Басты жаңалықтар Құқық Мәселе

«Інімді азаптап өлтірген»

Жанайқайын жеткізген адам тергеуге көңілі толмайтынын да жасырмайды

Біздің балалық шағымыз кеңестік кезеңде өтті. Жалған айтпаймын, ол кезде аяусыздықпен кісі өлтіру былай тұрсын, біреуді өлімші етіп сабау да сирек кездесетін. Жаға ұстасып қалған жігіттер бүгін жұдырықтасып, ертең дос болып кететін. Қазіргідей қарумен кек алу, топ болып төбелесіп, пышақ кезену деген болмайтын. Бүгінгі жастардың жүректерінің қатаюы, қатыгезденуі қауіпті құбылысқа айналды. Тіпті, полициядан да қорықпайтын болды. Салдарынан қаншама жас ажалынан бұрын қыршын кетіп, қаншасы мүгедек болып қалуда.

   Өткен апта соңында редакциямызға Сайрам ауданының тұрғыны Нұрлан Абанов (суретте) деген азамат арызданып келді. Ол кісі бірінші топ мүгедегі болып табылатын туған інісінің жалғыз ұлын әлдекімдердің аяусыз азаптап өлтіргенін, ал тергеуге көңілі толмайтынын алға тартады. «Айтайын дегенім — Түркістан облысының Сайрам ауданындағы қанды оқиға. Інімнің жалғыз ұлы Айбекті бейтаныс адамдар айуандықпен азаптап өлтірген. 17 тамыз күні түнгі сағат 23-тер шамасында үйінен шығып кеткен інімнің денесі Түлкібас ауданындағы мәйітханадан табылды. Үйге оралмаған соң өзіміз іздеу салып, Сайрам ауданының полициясына хабар бердік. Көп ұзамай мәйіттің Түлкібас ауданынан табылғаны жайында хабар келді. Дереу сонда бардық. Сот медициналық сарапшысы мен бір полиция қызметкері баланың өз қанына өзі тұншығып өлгенін ауызша айтты.

Мәйітті нақты кімнің тапқанын бізден жасырып отыр. Біреулер оны аудандық полиция бастығының орынбасары тапқан десе, екіншілері қойшы көрген дейді. Енді бірі егіншінің көзіне түскенін айтады. Осының өзі бізге көп күдік тудырып отыр. Мәйітті тапқан адамның қылмысқа қатысы болмаса несіне жасырынады. Қайта қалай тапқанын ашып айтса, тергеуге де пайдасын тигізер еді ғой. Қолымыздағы суретте қылмыскерлердің баланы қалай азаптап өлтіргені көрініп тұр. Дене жарақаттарын Түлікбас ауданының прокуратурасы қалай көрмегеніне таңқалып отырмыз. Әлде істі жылы жауып қоя салғылары келді ме екен? Не болса да бір шикіліктің бары, дәлірегі шындықтың жасырылып отырғаны байқалады. Құпия көбейіп тұр.

Қазіргі кезде адам өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалыпты. Бірақ, біз бұл істі қарауға түлкібастықтарға сенімсіздік таныттық. Прокурорларға да, мәйітхана қызметкерлеріне де, полицейлерге де істің дұрыс қаралуына деген күдік көбейгендіктен, Сайрам ауданының прокуратурасына өткізілді. Ендігі жерде бұл істі облыстық прокуратура да жіті бақылауына алса дұрыс болар еді.

  Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда жігіттер арасында көлік жуатын жерде төбелес болған. Сол жерде інімізді ұрып өлтіріп, мәйітті көлік жуатын орында су шашқышпен жуындырып, қанын тазалап, киімдерін қайта кигізген. Сөйтіп автокөлікке салып, Түлкібас ауданындағы егістіктің ортасына, Алматы-Шымкент тас жолының бойынан 800 метрдей алысқа апарып тастаған.

Бұл тірлікті, яғни өлген баланы жуындырып, киіндіруге жабылып ұрған екеудің ақылы жетпейді. Оған құзырлы органда жұмыс істейтін біреулер «ақыл қосқан» болуы мүмкін деген күдігіміз бар. Себебі сол көлік жуу орны бір танымал адамға тиесілі деп естідім. Әйтпесе карантин кезінде ол неге түнгі сағат екіге дейін жұмыс істеп тұрады? Мен бұл мәселе бойынша Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы, генарал Қайрат Дәлбековтың қабылдауында болып, күдігімнің бәрін айттым.

Көлік иесінің жазып берген түсініктемесінде өз көлігін ақ түсті «ВАЗ 21014» деп көрсеткен. Бірақ, Түлкібас ауданының айып тұрағына «ВАЗ 21015» көлігі қойылған. Сонда иесі өз көлігінің маркасын білмейтін болғаны ма деген сұрақ туындайды. Ол қылмыстық оқиғаға ешқандай қатысы жоғын, түнде көлігін сұрап келген адамға «машина сыртта тұр, кілті ішінде», – деп айтқанын алға тартады. Бұл «ертекке» кім сенеді? Мен көлікті жүргізген адамды табуды талап етіп отырмын. Сонымен қатар, мәйітті жуып, алысқа жасыруға кеңес берген адам да тасада қалмауы тиіс. Бізге көлік жуатын жердегі бейне бақылауды көрсетер емес. Әр жерін қиып тастаған», — дейді шағым иесі.

Расында түсініксіз жайттар, бұлыңғыр оқиғалар көп. Денесінен сау тамтығы қалмай, азаптап өлтірілген адамды өз қанына тұншықты деп қылмыстық істі жылы жауып қоя салу кімге тиімді болды екен? Мәйітті тапқан адамның құпия болуы да көп күмән тудыратыны шындық. Әрине, тергеу амалдары жүріп жатқан уақытта олардың ісіне араласып, кедергі келтіргіміз келмейді. Дегенмен, осы айтылған жайттар назардан тыс қалмаса екен деген сұранысымыз бар. Ал егер, мұның барлығына көз жұма қарап, ешқандай назарға алынбаса, онда құзырлы органдардың іс-әрекетіне халық ешқашан да сенбейтін болады. Осылайша полицияға деген сенімсіздік артқан үстіне арта бермек. Ал қандықол қарақшылар қылмысын одан әрі жалғастырып, адам қанын судай ағызуды «кәсіпке» айналдырғандар қатары артатынын түсіну қиын емес.

Қазір ештеңеге таңқалмайтын болдық қой. Мұрын қанатқандарды мұңға батырып, абайсызда адам қаққандарды абақтыға тығып, ал қасақана, айуандықпен кісі қанын төккендер еркіндікте сайрандап, қылмыстық іс-әрекеттерін жалғастыра беретін болып барады. Барлығымыздың да отбасымыздың, өсіріп отырған ұл-қыздарымыздың, бауырларымыздың бар екенін ескерсек, әлгі бостандықтағы қандықол қылмыскерлер кез-келген уақытта қауіп тудырары талассыз. Мұндай қоғамда өмір сүру қаншалықты қауіпті екенін ұғыну да қиын емес. Сол себепті еліміздегі әрбір орын алған адам өлімі, өзге де аса ауыр, ауыр қылмыстар міндетті түрде Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтың жеке бақылауында болуы тиіс деп ойлаймыз. Сол кезде ғана қылмыстың жасырылуына жол берілмей, қылмыскерлер лайықты жазасын алатын болады. Ауыр қылмыстар осыдан кейін ғана құрықталады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *