Басты жаңалықтар Мәселе

«Завуч» өзіне қол жұмсады…

 Әйтеуір аман қалды

Өткен аптада Ордабасы ауданы Бадам ауылында орналасқан А.Шерімқұлов атындағы мектептің ұстазы туралы бейнетүсірілімнің бүкіл елге тарап кеткені белгілі. Онда аталмыш мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлжан Елмұратованың бейәдеп сөздері талайдың таңдайын қаққызып, жағасын ұстатқан болатын. Кейін мұғалима ол сөздердің балаларын қорғау үшін айтқанын, өзіне қарсы белгілі топ өкілдерінің жұмыс істеп жатқанын айтып, көпшіліктен кешірім сұрады. Оны оқырмандардың бірі «кешірмейтін біз кімбіз, кешірімшіл бола білейік» десе, екіншелері одан сайын ғайбаттап, қаралады. Бірақ «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген қағидамен тәрбие көріп өскен көпшілік оның өкінгеніне сенгендей болды.

Жұртшылыққа сенім ұялатқан, әрі өкіндірген тағы бір жәйт, Ұ.Елмұратованың мұндай ұят тірлік жасап қойып, көпшілікке қалай қараймын деп өкінгені сондай, сенбі күні түнде өзіне өзі қол салуға дейін барды. Оның бұл әрекеті расында қателігін түсініп, бармақ тістегенін білдірсе керек. Дегенмен, «завучтың» бұл әрекеті құптарлық емес еді.

Сонымен оқиға қалай өрбіді, соған тоқталайық. 19 маусым күні түнгі 23:15 шамасында адвокат Гүлжазира Мыңбаева өз қорғауындағы Ұ.Елмұратованың асылып қалғанын журналистерге хабаралап, Темірландағы орталық ауруханаға шақырды. Бірақ төрт баласының бақытына орай бір тәуліктен аса комада жатқан Ұ.Елмұратова дүйсенбі күні жансақтау бөлімінен, палатаға ауыстырылған. Дәрігерлер оның өміріне төнген қауіптің сейілгенін айтты. Осылайша бірнеше күн бойы әлемжелінің негізгі тақырыбына айналған бадамдық ұстаз көптің сөзін көтере алмай өз өзіне қол жұмсады. Әбүйір болғанда, аман қалды. Дей тұрғанмен, педагогикалық жат қылығы үшін өзі келісім бермегеніне қарамастан оның еңбек демалысы бітісімен жұмыстан шығарылатыны белгілі болды.

Бірақ мәселе мұнымен шектелмейтін тәрізді. Аталмыш білім ордасының директорына қатысты дау-дамай енді өрши түседі ме деген болжам бар. Олай деп отырғанымыз, Ордабасы ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің бұйрығымен А.Шерімқұлов атындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлжан Елмұратованың әлеуметтік желідегі бейнежазбасы мен оған жазылған пікірлеріне байланысты зерделеу жұмыстары жүргізілген. Оқырманға түсінікті болу үшін, зерделеудің қорытындысынан үзінді келтірсек. Онда: «Ұ.Елмұратова 27.08.2009-09.01.2019 жылдар аралығында Төлеби ауданындағы «Бағлан» мен Шымент қаласындағы «Батон» балабақшаларында әдіскер, кейін меңгеруші болып қызмет атқарған. Өткен жылы наурызда А.Шерімқұлов атындағы мектепке өз өтінішімен шаруашылық меңгерушісі болып жұмысқа қабылданады. Сонымен бірге негізгі қызметіне қоса дене тәрбиесі 0,5 ставка үйірме берілген. Қарашадан бастап өз келісімімен директордың тәрбие жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстырылған. Ұ.Елмұратованың диплом бойынша мамандығы «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі», – дей келе мектеп директоры Өмірзақ Ақбөпе тарапынан жіберілген бірнеше кемшіліктерді тізбектейді. Нақты айтар болсақ, ол кемшіліктер төмендегідей.

  1. Ұ.Елмұратованың мамандығы Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі болса да бұйрыққа өз мамандығы бойынша деп дене тәрбиесінен 0,5 ставка үйірмені негізгі қызметіне қоса берген. Ұ.Елмұратованы 10.11.2020 ж. директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстыру кезінде Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі «Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» № 338 бұйрығының талаптарын бұзған. Аталған бұйрықта директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қойылатын біліктілік талабында оқытушылық қызметті жүзеге асыру кезінде – қосымша «педагог-сарапшы» не «педагог-зерттеуші» немесе «педагог-мастер» санатының болуы қажет. Ал, Ұ.Елмұратовада мүлдем біліктілік санаты болмаған. Бұл жерде де мектеп директоры Ө.Ақбөпе тарапынан Ұ.Елмұратоваға артықшылық көрсетілген.
  2. Ұ.Елмұратованы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына ауыстыру кезінде өтініші жазылмаған және қосымша еңбек шарты жасалынбаған. Яғни, «Еңбек кодексінің» талаптары өрескел бұзылған. Сонымен қатар, Ұ.Елмұратоваға қатысты қабылданған бұйрықтармен оны таныстырмаған.
  3. Осы зерделеуден кейін қызметкерлердің еңбек шарттарын тіркеу журналына түзетулер енгізген.

Мектеп директоры Ө.Ақбөпе Ұ.Елмұратоваға қатысты шешімдер қабылдау кезінде Заң талаптарын өрескел бұзған. Сонымен бірге Ө.Ақбөпенің сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдеріне жол бергендігі байқалады». Адами әлеуетті дамыту бөлімінің мамандары М.Молдабаев пен А.Каюпов қол қойып, Ө.Ақбөпе танысқан құжатта осылай деп көрсетіледі.

Зерделеу жұмыстарының қорытындысымен облыстық Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментімен Ордабасы ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің бірлескен алқалы кеңесте мектеп директоры Ө.Ақбөпенің қызметтік мәселесі қаралды. Нәтижесінде Ө.Ақбөпенің бұған дейін де заң бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жазалары бар болғаны анықталып, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің башысы жанындағы кіші кеңестің шешіміне сәйкес, А.Шерімқұлов атындағы мектептің директоры лауазымынан босатылған. Дегенмен кейбіреулер айтып жүргендей, ол кісі мұғалімдік қызметінен босатылмаған. Алдағы уақытта педагогикалық қызметпен айналысады, яғни өз мамандығы бойынша қызметін жалғастырады. Сонымен қатар алдағы оқу жылында мектеп директорының орынбасары лауазымы ұсынылады екен.

Өмірзақ Жақсыбайұлы мұндай ұсыныспен келісе ме, келіспей ме ол жағы белгісіз. Әлеуметтік желідегі пікіріне қарағанда, қызметіне қайтып келу үшін әрекет жасайтын екілді. Әрине, зейнет жасы жақындаған азаматтың қызметтен бұлай кетуі өкінішті жәйт. Бірақ, заң жалпыға ортақ екеніне ешкім талас тудыра алмайды. Жұмыс барысында кемшілік жіберген әрбір басшы жасының келгеніне, сөзінің немесе өзінің әдемі болғанына қарамастан жауап беруі тиіс. Мұндай жағдайда жұмыстан кету кейбіреулер үшін жеңіл жаза болуы да мүмкін. Директор мен оның орынбасарының алдағы тағдыры қалай өрілерін уақыт көрсетер. Әрбір оқырман ата-ана болғандықтан, мектепте тәрбиелі, білімді, көркем мінезді мұғалімдердің жұмыс істегенін қалайтыны түсінікті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *