Әлеумет Қоғам

Ақтастың ақкөңіл адамдары-ай!

Бәйдібек ауданының қазіргі Борлысай ауылдық округі бұрын «Ақтас» кеңшары аталып, көпбалалы аналарымен аты шықан аймақ. Қаймағы бұзылмаған қазақы салтқа берік өңір туралы ел аузында аңызға бергісіз талай жақсы әңгімелер айтылады.

Салт-дәстүрімізді мықтап ұстанған ардақты аналардың бойынан ата дәсүрімізге деген адалдық жойылмаған. Тұла бойы тұңғыштарын туылғаннан-ақ  «шал-кемпірдің баласы» дегізіп, өз атымен атамай, қайнысындай әлі күнге дейін  «Мырзаға» деп айтады. Баланы ата-әженің бауырына салып, басыбайлы үлкендердің баласы етіп өсірген бұррынғының салтына берік отбасылар қазір бар ма екен?

— Балаларға «тәйт» десек, үлкендердің пәлесіне қалатынбыз. Бірде шайқатық еткелі отырған жалғыз табақ сүтті қызым төгіп қойды. Ол кезде дастарқан қазіргідей ағыл-тегіл, мол емес еді. Ашуым келіп, «тегі» деп иығынан түртіңкіреп қалғанымда шай құйған кесені аузына апара берген атам сол замат жақ ашпастан орнынан қарғып тұрып, сыртқа шығып кетті. Түк түсінбей аңтарылып қалған маған апам: «Жүгермек, сенің қызың екен ғой сонда?» деп ұрыспасы бар ма? Сөйтсем кішкентайынан бауырында өскен қызды менің нұқып жібергеніме қапа болыпты. Немерелерін баласынан артық көріп өсірді,  — дейді ақтастық Мейрамгүл апа.

Ал, ат тергеуге келгенде мүдірмейтін ауыл жеңгелері туралы айтылар  әңгіме де бөлек. Жеңге мен қайнылардың жарасымды әзілінің бірін бізге Төреқыз Қабылбекова апа айтып берген еді.

— «Ақтаста» Дәнекүл деген апамыз болды, ерім Қуаныштың жеңгесі болып келетін. Өзара қалжыңдары жарасқан ауыл адамдарының әр күні шат, қызыққа толы болатын. Ақкөңіл, пейілі мен мейірі аңқыған жандар қазір  келмеске кетті ғой. Сол апамыздың Қуаныштан өзге Жуас және Алсай деген  қос қайнысы болыпты. Бір күні ол үйдегі атамыз қой соймақ болып, інілерін  асарға шақырады. Түлікті жайратып салып, қолдары мен пышағын жуған  атамыздың соңынан әлгі інілері де құманға ұмсыныпты. Ал, Қуаныш кідіріңкіреп қалса керек, ойында дәнеңе жоқ әлгі апамыз «Келсей, Қуаныш, сен де жуа салсай!» деген көрінеді. Жеңгесінің бұл аңғалдығына қыран-топан  күлкіге қарық болған қайнылары «үшеуміздің атымызды бірден қосып атай салғаның қай сасқаның?» деп әжуалап, айыбын жуғызып, дастарқан жайғызған  екен,  — дейді.

Ауыл адамдарының әңгімесіне құлақ түрсек, Ақтаста мықтылығы мың кісіге татитын  кісілердің кереметтігі де тәнті етеді. Қошқаратада тұрған  Бағысбай деген кісі ағашты түбімен қопарып, иығына жалғыз өзі салып, көтеріп кете беретін дәу қара, алып күштің иесі болған деседі. Батырдың осылайша Боралдай тауы етегінен жаяу арқалап тасып, үй салғанына ауылдықтар куә. Оның жетінші атасы Нұржау жаугершілік заманда көрші елдерден үйір-үйір жылқы барымталап айдап әкеледі екен. Сөйтіп, жануардың үстіне қайнатылған ыстық суды құйғызады. Сонда тері жүндері жиддіп түсіп, жаңадан өсіп шыққан  түктен олардың түсі адам танымастай өзгереді. Қолды болған малды иелері даулап келгенмен, ендігі жерде түр-түсі басқа үйірге таласа алмайды. Ал Нұржау батыр бұл жылқыларды аш-арық отырған елге үлестіріп береді. Бастар  деген кісінің де қасқырдың терісін тірідей сыпыратын мықтылығы ел аузында аңыздай айтылады. Ол қарсы кездескен бөрінің көзіне тура қарағанда жанарының өткірлігі шыдатпаған жыртқыш төмен қарай тайсақтайды екен. Осы кезді мүлт жібермей, оңтайлы пайдаланатын аңшы қасқырдың аузына ағаш керіп, ауыздықтайды. Дала бөрісін осылайша құрықтап, пышаққа іліктіретін көрінеді.

Осындай мықтылары бар ауылдың келіндері де қалпақпен ұрып ала алмайтындай күшті болған деседі. Үрәйлаш есімді апаны жолдасы жасында Ақбастаудан ат үстіне өңгеріп ала қашқан екен. Желден жүйрік асау жылқылар  бой бермей, ырыққа көнбегеннен бірге келе жатқан жеңгелері жол үстінде жығылады. Сонда атты мықтап тізгіндеп, жалына жармасқан ол сол қалпында жүйткіп кетіп бара жатқанда бәрі таңқалыпты. Бұл атқа отырысының мықтылығынан болса керек. Үрәйлаш апа кейін кеңес дәуірінде трактор тізгіндеп, механизатор болып жұмыс істеген. Мінекей, осындай тектілер мекенінің өсіп-өніп, көркейген ауылға айналуы да заңдылық сияқты.

Бұдан біраз жыл бұрын «Ақтасқа» «Тамаша» театрының әртісі Құдайберген Сұлтанбаев гастрольдік сапармен келеді. Клубтарда концерт қойған танымал әртісті ауылдықтар қол-аяғын жерге тигізбей, қой сойып, қонақ етеді. Қонақжай елдің даладай дарқан пейіліне разы болып аттанған әртіс ауылдың топырағына аунап өсіп келе жатқан қарадомалақтардың көптігінен Ақтастың алтынқұрсақ аймақ екендігін таниды. Сөйтіп, Алматы сахнасында өткен «Тамашаның» кезекті қойылымында «Алғабас» ауданындағы «Ақтас» совхозында 100 Батыр ана тұрады» деп жақсы хабарды жалпақ жұртқа жария етіп жібереді.

Бірақ, облыс, аудан емес, аядай ғана ауылда осыншама батыр ана болуы мүмкін емес деп көпшілік бұған сенбейді. Ал, ауылдық кеңеске осындай дүдәмал оймен тексеру тобы келеді. Басшылар көпбалалы аналардың тізімі жазылған құжаттарды комиссияның алдына жайып салады. Сонда құжат бойынша ресми тіркелген батыр аналар, тіпті, айтылған саннан да көп — барлығы 106 болып шығады! Ақтастың аты осылайша «Тамаша» арқылы республикаға да тараған екен.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *