Әлеумет Қоғам

Жүрек қамқоршылары…

Шымкент қаласының еліміздегі үшінші мегаполис атанғанына да үшінші жылдан асты. Өзінің даму кезеңіне батыл бет бұрған шаһардың әлеуметтік-экономикалық, рухани тынысы тәуелсіздік жылдарында ашылды десе болады. Қоғам өмірінің әлеуметтік маңызды бөлігі болып табылатын денсаулық саласында да жетістіктер айтарлықтай мол. Егемендік алған жылдары нарықтық экономиканың салқыны тиген медицина саласы бүгінде толағай табыстарға кенелген. Толығымен реформалау кезеңін бастан өткеріп, қаржыландыру, білікті кадрлар даярлау, дәрігерлерді қайта оқыту, азаматтардың денасулығын  жақсарту, ақпаратты техникамен жабдықтау, дәрі-дәрмекпен қамту сияқты оң өзгерістер жетерлік. Бір ғана мысал, денсаулық сақтау саласындағы бюджет  1991 жылы небәрі 50,8 миллион теңге болса, арада отыз жыл өткенде 79,1 миллиард теңгеге көбейіпті. Ал, дәрігерлер саны екі есеге артқан.

Тәуелсіздік жылдарынан кейін науқастардың сауығып кетуіне жаңаша бағытта, жүйелі ізденіспен көмек көрсетіп келе жатқан орталықтың бірі «Шымкент жүрек орталық» АҚ. «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында орталықтың жаңа корпусы жергілікті бюджет есебінен  бой көтерген. Орталықта жоғары технология көмегімен отаның сәтті өтуіне ықпал ететін тәжірибелер қолданысқа енген. Нәтижесінде былтыр алғаш рет жүрекке жабық түрде жасалған ота сәтті өтті! Шымкенттік кардиохирургтар жүрегінде ақауы бар науқастың қақпақшасын хирургиялық жолмен ауыстырып  берді. Пышақсыз отаны жасауға Нұр-Сұлтан қаласынан Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығынан да білікті мамандар көмекке келді.

Бүгінде орталықтағы кардиохирургия бөлімінде отаға дейін және отадан кейінгі науқастарды емдеудегі негізгі принциптер жолға қойылған. Аталмыш бөлім «Шымкент жүрек орталық» АҚ ауруханасында 2009 жылы ашылған. Бөлімде жылына 400-ден аса ашық жүрек оталары жасалады. Кардиохирургия бөлімінде білікті мамандар қызмет атқаруда. Соңғы жылдары тәжірибеге енгізілген шетелдік әдістерді қолдана отырып, жүректің анатомиялық құрылымын сақтап тұратын клапандарына пластикалық оталар жасалуда. Бұл жергілікті ақ халаттылардың біліктілік деңгейінің дамып келе жатқандығын аңғартады.

«Бөлімде коронарлық патологиясы бар науқастар, жүре пайда болған  ақаулар және туа біткен жүрек ақаулары бар ересек науқастар  емделеді. Біз әрдайым кардиология және кардиохирургия саласының озық дамуына назар аударып, үлес қосып келеміз. Әрбір қолданылатын тәжірибе аурумен тиімді күресіп қана қоймай, емдеу процедурасын пациентке мүмкіндігінше ыңғайлы ететін сенімді, жоғары дәлдікте болуына күш жұмсаймыз. Бұл функция әсіресе егде жастағы адамдар үшін өте маңызды. Олар өздерінің жасына байланысты әрдайым ескірген медициналық жабдықты қолдана отырып, бірқатар  процедуралардан өте алмайды. Біздің орталық кез-келген пациенттің жасына және жынысына қарамастан шынымен де сапалы медициналық көмек ала алуы үшін барлық мүмкіндікті жасайды. Медицина қызметкерлері әртүрлі бағыт бойынша клиникалық зерттеулер  жүргізеді:  жұмыс процесінің  технологиясын  жаңарту,  хирургия мен  дәрі-дәрмек терапиясының тиімділік көрсеткіштерін  талдау,  медициналық  көмек пен  науқастардың әлеуметтік әл-ауқатын  арттыру әдістеріне жіті көңіл бөледі.

Кардиохирургия бөлімі емделушілерге операцияға дейінгі кезеңнен бастап, операциядан кейінгі уақытқа дейін әртүрлі қызметтер көрсетеді.  Емдеудің барлық кезеңдерінде пациент бөлімнің медициналық персоналы мен  басшылығы және операция жасаған хирургтың бақылауында болады. Отадан кейін науқастарды жансақтау бөлімінен кардиохирургия бөліміндегі палаталарға ауыстырамыз. Ауысқан науқастың жағдайын бақылау үшін кислород қою, сатурациясын қадағалау, мониторлық бақылау, артериялық қан қысымы, пульс, тыныс жиілігі назардан тыс қалмайды. Дренаждық түтікшемен  келген науқасты бақылау, дренаж ішіндегі сұйықтыққа (қан) белгі қою, сұйықтықтың мөлшерден көп бөлінбеуін, егер көп бөлінсе сынама алып,  ондағы гемоглобин мөлшерін бақылауда ұстаймыз. Науқасты тұрғызып жүргізу,  жара таңу бөлмесінде дренаждық түтікшені алып тастау, өкпе рентгенін жасау сияқты емдік шаралардың барлығы мейірбикелердің көмегімен жүзеге асады. Ота жасалған жанның арқасымен жату, АҚҚ, пульс, дене қызуы қалыпты бақылауда болады. Науқасқа ЭКГ түсіріп, жүрек ішінде тұрған электроды  алынып, УЗИ-ге түсіріп, өкпедегі сұйықтықтарды, жүректің дұрыс жұмыс жасауы мен қалпы тексеріледі. Осы бақылаулар дұрыс болса, науқас үйіне шығуға дайын.

Ота жасалған жан үшін ең басты көрсеткіш жүрек соғысы мен тыныс алу жиілігі болып табылады. Дұрыс таңдалған тамақ рационы тез сауығуға көмектеседі. Тамақтану жиі, бірақ аз мөлшерде, шамамен бір қабылдауға 100-150 граммнан аспауы тиіс. Ол оңай сіңетін болуы керек. Гигиена ережелерін  сақтау, науқастың зәр шығаруын қамтамасыз етудегі барлық іс-шаралар орталық мамандары тарапынан атқарылуы тиіс. Миокард инфарктін алған  науқастар үшін оңалту кезеңі қаншалықты маңызды болса, сауықтыру үшін жоғары білікті медициналық қызметкерлер де соншалықты маңызды. Яғни, инфаркттен кейінгі сауықтыру шараларын жүргізудегі мейіргердің рөлі де айтарлықтай. Физикалық жүктемелер науқастың жағдайын жақсарту үшін ғана емес, сонымен қатар психологиялық үлкен маңызға ие. Осыған орай орталықта науқастарды күту үшін мейірбикелік іс-әрекеттер бағдарламасы құрылып,  нәтижесінде 100 науқаста жақсару белгісі байқалған. Бұл көрсеткіш зерттелмеген науқастармен салыстырғанда зерттеуге алынған 100 науқастың сауығуы 21 пайыз тез қалпына келгенін көрсетті», — дейді «Шымкент жүрек орталық» АҚ кардиология бөлімінің меңгерушісі Мөлдір Көпбаева.

Қан айналым жүйесі аурулары инфекциялық емес сырқаттармен қатар, кең таралуы, әлеуметтік және экономикалық шығындардың артуына байланысты қоғамда маңызды медициналық әлеуметтік мәселеге айналып отыр екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, қан айналым жүйесі ауруларынан жыл сайын әлемде 17 миллионға жуық адам қайтыс болады екен. Ол әлемдегі барлық өлім-жітімнің 29 пайызын құрайды. Оның ішінде жүректің ишемиялық аурулары асқынуларынан өлім көрсеткіші 7,2 миллионға жуық. Науқастар санының жылдан-жылға көбейіп келе жатқандығын орталықтағы статистикалық деректер де айғақтайды. Былтыр  549 адамға ота жасалса, биыл 670 өтініш түскен. Әсіресе, елу жастан  асқандар  арасында ауру пайызының көрсеткіші жоғары болып тұр, тіпті 30 бен 40 жас арасындағы адамдарда да ауру көрсеткіші айтарлықтай. 2019 жылғы зерттеу нәтижесі бойынша науқастардың әлеуметтік жағдайына талдау жасалынғанда ауыл тұрғындары 51 пайызды, ал қалалықтар 48 пайызды құраған. Оның ішінде бірінші рет ауруханаға түскендер 16 пайыз болса, қайта айналып түскендер 24 пайызға жеткен. Осыған байланысты бүгінгі таңда миокард инфарктіне шалдыққан науқастардың күтімін ұйымдастырудағы мейіргердің рөлін анықтау және сауықтыру шараларын оңтайландыру мақсатында мейіргерлік күтім  жасау әдістемесін әзірлеудің маңызы зор.

Елбасы Н. Назарбаев сапалы және қолжетімді медициналық қызмет, кең тараған ауруларға диагноз қою мен оны емдеу, сауықтыру шараларын кезең-кезеңімен жүзеге асыруды тапсырған болатын. Шымкент медицинасының дамуына үлес қосып келе жатқан «Шымкент жүрек орталығы» АҚ дәрігерлері де осы жолда тер төгіп, аянып қалмақ емес. Отыз жылдық белесті артқа тастаған еліміздің саулығы — ұлтымыздың байлығы!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *