Әлеумет Басты жаңалықтар

Көпбалалы аналар кәсіптерін бастады

Арыс қаласында мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, өз кәсібін ашқандардың қатары көбейіп келеді. Былтырдың өзінде 110 арыстық қайтарымсыз 583 400 теңге грант иегері атанған.

Қала тұрғыны, көпбалалы ана Гүлнәз Есеналиева былтыр қалалық жұмыспен қамту орталығына құжат тапсырып, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқу оқып, тігінші куәлігін алған. Одан соң қайтарымсыз қаржы иегері атанып, кәсібін бастап кеткен. Бүгінде сауда орталығынан арнайы орын жалға алған ісмер ана мемлекет берген қаржыға заманауи тігін машинасы мен көпфункционалды үтік түрлерін, жалпы тігіншіге қажет жабдықтарды сатып алған. Көбіне әскери форма мен сырт киімдер, медициналық халаттар тігумен айналысатын көпбалы ана осы кәсібі арқылы тұмысын түзеп келеді.

Осындай бағдарламамен 200 айлық есептік көрсеткіш қаржыға ие болған тағы бір көпбалалы ана Назира Алдабергенова. Көптен өз ісін ашуды жоспарлап жүрген алтын құрсақты ана үшін бұл бағдарлама үлкен мүмкіндік берген. Бала кезінен тігін тігуге қызыққан ол бүгінде өз ісінің шебері. 583 400 теңгеге өзі қалаған тігін машинасы мен құрал жабдықтарын сатып алған кәсіпкердің аз уақыт ішінде тұрақты тұтынушылар қатары толыққан.

Бүгінде ол оқушыларға арналған мерекелік киімдер мен медициналық формаға, сондай-ақ оюлы құрақ көрпелерге тапсырыс қабылдайды. Бұдан бөлек, шәкірт тәрбиелеуді де бастап кеткен тігінші болашақта өз үйірмемді ашып, көпке пайдамды тигізсем дейді.

Айта кетейік, мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде 200 АЕК мөлшерінде берілген. Бұл бағдарлама 2021 жылы аяқталғандықтан, 2022 жылы кәсіп бастаушылар үшін «Кәсіпкерлерді дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» бекітіліп отыр. Енді бұл бағдарлама қатысушылары грант иегері атанған жағдайда оларға 1 225 200 теңге мөлшерінде қаржы беріледі.

Дәурен Жүніс,

Арыс қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *