Басты жаңалықтар

70 литрлік бакке — 87 литр бензин…

Әлеуметтік желіден бір видео көрдім. Жанар-жағармай стансасынан көлігіне бензин құйғызған жігіт пен оператордың арасында болған дау мені біраз ойға жетеледі.

Жалпы, бізде таңқалатын нәрсе қалмады ғой. Небір «ғажайыптар» болып жатады. Бұл жолы да сондай болыпты. Станса операторы сыйымдылығы 70 литрлік бакке 87 литр бензин «құйып», айды аспанға бір-ақ шығарған. Көлік иесі ондай болуы мүмкін емесін айтса, «АЗС» қызметкері: «Мен ештеңе білмеймін, білсем, айтар едім…» — деп одан қызмет ақысын толық төлеуді талап етуде. Айқай-шудың соңында оператор тарапынан «енді амал жоқ, бензиннің ақысын екеуміз бөліп төлей салайық» дегендей ишара көрсетілген сияқты. Қысқасы, бұл даудың соңы оператордың жұмыстан қуылуымен аяқталған көрінеді. Ал станса басшылығы болған жайды «бензин колонкасының жұмысында ақау орын алған, қателік кетті» деген тұрғыда түсіндіріпті. Сонымен мәселеге нүкте қойылған сияқты.

Осыған қарап отырып «кім біледі, техника ғой, ақау болса, болған да шығар» деп те ойлайсың. Бірақ мәселе басқада болуы да әбден мүмкін ғой. Бензинді болса да жыл сайын қымбаттатады, енді оның құнын Ресейдің бағасымен теңестіргісі келіп жүр. Оған енді әлгіндей техникалық ақау, оператордың қателіктері қосылып жатса, тұтынушының қалтасы тағы да қағыла түспей ме? Осындай анықталған жайларды техникаға, құқы төмен жұмысшылардың «мойнына іліп», жылы жауып кете беруге бола ма?

Егер ақау орын алғаны рас болса, техника жөнделер, кінәлі болып қуылған адам басқа бір «заправкадан» жұмыс тауып та алар. Ал егер бұл «ақаудың» артында бір құйтырқы тәсіл тұрған болса, ол осы уақытқа дейін үздіксіз жұмыс істеп келген болса ше?

Мысалы, тағы бір видеода тұтынушы бензинді дұрыс құймаған оператормен айтысып, шыр-пыры шығып жүр. Ол 500 теңге төлеп, 5 литрлік «баклашкаға» бензин құйғызған екен. Бірақ «бензоколонка» бензинді толық есептегенімен ыдысқа жарты литр да жанар май құйылмаған. Бензиннің құйылмағанын көрсетіп шырылдаған көлік иесіне оператор жеңістік берер емес: «Мұны істеген мен емес қой!» — дейді. Яғни ол да кінәні аппаратқа, дәлірегі бензин құятын колонкаға жауып тұрған сияқты. Еш қысылып-қымтырылғаны білінбейді. «Мен білмеймін. Қайда барсаң, онда бар!» — дейтін сияқты. Егер әркім осылай қитұрқылықтарды қорықпай істей берсе не болады? Ешкім өз ісіне жауап бермейтін болса, көлік жүргізушілері әділдікті қайдан табады?

Тағы бірде тетрапакеттегі сусынның ішінен құрт секілді жиіркенішті бірдеңе шыққаны туралы бір видео көрген едік. Оған байланысты кінәлі адамды табу оңай емес шығар, ал мынадай бадырайып тұрған құқық бұзуды дәлелдеу тым қиын болмас еді ғой. Өйткені оны зиян шеккен адамның өзі көзге шұқығандай етіп көрсетіп тұр емес пе?

Осыдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде әлдекімдердің есек сауып жатқаны түсірілген видеоның таралғаны да есте. Біреулер оны Алматы жақта, енді бірі Жамбыл облысында екен деді, бірақ қайда болса да соның да нақты мекені анықталмады-ау. Неге десеңіз, осы оқиғаға байланысты кінәлілердің жауапкершілікке тартылғаны туралы естімедік. Ал әлгі видеодағылар өздерінің бизнесін өндірістік жолға алаңсыз қойып алған сияқты. Өйткені онда есектерге сиыр фермасындағыдай жағдай жасалып қойған. Бір тұсында есектердің желініне автоматтандырылған сауын аппараттары кигізілген. Олар сүтті солқылдатып тұрып сауып жатыр, ал есектердің алдына арнайы дайындалған жем де қойылыпты. Жем автоматтандырылған құрылғыда, таза ыдыста тұр. Осындай өндірістік көлемде жолға қойылып, саудаға шығарылған есек сүтін сиырдың сүтінен кім, қалай ажырата алады? Харам деп есектің етін жемейтін мұсылман баласы оның сүтін қалай ішеді? Әрине, жолын тауып, білдірмей сатса, ішіп қояры да анық қой. Ішіп те жүрген шығармыз…

Осындай келеңсіздіктерге қарап тұрып ойланасың. Тиісті тыйым болмаса, бүгінде жұрт пайданың жолында небір құйтырқы тәсілдерге ойланбай, ұялмай, қорықпай бара беретін болды.

Осы орайда Өзбекстанда болған бір оқиға еске түсіп отыр. Онда құртты аяғымен илеген адам түсірілген видео таралған болатын. Сондағы адам мен ол жұмыс істейтін жерді әкімдіктегілер іздеп тауып алған еді. Кінәлі адам жұмыстан қуылып, оған қоса оны жалдаушыға да тиісті шара қолданылып, айыппұл салынған болатын. Яғни оларда заң бар, заңды жұмыс істететін, тұтынушының құқын қорғайтын адамдар бар. Ал бізде жағдай мүлде басқаша. Мысалы, әлгі «70 литрлік бакке 87 литр бензин құйған» оқиғаға ешкім де селт етіп мойын бұрған жоқ. Жұртқа да бәрібір сияқты. Сондықтан да мұндайда бірдеңені сылтау етіп жауапкершілікен құтылу оңай. Ал тиісті назар аударылып, тиянақтап сұралмағаннан кейін ондай «ақаулардың» басқа жерлерден де бой көрсетуі мүмкін ғой. Негізі ондай жайлар тексеріліп, ақ-қарасы, жай-жапсары анықталып, тиісті бағасы берілуі керек емес пе? Кінәлі табылмаса, ең болмағанда алдағы уақытта мұқият болу керегі ескертілсін, кінәлі болса, тиісті шара көрілсін. Солай болуы керек қой. Неге біз мұндай жайларға немқұрайлы қараймыз?

Х. АСАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *