Әлеумет

Шардарадан құнды жәдігер табылды

Осыдан біраз күн бұрын Шардара қаласынан ортағасырлық балбал тас табылғаны туралы ақпарат тараған болатын. Тас мүсін теңіз жағасындағы Құйған ауылына қарайтын Шекертөбе маңындағы «Шыңғыс» шаруа қожалығынан табылған еді. Өте құнды саналатын осынау балбал тасты шаруа қожалық иесі Шекер апа Төребекова аудандық тарихи-өлкетану музейіне тапсырып, өте бір игілікті іс жасады.

Балбал тасты музейге тапсыру шарасына аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, облыстық мәдениет басқармасына қарасты тарихи-мәдени мұраны қорғау, пайдалану және қалпына келтіру жөніндегі орталық директоры Жандос Құрбан, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Бауыржан Шомпиев төл тарихымызды танып-білуге орасан зор үлес қосатын жәдігерді халық игілігіне беріп отырған Шекер Төребековаға алғыс айтып, иығына орамал жапты.

Музей меңгерушісі Нұрлан Сымайыловтың айтуынша бұл көне жәдігер біздің заманымыздағы І-ІІІ ғасырларға тиесілі дүние екен. Баға жетпес дүние саналатын құнды жәдігер екенін атап өткен Нұрлан Қалиұлы осынау игі іске мұрындық болған облыстық мәдениет басқармасына қарасты тарихи-мәдени мұраны қорғау, пайдалану және қалпына келтіру жөніндегі орталық директоры  Жандос Құрбанға, қожалық иесі Шекер апа Төребековаға алғыс сезімін білдірген-ді.

Жуырда біз Шардараға барған сапарымызда музей меңгерушісі Нұрлан Смайыловты әңгімеге тартып, көне жәдігер туралы айтып беруін өтіндік. «Биылғы жылы ақпан айында Шекертөбе шаруа қожалығының аумағынан кездейсоқ тас мүсін табылған болатын. Жәдігерді тапқан адамдар ретінде алғашқы мәліметтер жердің иелерінен алынды. Ауданнан құрылған топ пен Түркістан облыстық мәдениет басқармасының мамандарымен бірлесіп, осы балбал тас табылған жерге бардық. Сөйлесу барысында алғашқы мәліметтерге қанықтық. Соның нәтижесінде балбал тас табылған жер Шардара ауданы аумағындағы Ақтөбе мазараты деген қорытындыға келдік. Себебі «Оңтүстік Қазақстан облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштер тізімі» атты кітапта Шардара ауданындағы көне тарихи орындар жөніндегі ең алғашқы деректер мен зерттеулердің тізімдері жарияланған. Сондағы деректерге сүйене отырып, бұл жәдігер І-ІІІ ғасырларға тиесілі Ақтөбе мазараты деп отырмыз. Алайда тас мүсіннің келбеті мен сыртқы пошымына, бет-бедерінде түркілердің мәдениеті ойып салынған. Адамның көзі мен бет пішіні бейнеленген. Яғни, адамзатта мәдениет дамыған кейінгі ғасырлар болуы мүмкін деген ойға жетелейді.

Бұл тас мүсінді тауып алған Төребековтер отбасы атақты ғалым-археолог Зейнолла Самашевпен хабарласқан. Суреттер мен видеоларын жіберудің нәтижесінде бұл тас мүсіннің алғашқы зерттеуін жүргізген Зейнолла Сабашев ағамыз болып табылады. Ол кісі алғашқы зерттеуге сай  біздің заманымыздың VІ-Х ғасырына тиесілі тас мүсін деген ғылыми қорытындыға келді. Әрине, біз үшін өте құнды жәдігерді тауып алған кісілермен келісе отырып осы жерге алып келдік. Енді музей қорына енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл енді музейдегі ең құнды жәдігер болып есептеледі. Алдағы уақытта, әлі де тереңірек зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жөнінде көпшілікпен ақпаратты бөлісетін боламыз. Міндетті түрде зерттеу нәтижелерін жариялаймыз. Қорыта айтқанда, музейіміздегі өте құнды зат ретінде бұған қатысты күрделі зерттеулер жүргізілуі мүмкін. Мұндай жәдігер Түркістан облысындағы мүзейлерде көп емес, бар болғаны сегіз ақ дана балбал тас мүсін бар. Соның бірі де, бірегейі Шардара ауданындағы музейдің қорында екеніне қуаныштымыз. Қосымша айта кететін бір жәйт, осы тас мүсін табылған жер алдағы уақытта оны тапқан апамыздың құрметіне Шекертөбе деп аталатын болады».

Әрине, бұл балбал тастың құндылығына ешкім дау тудыра алмайды. Осындай ескерткіштер мен жәдігерлер біздің қандай ұлт болғанымызды, ата-бабаларымыздың мәдениеті жұрт ойлағаннан әлдеқайда ертерек дамығанын дәлелдей түсері анық.

Ұ. БЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *