Басты жаңалықтар Қоғам

«Күн суытса тоңып қалуымыз мүмкін»

          деп алаңдайды кентаулық тұрғындар

Биылғы жылдың наурыз айында күн кенеттен суытып, тосын мінез көрсетті. Сол кезде жоғары кернеулі электр бағандары құлап, Кентауда жылу орталығы жұмысын тоқтатқан болатын. Салдарынан үйлердің құбырлары жарылып, тұрғындар біршама әбіржіген-ді. 

Сол уақытта газетімізде «Кентау тағы да тоңа бастады», – деген тақырыппен мақала жарияладық. Онда Кентау қалалық жылу орталығының басшысы Сәбит Дауылбаевтың және Кентау қаласы әкімінің орынбасары Арман Басаровтың тұрғындарға арнап зақымдалған дүниелердің жөнделіп, жылу орталығының жұмысы қалыпты жағдайға түскенін айтқан мәлімдемелерін бергенбіз. Тұрғындар кентаулық шенділердің сөзіне сенді. Алайда, қос шенеуніктің сол кездегі айтқан сөздері шындыққа жанаспайтынын тұрғындардан кейіннен есітіп жатармыз. Абырой болғанда сол жолы күн жылып кетіп, тұрғындардың жылуға деген сұранысы болмады. Егер күн жылымағанда не болар еді?

Осы жағдайға байланысты бізге Кентау қаласы Нахымов көшесінің тұрғындары шағымдарын айтты.  «Өткен жылы қыста электр бағандары құлап, жылу орталығы жұмысын тоқтатты. Сол кезде көшедегі құбырлар қатып, жарылды. Ол жақтан адам жалдап, бұл жақтан жұмысшы алдырып, әйтеуір жөндеген болдық. Мен өзім үйімнің барлық құбырын ауыстыруға мәжбүр болдым. Мына құбырлардың пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Өткен жылы ауыстыру керек еді. Енді бұларды қанша жерден жамағанмен әр жерден ақау шыға береді. Құбырлар суық өткізбейтін материалмен қапталуы керек. Ол да жасалмады. Көктемде бастаған істерін аяқтамай кетіп қалды. Енді қашан істейді?

Көше тұрғындарының барлығы әкімдік пен жылу орталығы басшылығының сөздеріне сеніп қалған. Шыны керек, жылу орталығының жұмысы жүйеленбесе, тұрғындар өздіктерінше қысқа қосымша дайындық жұмыстарын жасаған жоқ. Ешқайсысында қосымша жылу қондырғысы немесе құралы жоқ. Күн күрт суыта қалса жағдайымыз не болады? Қала әкімі Дәурен Махажановты бұл мәселе толғандырмайтын сияқты. Бір жағдай бола қалса, әкім қызметтен кете салады. Ал біз – жергілікті тұрғындар не істейміз? Бәріміз жаппай көшуіміз керек пе?

Айтар базынамыз мұнымен таусылмайды. Көшемізде кәріз жүйесі де жоқ. Бұл жайында қаншама рет арыз жазылды. 2016 жылы бүкіл қалаға кәріз жүйесі жүргізілгенде, «сіздерге де қосылады» деген хат берген. Бірақ, ол орындалмады. Көшемізге асфальт төсейтін кезде «бірінші су жүретін латок салыңдар» деп талап қойдық. Ол талабымыз да жар басындағы жаңғырық күйін кешті. Айлаларын асырғаны сол болса керек, түн ішінде асфальт төсеп, шаруаларын бітіріп кетіпті. Асығыс жасалған тірліктің сапасы сын көтереді ме, жыл өтпей жатып жолымыздың тастары үгітіліп жатыр. Оның үстіне жолдың ені тым қысқарып кеткен. Оны да айтқанымда, «үш жылда қайта өзгереді» деп алдап кетті. Қазір жаңбыр жауып, қар ерігенде жол жиегінде арықтың жоқтығынан көшені су басып кетеді. Жүре алмай қаламыз. Жиналған судың салдарынан үйдің қабырғаларына да зақым келуде.

Әкімді көктемде бір көрдік. Апатты жағдай орын алып, адамдар тоңып, жалаң аяқ, жалаң бас жүгіріп жүргенде шырт киініп келіпті. Үйлерді аралап, үлкен кісілердің жағдайын да сұраған жоқ. Көшенің басында біраз тұрды да қайтып кетті. Өз басым әкім Дәурен Махажановпен бір-ақ рет кездестім, жұмысына көңілім толмайды. Әкім деген жақсы ісімен көзге көрініп, халықтың мұң-мұқтажын шешуге жан-тәнімен кірісуі керек қой», — дейді Нахымов көшесінің тұрғыны, зейнеткер Төрехан Сералиев.

Осы көшенің тағы бір тұрғыны Рәзия Мұхамедова да көкейіндегісін жасырып қала алмады. «Су жиналады деп үйлердің жанынан бір шұңқыр қазып қойған. Ол толып кетеді. Толған суды сорғызып алып жатқан мекеме жоқ. Тұрған су саситыны белгілі. Маса да қаптайды. Жазда масадан көшеде отыра алмай қалдық. Негізі көшеден кәріз желісін тартуға мүмкіндік бар. Соны пайдалану керек қой», — дейді ол да ашынып.

Жалпы алғанда, Кентауда қордаланған мәселе аз емес. Тұрғындар кездесе қалған адамға зарын айтады. Зарына әкімдік құлақ түрмегесін, бізге айтпағанда кімге айтады? Бұл облыс орталығына ең жақын, стратегиялық маңызды қаланың басшылығы үшін ұпай жинайтын емес, керісінше абыройдан айыратын ахуал болса керек. Бірақ, дәл мұндай жағдайдың ұзаққа созылмайтыны анық. Қанша дегенмен, «халық қаласа, хан түйесін сояды» емес па?!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *