Uncategorized

Бахадыр Айтай, ОҚМПУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты: «Олардың бар кінәсі — ауқатты бай болғаны еді»…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 20- қарашада қол қойған қаулыға сәйкес, «саяси қуғын-сүргін және заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын толық аяқтауды» тапсырғаны белгілі. Құжатқа сәйкес Шымкент қаласы әкімдігі жанынан боздақтарды толық ақтау жөніндегі комиссияның жұмысшы тобы құрылып, тарихтың ақтаңдақ парақтарын  зерттеуге кірісіп те кетті. Біз осыған  орай комиссия мүшесі, Шымкент қаласы және Сайрам ауданы өңірлік жұмыс тобының жетекшісі, ОҚМПУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бахадыр Айтаймен сұхбаттасқан  болатынбыз. Алдағы уақытта да аталмыш жұмыс тобының алаш арыстарына қатысты тарихи-танымдық деректерін назардан тыс қалдырмай, түрлі сұхбаттар  мен мақалаларды назарларыңызға ұсынып отырмақпыз.

              — Бахадыр аға, сіздің жетекшілігіңіздегі жұмыс тобының мүшелері большевиктік-сталиндік режимнің шаруаларға қарсы күшейтілген ұжымдастыру, сатып алу және басқа да саяси науқандарының құрбандарын зерттеу, қорытынды және ұсыныстар дайындау жөніндегі зерттеулерді қолға алған екен. Айтыңызшы, Сайрам ауданында шаруаларды күштеп ұжымдастыру науқанын жүзеге асыруды зерттеу барасында қандай деректерге тап болдыңыздар?

—Сайрам ауданындағы ауылдарда ұжымдастыру науқанының қалай жүзеге асқаны туралы архив материалдарымен таныса отырып жергілікті байларды, ишан, имамдардың мүлкін тәркілеу және олардың көздерін құрту саясаты сол кездегі тоталитарлық жүйенің мақсаты болғанына көз жеткізіп отырмыз. Аудан 1928 жылы 17 қаңтарда Манкент-Сайрам ауданы болып құрылып, құрамына Шымкент уезінің Манкент, Сайрам, Украин болыстарының аумақ бөліктері енген, ал 1930 жылы желтоқсанда Сайрам ауданы болып қайта аталған. Аудан құрамына Базарқақпа, Манкент, Ярғалық, Қарабұлақ, Сұлтанрабат, Қарамұрт, Шымкент-қақпа ауылдық кеңестері кірді.

     Cайрам аудандық прокуратурасының  өндірістік бақылаудағы істер деп аталатын №168 қордағы 1929-1932 жылдарға қатысты істердің мәтіндері негізінен төте жазудың өзбек тілінде сақталған. Себебі, сотқа тартылушылар орыс тілін білмеген, қазақ тілінің төте жазуымен жаза алмаған. Кәмпескеге ілінген бай-кулактардың тізімін аудандық прокуратураның  өндірістік бақылаудағы іс деректер арасынан таптық. Оларға қолданылған жазаны  облыстық соттың материалдары деп аталатын №217 Қор және  Сайрам ауданы сотының материалдары енген №505 Қордан іздестіруді жалғастырудамыз. Сол бай — кулактардың көпшілігі жазадан құтылу үшін шекара асқаны туралы прокуратура құжаттарында мәліметтер бар. Жалпы 64 бай-кулак, ишандар, саудагерлер мен 41 қашқан азаматтың аты-жөндері белгілі. Оларды басқа жаққа отбасымен ауа көшкен деп топшылаймыз. Себебі, бұларға қатысты сот материалдарын табу қиынға соғып отыр.

          —Қуғынға ұшырағандарды  жазалау туралы тарихи құжаттар не дейді?

          —Сайрам ауданының  Қарабұлақ, Қарамұрт, Базар Қақпа, Ярғалиқ, Манкент ауылдары мен селоларын күшеп ұжымдастырылған деп айтуға болады. Ауылдарда ұжымдастыруға қарсы шыққаны үшін әкімшілік және қылмыстық тәртіппен жазаланғандардың аты-жөндері белгілі болып отыр. Ақталғандардың, кешірімге ілінгендердің саны да анықталуда. Ақсукент ауылында саяси қуғынға ұшыраған 10 кулактың аты-жөні табылды.     

        Қуғында жүріп ұсталған бай-кулактар туралы Шымкент қаласы прокуратурасы мен Сайрам ауданы милициясы арасындағы хаттар сақталған. Онда бұрынғы бай-кулактың тұқымы ретінде  айыпталған Юнусходжаев Абдумажит, Зулқарнаев Маткерим, Низамутдинов, А.Швачко, К.Швачко, А.Швачко «Билинков», «Ярғанлик»  селосынан қашып Қарабұлақ ауылы, Ман-кент, Қарамурт селоларынан ұсталғаны айтылады. Қайта тергеуге алынған оларға 58 -8-9, 58-10 ,61-ІІІ, 111 баптар бойынша 1931 жылы 9 сәуірден бастап қозғалады. Ал, тергеу, анықтау жұмыстары 1932  жылдың 12 тамызына дейін Манкент-Сайрам ауданының прокуроры Ибрагимовтің бақылауымен  жүргізілген.

        Прокурор Ибрагимовтің Қаз АССР прокурорына жазған аса құпия хатында бұрынғы бай, панисламист Зулқарнаев Маткеримнің 58-8 бабымен айыпталып жатқанын көрсетілген. Оның аса қауіпті контрреволюциялық элемент екенін айта келе «ол мақта жиын-терімі кезінде жұртшылық арасында кеңес жүйесіне қарсы үгіт жұмыстарын жүргізіп, мақта науқанының нәтижелі аяқталуына кедергі келтірді» дейді. Республика бас прокуратурасынан Зулқарнаев Маткеримге контрреволюциялық жұмыстары үшін ең жоғары жаза — атуға ұсыныс білдіреді.

          —Ауданның тұрмыс-салтына, тағы басқа ерекшеліктеріне байланысты қандай да бір  деректер кездесті ме?

          — Дұрыс айтасыз. Қала бұрыннан отырықшылықта өмір сүретін аумақ болған соң қала аумағында күштеп отырықшылыққа көшірудің орын алған оқиғаларға қатысты архив материалдары табылмады. Жоғарыда аталған қорларда мақта егу мен оның қажырлықпен, күштеумен жүзеге асқанын,  жиым-терім науқанында орын алған қудалау істері туралы материалдар кездесуде.

     Күштеп астық дайындату бойынша жергілікті партия және құқық қорғау органдары негізгі шешімдердің тізімін 2017 жылы Шымкент қаласында жарық көрген 74 ші қордан алынған,  «Сырдария округіндегі тәркілеу науқанына қатысты құжаттар жинағына» енбей қалған Cайрам ауданына қатысты сот материалдары жаңа деректер екендігін айта кетуіміз керек. Онда, Базар Қақпа колхозы бойынша барлығы 9 байдың  аты — жөндері белгілі,  (төмендегі 1 кестеде), ал 4-і белгісіз бағытқа қашқан. Сонымен қатар, ортадан жоғары байлардың саны —6, олардың да  аты — жөндері белгілі (тізімі төмендегі 2 кестеде). Олардың 5-і белгісіз бағытта қашқан, 1-і қамалған. Қарамұрт ауылы бойынша да ортадан жоғары байлардың тізімі 7, аты — жөндері белгілі,  5-і қашқан, 1-еуі қамалған.  Тізімге  Қарамурт қышлақ кеңесі төрағасы Сарқатов қол қойып, прокурор Ташмухамедов бақылау жасаған. Қарабұлақ ауылы бойынша бай-кулактардың кәмпескеге ілінген 58 байлар мен ишандардың аты-жөні табылып отыр. Оларға салынған астық салығы 13200 пұт болған. Ярғалиқ қышлағында да орташа және жоғары бай-кулактардың саны 17, олардың аты-жөндері мен салынған салық мөлшері де белгілі. Бұл байлар мен  ишан молдалар ауылды асыраған, тыныштығы мен берекесін сақтаған қайраткерлер еді. Олардың қуғынға ұшырап, яғни күштеп колхоздастыруға ұшырауының себебі, яғни бар кінәсі — ауқатты бай болғаны еді. Тоталитарлық жүйе социалистік қоғамға жат элемент саналған байларды, діндарларды құртпайынша жаңа қоғам құру қиын деген теріс көзқарастағы принциппен таптық күресті қатаң іске асырып баққан. Уақыттан асқан  әділ төреші жоқ. Міне, «елу жылда ел жаңарып, жүз жылда қазан» болған тәуелсіздік таңында жазықсыз жаланың құрбаны болған ата-бабаларымыздың есімін  тарих қойнауынан аршып, ақтап алатын  күн де туды.  Президентіміз Қ.Тоқаевтың «заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын толық аяқтауды» тапсыруына байланысты осы кісілерді саяси ақтауға ұсынатын боламыз.

          —Әңгімеңізге рақмет!

                                                              Сұхбаттасқан —Лаура Тастанбек

Сайрам ауданында 1930 жылы 1-23 қазан аралығында астық кәмпескесінде Базар Қақпада болған  бай -кулактарға астық салынған, байлардың тізімі

Реті ФИО Бай кулак Ортадан жоғары Салынған астық (пұт) Штраф болған Төленген астық(пұт) Қалғаны (пұт) ескерту
1 Исламшайх Раимшайық ұғлы бай 50 5 есе  — 250 қашқан
2 Тұрсымет Ырсыметұлы бай 100 5 есе 500 қашқан
3 Мераз Усманшайып Шыныұлы бай 100 3 есе 300 — —
4 Ахматжан Сайдмахсумұлы ишан 100 5 есе 500 қашқан
5 Бахадырхан Надырханұлы ишан   50 5 есе 48 202 Кәмпеске болып өткен.
6 Бегмет Рсымағамбетұлы бай 100 5 есе   500 қашқан
7 Полатбайұлы Тангизбергенұлы бай 50 5 есе 15 235 үйінде болмаған
8 Хайдаршах Мусайұғлы саудагер 50 50 өзінде ешбір нәрсе табылмады.
9 Ыбрайм шайх Райымшайхұлы бай 100 100 Ауылдан басқа жерде жоқ

 Сайрам ауданы Базар Қақпада болған  бай — кулактарға салынған ортадан жоғары байлардың тізімі. 1930 жыл 15 қазан. Күз.

                (168 қор. 1 Тізбе, 3 бума,  76 іс. 46 парақ). №2 таблица

Реті ФИО Кулак бай Ортадан жоғары Салынған астық (пұт) Найчилик болған Ескер-ту
1 Мадалиұлы Кулак бай 250 ниткрат Қаш-қан
2 Мырхалық Мирхаиымұлы бай 200 ниткрат Қаш-қан
3 Сұлтантур Шалиқул жоғары 50 ниткрат Қаш-қан
4 Серғазы Алқудат жоғары 150 ниткрат Қаш-қан
5 Ршимбет Нишанбай жоғары 250 ниткрат Қамауда
6 Ашметхужа Садирхан   жоғары 50 ниткрат Қаш- қан

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *