Қоғам

Ордабасыда қылмыс азайып келеді

Тұрмыс дұрысталса, қылмыс құрықталады деген өмірден алынған тәмсіл бар. Иә, шынында да тұрақты жұмысы бар, әлеуметтік ахуалы бірқалыпты адамның қылмысқа баруы неғайбыл. Алайда, тәуелсіз ел болғалы отыз жыл ішінде тұрмысымыз түзеліп, жұмыссыздық деңгейі төмендегенімен, қылмыстың айтарлықтай азайғаны байқалмайды. Бәлкім, бұл ішкі істер, жалпы құқық қорғау саласындағы қызмет сапасының төмендігінен болар. Дегенмен, барлық жерде ахуал күрделі деп айта алмаймыз. Талап бар жерде сапа да көрініс береді. Мәселен, Ордабасы аудандық полиция бөлімінің басшылығына полиция полковнигі Ғалымжан Қуашбаев келгелі көрсеткіш жақсара түскенін байқауға болады.

           Өткен аптада аталмыш ауданға барған сапарымызда Ғалымжан Саттарұлынан қысқа уақытта жақсы нәтижеге жетудің құпиясын айтып беруді сұрадық. «Бүгінгі таңда Ордабасы ауданындағы қоғамдық-саяси, криминогендік жағдай тұрақты, – деп бастады әңгімесін Ғалымжан Қуашбаев. – Қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алуда бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, атқарылуда. Аудан көлемінде жалпы тіркелген қылмыстардың саны өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 16,1 пайызға төмендеді, яғни 193 қылмыстан 162 қылмысқа азайды. Атап айтқанда, бұзақылық қылмысы — 60, бөтеннің мүлкін ұрлау — 23, пәтер ұрлығы — 54, мал ұрлығы – 100 пайызға төмендеді. Өкінішке қарай, алаяқтық қылмыстары 94,1 пайызға көбейді.

           Мұның өзіндік себебі бар. Біз түсіндіру, алдын алу іс-шараларын тұрақты түрде жүргізіп тұрамыз. Ал, алаяққа алдануда адамдардың өздерінен де кінә бар. Біреуге сеніп, қолындағы заттарын немесе ақшасын беріп жібереді. Кейін оны қайтармай, уақыт өткізіп алады да біздерге кеш шағымданады. Соған қарамастан барынша жұмыс жүргізілуде. Мақтанышпен айтсақ та болады, жыл басынан бері қасақана кісі өлтіру, зорлау, тонау, қарақшылық қылмыстары орын алмаған.

           Әрине, жетістіктің оңай келмесі белгілі. Ол үшін жыл басынан бері  бірнеше реттен «Құқықтық тәртіп», «Автобус», «Жасөспірім», «Қару», «Мигрант», «Мал ұрлығы», «Қауіпсіз жол», «Қызметтік қару», «Допинг», «Тұрмыс», «Стоп трафик», «Уылдырық», «Түнгі қала», «Хайтек», «Жол қауіпсіздігі», «Отбасында зорлық-зомбылық жоқ», «Заңсыз мигрант» профилактикалық іс-шараларын өткіздік. Соның нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстарды 9, көшеде жасалған қылмыстарды 67, бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыстарды 3, жасөпірімдермен жасалған қылмыстарды 71 пайызға, мас халде жасалған қылмыстарды 35, топтасып жасалған қылмыстарды 36 пайызға төмендетуге қол жеткіздік.

Бір айта кетерлігі, азаматтардың өз салғырттығынан орын алатын жол көлік оқиғалары былтырғы жылмен салыстырғанда 29-дан 31-ге көтерілген. Бірақ бұл бойынша да қажетті жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, жол көлік оқиғаларының өсуіне Республикалық және облысаралық жолдардағы апатты оқиғалардың өсуі септігін тигізіп отыр. Алайда қазіргі таңда жыл басынан бері ауданаралық жолдың ішінде Бадам және Қараспан әкімшілігімен бірге Бадам-Арыс тас жолының ішкі жолдарына жол белгілер мен кедергілерін қою жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде көлік апатын азайтуға қол жеткіздік. Жаңа оқу жылының басталуы алдында «Абайлаңыз балалар!» іс-шарасының бірінші кезеңі өткізілуде. Барлық білім беру ұйымдарының алдында «жасанды кедергілер» мен жол белгілерінің сызбаларына тексеру жүргізіліп, жаңартылуы тиіс.

           Біздің басты мақсатымыз — көрсеткіштерге емес, халыққа сапалы қызмет атқарып, қылмыс атаулыға біржолата тосқауыл қою болып отыр. Жалпы алғанда ауданда қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Полиция бөлімінің жеке құрамы алдына қойылған міндеттерді орындауға қабілетті».

           Ордабасы ауданының орналасу жағдайына байланысты да қиындықтар жоқ емес. Ауданның оңтүстік-шығыс бөлігі мегаполис Шымкентпен шектесетін болса, солтүстік-батыс бөлігі облыс орталығы – Түркістанмен жалғасып жатыр. Оның үстіне халықаралық дәліз де осы ауданның ортасын қиып өтеді. Бұл жайттың барлығы да Ордабасы ауданына шеттен адамдардың көп келуіне, қиып өтуіне септігін тигізеді. Демек, Ордабасы ауданындағы қылмыстық ахуалдың тұрақты болуы өте маңызды. Осы мүмкіндікке қол жеткізіп отырған аудандық ішкі істер басқармасының басшысы Ғалымжан Қуашбаев бастаған ұжымның жұмысына ризашылығымызды білдіргіміз келеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *