Әлеумет Басты жаңалықтар Мәселе

Білім алу тегін бе, қымбат па?

Жаңа оқу жылына дайындық үшін қанша қаражат қажет?

Жаңа оқу жылының басталып, алғашқы қоңыраудың соғылуына да санаулы күндер қалды. Енді бір 20 күннен кейін оқушылар өздері білім алатын алтын ұяларымен қауышады. Сол балаларды мектепке қалай дайындаймыз, оладың кітабы, оқу құралдары мен киім-кешегіне қанша қаржы қажет?

Біз бір баланың жаңа оқу жылына дайындығы үшін қанша қаржы жұмсалатынын есептеп көруге тырыстық. Ал, кейбір отбасыларда мектеп жасында төрт-бес бала бар екенін ескерсек, оларға кететін шығын төбе шашыңызды тік тұрғызуы мүмкін.

Оқушыға бірінші керегі — оқу құралдары. Біз Шымкенттегі Қапал батыр көшесінің бойында орналасқан «Фиркан» сауда маркетінде мектепке қажетті құралдарды алып жүрген бір келіншекті әңгімеге тарттық. Өзін Фатима деп таныстырған ол былай деді: «Қазір алып алмасам, мына заттар күн сайын қымбаттап барады. Мұндағы баға ең арзан деген базарға қарағанда төмендеу екен. 5-қыркүйекке дейін 30-40 пайыздық жеңілдіктермен сатылып жатыр. 3-сыныптағы қызыма бәрі керек. Біреуі қалып қоймасын деп керек заттардың тізімін алып шықтым. Сөмкеден бастап дәптер, кітап қаптағыш, қалың дәптер, ручка, акварель бояу, қалам салатын панель, сурет салатын альбом, қара және түсті қалам, қатты, ақ картон мен түсті қағаз, фломастер, өшіргіш, қалам ұштағыш, желім, щетка, гуаш, сызғыш, қайшы, пластелин, қағаздар салатын файл алуым керек. Жетпей қалған кітаптары тағы бар. Қазақ тілі мен математика оқулықтары жетпейді екен, оны да аламыз.

Кеше киіндірдік. Жеңі бар және жеңі жоқ екі кофта, юбка, красовка, шұлық, гольфи, аяқ киім, жемпір, жилетка алдым. Барлығының арзандарын таңдап алғанның өзіне 55 мың теңге ақша жұмсадым. Үйде екі оқушы. 100 мың теңгеден артық ақша қажет деп есептеп едік, қателеспеппіз. Оған дейін жалақы аламыз деп әлі қыстық киімдерін қосып отырғанымыз жоқ. Егер мектеп формасы керек десе тағы шашыламыз. Былтырғы киімдер жарамайды, жарағандарын қосымша кие береді ғой».

Иә, бір оқушының қажеттілігіне жұмсалатын шығынның көлемі кем дегенде 55 мың теңгені құрап отыр. Демек, төрт-бес оқушысы бар отбасылар үшін мектепке дайындық үшін 220-270 мың теңге ақшасы болуы керек. Айтпақшы, біз сөйлескен Фатима қаладағы тоқыма фабрикаларының бірінде 75 мың теңге жалақыға жұмыс істейтінін айтқан болатын. Яғни, оның бір айлық жалақысы ештеңе ішіп-жемей жалғыз баланы ғана киіндіруге жетеді екен. Үйіндегі екі баланы ол бір жалақысымен киіндіре алмайды. Сонда Фатима секілді қарапайым жұмысшылар не істеуі керек? Ауылдарда сол 75 мың теңгеге де зар болып, балалардың жәрдемақысына қарап отырғандардың көп екенін ескерсек, жағдайдың тіпті қиын екеніне көз жеткізуге болады.

Ал базардағы сатушыларға бәрібір. Оқушыға қажет болғандықтан алуға мәжбүр болатынын біледі де ойларына келген бағаны қойып отыра береді. Ал қыркүйек айы жақындаған сайын баға бұрынғысынан бетер көтеріледі. Бағаны бақылап, ауыздықтап отыратын құзырлы мекеменің бар-жоғы білінбейді. Саны бар болғанымен сапасы болмай тұр. Тұтынушы құқы тапталып жатыр. Қалай болғанда да әр маусымда қарапайым жұртшылықтың қалтасын қағатын саудагерлердің айы оңынан туып тұрғаны анық.

Әрбір ата-ана перзентінің назары пәс болғанын қаламайды. Өсіріп отырған ұл-қыздарының көршінің балаларынан кем киініп, сыныптастарына қызыға қарағаны қай ата-анаға ұнайды дейсіз. Сондықтан біреуден қарыз алса да, несие алса да, қорасындағы жалғыз сиырын сатса да балаларының қажетін өтеуге тырысады.

Бұл жыл сайын 1-қыркүйек жақындағанда әрбір отбасыда қайталанатын жағдай. Әрине, қалталы азаматтар қинала қоймас, бірақ елде олардан әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар әлдеқайда көп қой. Ата Заңымызда қазақстандық әрбір азаматтың білім алуы тегін екені көрсетілгенімен, шын мәнінде ол тегін емес, қымбат болып тұр емес пе?!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *