Өмірдің өзі

Мамандығы – мақтанышы

Немесе киноредактор болғың келсе…

Жас маман Малика Маратқызы киноредактор болып жұмыс істейді. Әдетте, көп адамды қызықтыратын кино әлемінде экранның арғы бетінде қаншама қыруар еңбек жататынын біле бермейміз. Көрермен көзайымына айналатын туындыны жарыққа шығару үшін бірнеше жан тер төгеді. Міне, бізге беймәлім осындай мамандықтың бірі – киноредактор.

Кино алаңында арнайы бекітілген уақыт жоқ. Күн-түн демей, қар мен жаңбырға қарамай түсірілім жасайтын кез көп. Тіпті, күнделікті 24 сағаттың 22-сі алаңда өткен күндер де болады. Сондықтан да болса керек, кез келген жан бұл кәсіптің ыстық-суығына төзе бермейді. Киноредактордың негізгі міндеті — актерларға сценарий жаттату және түсірілім барысында тексттің дұрыс айтылуын қадағалап отыру. Жаңылып, қателескен тұстарында дер кезінде көмектесу. Ол үшін ең алдымен сценарийді өзі оқып шығуы керек. Өкінішке қарай, Маликаның айтуынша, біздің елде тек толық метражды фильмдердің ғана оқиғасы алдын ала беріледі. Ал, сериал сценарийлерімен шығармашылық топ кино алаңында бір-ақ танысады. Рөлге кіру, камера алдында ашылу, сөзді ұмытпай айту, бәрі бірдей жүзеге асатын күрделі процесс. Егер бір сөз дұрыс айтылмаса, қайта түсіруге тура келеді. Сондықтан әр кадрды кірпік қақпай қадағалау басты міндеті.

Актерлармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін бірден-бір маман иесі де киноредактор. Әр түсірілімде камера сыртында отырса да Малика актермен бірдей күй кешеді. Рөлге еніп тұрып, сөзді ұмытпаса екен, бәрін дұрыс алып шықса екен деп дегбірі қашады. Әсіресе күрделі дубльдер түсіру сәтінде қатты уайымдап, дұрыс аяқталса олармен бірге қуанады. Өйткені әр кейіпкердің ішкі толқынысын, эмоциясын сезіне отырып сценарий бойынша сөйлеу оңай емес екені түсінікті. Кей актерлар керісінше сөзді судыратып жаттап алғанымен, образға ене алмай қиналады. Уақыт өте кім өз рөліне қаншалықты беріліп ойнап тұрғанын да оңай ажырата алады.

– Кейбір сценарийлер тым әдеби жазылады, бірақ кино заманауи өмірге негізделген болуы мүмкін. Кейде кейіпкердің болмысына нанымсыздау келетін фразалар қосылып кетеді. Соны кино табиғатына, бағытына, адам мінезіне сай өзгерте аламыз. Алайда бұл тек режиссер, актерлармен ақылдаса отырып іске асады. Бір қызығы, жұмыс барысында актерлар жасы мен дәрежесіне қарамастан менің шәкіртім секілді боп кетеді.Сөзді ұмытып қалған кезде ұстазынан көмек күткен оқушыдай маған жәутеңдейді. Дұрыс дегендей ишара танытсам жас балаша қуанып қалады. Кейде «өзіңіз қазақ бола тұра, неге ана тіліңізде қате айтасыз?!» деп реніш білдірсем, олар да бұртияды. Алайда менің өзіндік жұмыс жасау тактикам бар. Диалогтан қате кетіп, жаңылысқан жерінен тоқтатқым келмейді. Бұл жанын салып ойнап жатқан актерға ауыр тиеді. Бір жағынан құрметім десем де болады. Тек артынан қайта дубль жасауды сұранамын. Олардың босаған уақытын қалт жібермей, гримде, шай ішіп отырғанында жанына сценарийіммен жүгіріп жете қаламын да, барынша мінсіз айтуын қадағалаймын. Бірде түнгі сахнада өте ұзақ дубль түсірдік. Өзім бір ауысымнан шығып, келесісін жалғастырғанмын. Айтылатын диалог өте күрделі болатын. Актерға жаттау қиынға соқты. Дайындыққа да көп уақыт кетті. Әбден шаршағаным сонша отырған орнымда ұйықтап қалыппын. Оянсам режиссер қолымдағы парақты алып, менің міндетімді әрі қарай жалғастырып жатыр екен. Ыңғайсызданып тұрсам, түсірілім тобы әрі күліп, әрі еңбекқорлығыма сүйсініп, камераға түсіріп алған екен. Кейде 5-6 актерға сөзін жаттатып боламын дегенше, өзім де ұмытып қалатын кездер болған, – дейді Малика бізбен әңгімесінде.

Біз өз ісінің шеберінен болашақта киноредактор боламын деуші жастарға нені білуі керектігін сұрадық. Ол үшін қай факультетте оқу керек? Жастарға осы саланы таңдауға қандай кеңес береді? Маликаның айтуынша, ең алдымен қазақ тілі мен әдебиетін жетік білу маңызды. Филология мамандығын оқып бітірсе тіпті жақсы. Кітапты көп оқып, жан-жақтылығын көрсете алса да қиналмайды. Қанша дегенмен майталман мамандармен бірге қызмет ету үшін білім және көппен тіл табыса алу өнерін меңгерсе артық емес. Ең бастысы, еңбекқорлық пен жанкештілікті талап етеді. Шаршадым дегенді мүлде аз айтуға тура келеді.

Малика мұның барлығын өзі жастайынан сахнаға, өнерге ғашық болған соң ба, жұмыс деп емес, үлкен ықыласпен атқарады. Тағы бір айтары, бұл салада еңбек етуіне телеарна мектебінен өткені көп көмегін тигізуде. Екі жыл ішінде «Түркістан жүрегімде», «Бізбен бірге», «Тракторшы», «Жыл таңдауы», «Жап-жаңа жыл-2020», «Әл-Фараби», «Орындалмас арман», «Замандастар», «Шымкент құпиялары», «Шәмші Қалдаяқов» секілді бірнеше деректі фильмдер мен телехикаялардың түсіріліміне атсалысты. Мұның ішінде жанына жақын  туынды ұлттық арнаның тапсырысымен түсірілген 100 бөлімнен тұратын «Замандастар» телехикаясы екен. Мұнда 1995 жылдан 2012 жылға дейінгі уақыт суреттеліп, оқиға желісі бойынша 11-сынып оқып жүрген балалар өсе келе түрлі қиыншылық пен қызықтарға тап болып жатады. Кейіннен бірнеше уақыт өткен соң тағдыр олардың балаларын жолықтырып, бір-бірімен табысады. Кеңес Одағындағы өмір мен Тәуелсіз Қазақстанның даму жолы, тарихи естеліктері қатар өрбіген киносценарий үйлесімді сюжетке құрылған.

Өз мамандығын жанындай сүйетін еңбекқор қыз бізге кино әлемінен  осылайша аз-кем сыр тарқатты. Біз де жас маманның кеңестері болашақта киноредактор боламын деген түлектердің кәдесіне жарайды деген ойдамыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *