Әлеумет Қоғам

«Шымкенттің шоқтығы биік болуы үшін аудандағы жұмыстар ақсамауы тиіс»

Рашид МЫҢБАЕВ: Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданының әкімі:

Әл-Фараби ауданы — Шымкент қаласы құрамындағы әкімшілік-территориялық бөлініс бірлігіне қарасты төрт ауданның бірі. Шаһар халқы ең тығыз орналасқан тарихи орталық аудан саналатын аймақта қаланың маңызды білім, әкімшілік, тарихи, мәдени және ойын-сауық орталықтары орналасқан.Үшінші қаланың күн санап көркейіп, экономикалық әл-ауқатының артуына аталмыш ауданның да қосар үлесі мол. Осы орайда, аудан әкімі Рашид Мыңбаевпен сұхбаттасып, атқарылып жатқан жұмыстар  жайында әңгімелескен болатынбыз.

— Рашид Мамытұлы, аудан тізгінін қолға алғаныңызға көп болған жоқ. Әйтсе де, бүгінгі уақыт талабы жайбасарлыққа жол бермейтінін ұғынып, келе сала іске білек сыбана кірістіңіз. Әуелі ауданда тұрғындарға қолайлы орта құру мәселесі бойынша инфрақұрылым саласында атқарған жұмыстармен бөліссеңіз?

— Байқасаңыздар, қала мегаполис мәртебесін алғалы шаһарда қызу құрылыс қарқын алған. Яғни, еліміздегі үшінші қала мәртебесіне сай болу және тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында Шымкентте едәуір жұмыстар атқарылуда. Бұл игі іс Әл-Фараби ауданын да шет айналып өткен жоқ. Тіпті, қала орталығы саналғандықтан, еңбек майданы қызған десек те болады.

Бүгінде ауданды мекен ететін жалпы тұрғындар саны 219 952 адамды, ал жер аумағы 14 830 гектарды құрайды. Аудан орталық аумақ болғандықтан мәдени, әкімшілік және білім саласындағы жоғары оқу орындарының негізі осында орналасқан. Сондай ақ, 14 саябақ, 16 гүлзар, 10 субұрқақ бар екендігін айтып өткім келеді.          Аудан қаламыздың орталығы болғандықтан, тұрғындардың ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамтылу көрсеткіші 99,7 пайызды құрап отыр. Алайда 192-орам, 276-орам, «Ақтас-2» сынды шалғайда орналасқан елдімекендер де бар. Бүгінде аталған аумақтарда инфрақұрылым мәселесі ретімен шешімін тауып келеді. Мәселен, 195-орам және «Ақтас-2» шағын ауданында жалпы 5,2 шақырым жолға шағал тас төсеу қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, 195-орамда 5 көше, «Ақтас-2» шағын ауданында 4 көше жөнделуде. Сондай-ақ, 195-орамда газ құбырларын тарту жұмыстары аяқталу үстінде. Ал ауыз су және жарықтандыру мәселелері толық шешімін тапқан. Мұнда 200-ге жуық үй бар. Ауыз су мәселесіне келсек, «Ақтас-2» және 276-орамда су құбырларын тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоспарға сәйкес «Ақтас-2» шағын ауданындағы ауыз су құрылысы 2021 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Ал осы жылдың маусым айында басталған 276-шы орамдағы ауыз су құрылысы келесі жылға өтпелі. «Текесу» тұрғын алабы бүгінгі күні электр жарығымен және табиғи газбен толық қамтылған. 2020 жылы «Текесу» тұрғын алабындағы су құбыры желісінің ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда жеке тұрғын үйлерге есептеуіш құралдарын орнату бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.       

— Ал, жол және жарықтандыру мәселелері қалай шешімін табуда?   

— Аудан аумағында 404 көше бар. Биыл 7 көшеге жол жөндеу жұмыстары жоспарланған болатын. Жоба аясында «Сәуле» шағынауданда 2 көше жөнделсе, орталық аумақтағы 3 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, «Түркістан» көшесінен А-2 жолына дейін, Д.Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары және Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшелеріндегі қиылысқа айналма жол салу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде аудан аумағындағы топырақ жолдарды болдырмау мақсатында Бадам шағынауданындағы 195 орам, Сәуле шағынауданындағы 275 орам, Ақтас елді мекеніндегі топырақ жолға 5,2 шақырым шағал тас төселуде. Жоғарыда атап өткенімдей, барлығы 404 көшенің 103-і толық жарықпен қамтылса, 301 көше жарықтандыруды қажет етеді. Биылдың өзінде Шымкент қалалық энергетика басқармасы тарапынан ауданда маңызды деген, яғни мектептер мен бала-бақшаларға апаратын 22 көшені жарықтандыру жоспарланып отыр.

— Аудан әкімі ретінде көшелердің тазалығы мен аулалардың абаттануына жіті көңіл бөліп, әрдайым тұрғындар ортасынан табылып жүргеніңізді жиі байқаймыз. Бұл бағытта қандай жұмыстар қолға алынды?

— Ауданда жалпы 672 көпқабатты тұрғын үй орналасып, олар барлығы 400 аулаға біріктірілген. 2016-2020 жылдар аралығында 233 көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында абаттандыру және балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары жүргізілген. Ал, қазіргі таңда 291 аула заманауи ойын алаңшасымен қамтылған. Биыл барлығы 27 аулада балалар алаңшасын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Оның 14-і «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында қолға алынса, қалғандарына мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Маусым айындағы бюджеттік нақтылауда 13 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру үшін қаржы қаралды.

         Атап өтетін  жайт, жергілікті билік тарапынан, демеушілер есебінен аулаларды абаттандыруға айтарлықтай қаржы, күш жұмсалуда. Қазіргі аулалар бұрынғы көпқабатты үйлердің ауласымен салыстыруға келмейтін дәрежеге дейін жеткен. Алайда, өкінішке қарай, тұрғындардың қоқыс тастау мәдениеті, жаңарған ауланы әдейі бұзып кету, қалдықтарды тастау әдеті тыйылмауда. Алдағы уақытта бұған арнайы заң талаптары қабылданып, тәртіп орнату жөнінде бірлескен жұмыстар қолға алынбақ. Ал, үгіт-насихат жұмыстарынан әзірше нәтиже шығып жатпағанын мойындауымыз керек.

         Аудан аумағында тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған 192 контейнер алаңшалары және онда 749 қоқыс контейнерлері бар. Контейнердегі қоқыстарды тазалайтын 3 мекеме жұмыс істейді. «Шымкент Спец Комплекс» ЖШС-і, «Эко Спец Транс» ЖШС-і және жеке секторларда «Арнаулыавтокөлік» ЖШС-і тарапынан кестеге сәйкес, тәулігіне 1 рет, халық тығыз шоғырланған орталық аумақтарда 2 реттен қоқыстар тазартылуда. Қоқыстардың уақтылы алынуы тұрақты бақылауда. Қазір ауданда тозығы жеткен контейнерлерді санау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта жауапты мекеме тарапынан ескі контейнерлер жаңартылады.

— Аулаларды абаттандыру жұмысынан спорт алаңшалары да шет қалмаса  керек. Бүгінде аудан тұрғындары ашық спорт алаңшаларымен қаншалықты қамтамасыз етілген?

         — Еліміз тәуелсіздік алғалы спорт саласында айтулы жетістіктер орын алды. Мемлекет тек спорт саласында олимпиадалық көрсеткіштерге ғана емес, шын мәнінде салауатты ұрпақ өсіріп, бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөліп келеді. Бұл туралы жыл сайынғы Елбасы Жолдауларында да айтылып, нақты тапсырмалар беріліп,  нәтижесінде ірі мегаполистер мен үлкен қалаларда ғана емес, шағын ауылдардың өзінде де спорт алаңшалары бой көтерген. Біздің болашақ Қажымұқандарымыз осындай қамқорлықты сезініп, өз-өздерін шыңдау арқылы әлі де ел ішінен шығады деген  ойдамыз.

Енді сұрағыңызға нақты жауап берер болсам, аудан аумағында барлығы 33 спорт алаңшасы орнатылған. 2020 жылы 18 спорт алаңшасында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудан тұрғындарының қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында қосымша ашық спорт алаңшаларын орналастыруға мүмкіншілігі бар 25 жер телімі анықталып, оларға мемлекеттік актісін алу жұмыстары жүргізіліп, биыл маусым айындағы бюджеттік нақтылауда қолдау тапты. Осы жылы демеушілер есебінен 7 көпқабатты тұрғын үй аулаларында жаңадан ашық спорт алаңшаларын орнату жұмыстарын жүргізу жоспарланып, 4 ашық спорт алаңшасы орнатылып, тұрғындардың пайдалануына берілді. Биыл ауданда жалпы 32 спорт алаңшасы соғылатын болады. Бұл біз үшін қуантарлық жайт!

— Қала әкімі М. Әйтенов көпқабатты үйлерде мүлік иелерінің бірлестігін  құру туралы айтып, жақында осыған байланысты арнайы жиында нақты міндеттер жүктеді. Шаһар басшысының бұл бағыттағы тапсырмасы қалай орындалуда?

— Ауданымызда жалпы саны 672 көп қабатты тұрғын үй орналасқан. Оның ішінен 598 үй, яғни сексен тоғыз пайызы Шымкент қалалық әділет басқармасында кондоминиум нысаны ретінде тіркелген. Қалған 74 үйдің ішінде коммуналдық үй саны үшеу. Бүгінгі таңда қалған 71 көп қабатты тұрғын үйлерді кондоминиум нысаны ретінде тіркеу жұмыстары ұйымдастырылып, келісім хаттамалары жиналуда.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауының 143 тармағына сәйкес, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына мүлік иелерінің білестіктерін немесе жай серіктестікті енгізу жөніндегі реформасына сәйкес, көп қабатты тұрғын үйлерде мүлік иелерінің бірлестігі мен жай серіктестік құру бойынша жол картасы және медиа жоспары бекітіліп, жоспарға сәйкес тұрақты жұмыстар жүргізіліп, күнделікті бақылауға алынған. Бүгінгі таңға дейін аудан әкімшілігінің ұйымдастыруымен көп қабатты үйлерде басқарудың жаңа нысанына көшу бойынша тұрғындармен 281 жиналыс ұйымдастырылды. Нәтижесінде, 51 көпқабатты тұрғын үйде мүлік иелерінің бірлестігі құрылып, қалалық әділет департаментінде тіркелді. Сондай-ақ, 130 тұрғын үйде жай серіктестік құрылды.

Ал, 35 көпқабатты тұрғын үйде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы, бүгінде дамудың даңғыл жолына бет алған Шымкенттің құрамдас бөлігі болып табылатын ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстарды бір ғана сұхбат аясында тізбелеп шығу мүмкін емес. Әлеуметтік-экономикалық бағытта ғана емес, мәдениет, білім, денсаулық саласында да көш түзеліп, еңсе тіктеліп келеді. «Шымкент — сәулетті қала. Тарихқа тұнып тұр. Астана, Алматыдан кейінгі Қазақстанның үшінші қаласы — Шымкент дегенді мен бұрын да айтқанмын. Халқының саны бір миллионға жетерлік қаланың көркі бүгінгісінен де көркем болады!», — деген Елбасының сөзі осылайша аз уақытта шындыққа айналып отыр. Бү­гінгі Шымкент – мемлекетіміздің өнді­рістік қарқындылығын арттыруға айрықша үлес қосатындықтан, экономикалық даму саласында маңыз­ды рөл атқарып отырғаны сөзсіз. Сондықтан, «Әрекет етудегі мақсатқа адам ең алдымен өзін – өзі жетілдіру, сонан кейін бір үйде немесе бір қалада тұратын басқаларды жетілдіру арқылы жетеді» деп, ойшыл ғұлама Әл-Фараби бабамыз айтып кеткендей, қаланың өсіп-өркендеуіне бірлесіп атсалысайық дегім келеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *