Әлеумет Басты жаңалықтар

Ауылға да әлеуметтік дүкен керек

Мен Шардара ауданының тұрғыны болсам да Шымкентке жиі барып тұрамын. Сондағы байқағаным, бәрі қымбат. Біз тасымалдау шығынына байланысты қымбатшылық ауылда деп ойлайтынбыз. Шын мәнінде қалада да баға шарықтап тұр. Үлкен сауда орындарынан қарызға (каспи редпен) азық-түлік алып жатқандарды көрдім.


Президенттің өзі Қазақстанның бүкіл байлығы 160 адамның қолында екенін айтты ғой. Соған қарағанда белгілі топтардың қарны тоқ, көйлегі көп шығар. Бірақ халықтың негізгі бөлігі кедейшілікте өмір сүруде. Бұған менің көзім анық жетті. Жұмысы, тұрақты жалақысы бар қала тұрғындарының өзі азық-түлікті қарызға алып жүргенде, ауылдың жағдайы туралы не айтуға болады?
Сұрастырып білгенім, мен тұратын Қызылқұм елдімекенінде ауыл тұрғындарының 90 пайызының мойнында несие бар екен. Ал оған шаруашылықты дамытуға алған жеңілдетілген несиені қоссақ, ол көрсеткіш 100 пайызға жетеді. Ауыл халқы титықтап бітті. Бұлай жалғаса берсе не болатынын білмейміз. Үлкен қалаларда азық-түліктер төмен бағамен сатылатын әлеуметтік дүкендер жұмыс істейді. Осындай дүкендер ауылға да керек. Оның жұмысын жандандыру үшін ауыл-ауылды аралап жүретін көшпелі дүкен болса деген ұсынысым бар. Ол қиын емес. КСРО кезінде «автолавка» деген болды. Олар тіпті қойшы ауылдардың өзіне дейін баратын. Мәселен, Шардарада он шақты ғана ауыл бар. Арнайы кесте түзіп, жұмыс жүргізетін болса, бір аптада ол ауылдарды толық аралап шыға алады. Солай келесі аптада да жалғаса береді. Есесіне тұрғындар арзандатылған азық-түлікке қол жеткізер еді.
Үкіметтің өзі белгілеген бірінші кезекте қажетті тауарлар бар. Ең болмағанда осы азық-түліктерді жеткізіп тұрса да ауыл халқы, әсіресе тұрмысы төмен отбасылар үшін үлкен көмек болар еді.
Қанат Беаглиев,
Шардара ауданы, Қызылқұм ауылы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *