Әлеумет

Табыс көзін тапқан диқандар

Дихандықпен айналысатын шаруалар үшін ең бір түйткілі көп мәселе – ағын су екені талассыз. Суға деген мұқтаждықты жеңілдету мақсатында облыста көптеген тәжірибелер енгізілуде. Әсіресе, тамшылатып суғару әдісінің көп көмегі тиюде. Бұл тәжірибе Ордабасы ауданында да кеңінен енгізілуде.

Аудан әкімі Бағлан Батыршаев шаруалардың шаруашылығымен танысу барысында жуырда Бадам ауылдық округіндегі «Ұмсын» отбасылық жылыжай кешенінде болды. Тындырымды тірліктің куәсі болған аудан басшысы «Бір жерден жылына 2-3 өнім алуды көздеген шаруа ауласындағы аядай ғана 7 сотық жерге 2 мың түп қияр көшетін еккен. Ерте көктемде 8 тонна өнім алып, бір келісін 350-500 теңгеден базарға шығарып, саудалапты», — дейді ризалығын білдіріп.

Қияр көшеттерінің тамырына суды, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық заттарды есептеп, жеткізіп отырған шаруақор тұрғын әне-міне дегенше екінші өнім алуға дайын екендігін айтады. Тамшылатып суарудың израилдік тәсілін тіпті, 1,5 гектардағы қарбыз алқабына да пайдаланыпты. Келер жылы егіс көлемін ұлғайтамын деп отыр екен диқан. Демек, табыс жаман емес деген сөз. Иә, қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды деген сөз бекер айтылмаған ғой.

Ордабасылық мамандар ұсынған мәліметке сүйенер болсақ, аудан аумағында биыл тамшылатып суару әдісі арқылы 663 гектарға бау-бақша өнімдері егіліп, 7 айдағы көрсеткіш 94 пайызды құраған.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *