апаттық үй иелері кезекке тұруы керек. Кезегі келгенде пәтер алады. Оған дейін қанша жыл болса да әкімдік жанындағы Төтенше жағдай комиссиясының шешімі бойынша олар жалдаған пәтердің ақысы мемлекет есебінен төленіп отыратын болады. Пәтер иесінің атында басқа баспана тіркелген болса, оларға пәтер берілмейді. Бұл жуырда өзгертілген заң талабы».
Міне, тұрғындардың да шырылдап айтып жүргендері осы. Апатты үйден қорқып, пәтер жалдауға мәжбүр болған тұрғындар арасында «қанша уақыт тұрсаңыздар да төлейміз деген әкімдік бірнеше айдан кейін-ақ пәтер ақысын төлемей, әуре-сарсаңға салды» дегендер табылды. Сонда жергілікті әкімдік бір үйдің тұрғындарын алдап, пәтерге шығартып, кейін далада қалдырмақ па? Бұл жердегі әкімдіктің ұстанымын түсіне алмай отырмыз. Бәлкім, өздеріңіз түсіндіріп берерсіздер, Д.Махажанов бастаған кентаулық лауазым иелері?