Қоғам Мәселе

Ауған босқындарын қабылдауымыз қажет пе?

 Ауғанстандағы жағдай күн өткен сайын күрделеніп, шиеленісіп барады. Тәліптер билікті басып алды. Президент халқын тастап, бас сауғалап қашты. Ал содырлар енді 20 жыл биліктің жағында болғандарды ғана емес, солармен мүдделестерді де аяусыз жазалауы мүмкін. Шариғат заңын өз түсініктерінше енгізіп, әйелдердің құқын шектейтіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан елден қашушылар қатары қалың. Бірақ олар қайда барады?

Әрине, қашқан адам көршіні паналайды. Ал, Қазақстан жақын көршілердің бірі есептеледі. Жуырда Қазақстан ауған босқындарының бір бөлігін қабылдайды деген ақпарат тарады, бірақ іле-шала билік ол ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. Дей тұрғанмен әлеуметтік желіде Шымкентте «ауғанстандықтарға арналған уақытша тұрақ» дайындалып жатқаны жайлы сөз тарап кетті.

Әлемжелідегі мәліметке сүйенер болсақ, Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы өнер колледжінің жатақханасында босқындарға орын дайындалғанға ұқсайды. Аты-жөнін атамауды сұраған жатақхана қызметкері «Ауғанстаннан келетін адамдарға арнап 305 орын дайындау туралы тапсырмадан кейін кешеден бері 100 орын дайындалды», – депті. Мұндай дайындық жұмыстары Тоғыс тұрғын алабындағы бір мектептің ескі ғимаратында да жүріп жатқаны айтылады.

Апта басында президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында мемлекет басшысы Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдамағанын жазды. Әрине, Президент әзірге шешім қабылдаған жоқ. Бірақ ертелі-кеш ондай шешімнің қабылдануы әбден мүмкін. Себебі Қазақстан әлемдік қауымдастық алдында босқындарға көметкесу туралы өз мойнына алған міндеттемесі бар екен. Бұл туралы саясаттанушы Қазбек Бейсебаев былай дейді: «Біз әлем қауымдастығы алдында Ауғанстанға көмек көрсетеміз деген міндетті алып алдық. Енді өз сөзімізге өзіміз жауап беретін кез келді. Ауған әскерилері Өзбекстанға жетіп алды. Олардың артынан босқындар келеді. Алдымен Орталық Азиядағы көрші елдерге келіп, одан бері өтеді. Егер босқындар біздің территорияға жетсе (бұл әбден мүмкін), халықаралық келісімге сай оларды орналастыруға тура келеді». Егер Қазақстанның 1998 жылы босқындар жөніндегі Женева конвенциясына қосылғанын еске алар болсақ, біз көмекке мұқтаж жандардан бас тарта алмаймыз. Ал бұл өз кезегенде халықаралық келісімге сай босқындарды қабылдауға тура келітінді білдіреді.

Рас, бұған дейін Қазақстан ауған халқына көмектесті. Мектеп, аурухана салып, жол жөндеп берді. Азық-түлік жеткізіп, өзімізді Ауғанстанға шын жаны ашитын ел ретінде көрсеттік. Жастарды оқыту үшін 50 миллион доллар бөлгені тағы бар. Елге ауған жастарын шақырып, университеттерде тегін оқытты. Енді халықтың басына ауыр күн туғанда қалай теріс айналмақ? Тіпті ол жақтан келетін босқындарды атамағанның өзінде ауған мәдени орталығының жетекшісі Васток Ахмадулла Қазақстанда қалғысы келетін студенттердің көптігін айтыпты. Әрине, олар соңғы жағдайға байланысты оқ пен оттың ортасында қалған елдеріне оралғысы жоқ. Қазақстанда қалып, жұмыс істегісі келетіні түсінікті. Бірақ бұл бізге қаншалықты пайдасын немесе зиянын тигізеді? Мәселе осында. Америка тарабы уақытша өтініш білдірген жағдайдың өзінде жеті рет өлшеп, бір рет кесуге тура келеді. Қалай болғанда да елдің қауіпсіздігіне қауіп төндірмеудің жолын қарастыру керек. Ел билігін қолына алған тәліптер ертеңгі күні кешегі билікке қызмет еткендерді өздеріне қайтаруды талап етуі әбден мүмкін. Ондай жағдайда не болады? Осы жайттың барлығы жіті саралануы қажет.

Босқындарды қабылдауды еліміздегі ауған мәдени орталығының жетекшісі Васток Ахмадулланың өзі жөн көрмейді. «Қазақстан ауған босқындарын қабылдамауы керек. Себебі сөз мың адам емес, миллиондаған адам жайлы болып тұр. Егер құтқару керек болса барлығын құтқару керек, бес-он мың адамды қабылдаудың мәні жоқ. Бұған қоса, кімдер келетіні белгісіз. Босқындардың арасында тәліптермен байланысы бар, радикальды исламистер де болуы мүмкін. Бұл Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді», — дейді В.Ахмадулла.

Ауған босқындарына қатысты белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаевтың да айтқандары құлаққа қонымды: «Егер АҚШ әрбір ауғанды жіті тексермесе, елге, аймаққа қауіп төндірмейтінін дәлелдемесе, АҚШ-қа нақты әкететін уақытын көрсетпесе біз бұл өтініштен бас тартуымыз керек. Тәліптер уақытша келгендердің ішінен кейбірін экстрадициялауды талап етуі мүмкін. Сол кезде олардың елде қалуы ұзаққа созылып кетуі ғажап емес. Осындай жағдай туындағанда не істеу керегін қазірден нақтылап алу керек», — дейді саясаттанушы. Дұрыс айтылған сөз. Асығыс шешім қабылдауға болмайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *