Басты жаңалықтар Қоғам Құқық

Көмекке асыққан сақшылар


…Жұмыс күні аяқталып жатқан уақыт. Шамада сағат 18.50-лер кезі. А.Асқаров көшесінде жол-көлік оқиғасы орын алғандығы туралы хабарламаны ала сала екеуі сонда жетті. «Шымкент Плаза» сауда орталығына таяу тұс. Оқиғаның жай-жапсарын анықтап, тиісті хаттамалық іс рәсімдеп жатқан. Осы сәтте бұл екеуіне қарай жүгіріп келген жас жігіт «Жігіттер көмектесіңдерші, үйге тез жетуім керек болып тұр. Балам тұңшығып жатыр, өліп қалатын болды ғой…» деп жанұшыра айқайлайды. Қапелімде не болып, не қойғанын ұқпаса да «Отыр көлікке, мекен жайыңды айт, не болғанын жолда түсіндірерсің» деді де екеуі бейтаныс ер азамат айтқан бағытқа қарай жүйтки жөнелді…

Жолда белгілі болғанындай, бейтаныс жігіт Шымкент қаласының «СМУ-4» аталып кеткен аймақтың тұрғыны екен. Әйелі 20 күн бұрын босанған. Енді сол сәбидің демалуы аяқ астынан қиындаған. Әйелі не істерін білмей күйеуіне хабарласқан. Бұл жұмыстан шыға сала көше бойынан көлік тоқтатып әуреге түскен. Ешқайсысы тоқтай қоймаған соң, жол-көлік оқиғасы орнында қызмет бабымен тұрған полиция қызметкерлеріне қарай жүгірген.

Көмек сұраған жігітті көлігіне мінгізіп, қиналған сәбиге көмектесуге бет алған полиция қызметкерлері мән-жайды білген соң жолай «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласып, мекен жайды мәлімдейді. Бұл Шымкент қалалық полиция департаменті патрульді полктің 1 рота қызметкерлері Батыр Тастемиров пен Дулат Хожымов болатын. Осыйлайша, балақайға екі жақты көмек дер кезінде жетіп, аман қалды.

Батыр Тастемиров

– Көмек сұраған жігіттің айтуымен «СМУ-4» Кентау көшесіне жеткенімізде расында да кішкентай балақайдың демалуы қиындап, анасы шарасыздықтан не істерін білмей жылап жүр екен. Біз мұнда жеткенше жол бойы дәрігерлік көмекті де шақырғандықтан, олар да тез келді. Осыйлайша «Жедел жәрдемнің» №39 бригадасының дәрігері Мұстафина сәбиді анасымен бірге «Асар» шағын ауданындағы балалар ауруханасына алып кетті. Баланың жағдайына алаңдап, артынан ауруханадан хабар алғанымызда «бәрі жақсы» дегенді естіп өзіміз де «уф!» дедік. Бәріміз де бала өсіріп отырмыз ғой. Құдай басқа салмасын, ондай кезде кез келген адам не істерін білмей, қиналып қалатыны рас. Жол-көлік оқиғасы болған жерде тұрғанымызда көмек сұрап келген жігіттің жағдайын жақсы түсінемін. Кім де болса баласы үшін дәл солай шырылдайтын еді, — дейді полиция аға лейтенанты Батыр Тастемиров.

Айтса айтқандай-ақ, күнделікті тұрмыста неше түрлі жағдайлар болып жататыны жасырын емес. Әсіресе қиындыққа тап болғанда көмек қолын созғандарға риза боласын. Әйтпесе, патрульдік полк қызметкерлері онсыз да жол-көлік оқиғасын рәсімдеп жатқанын себеп етіп, көмек қолын созбаса не болар еді?!

Әдетте, полиция қызметкерлерін сыпыра жамандайтынымыз бар. Жасыратыны жоқ, кешегі «қаралы қаңтар» оқиғасынан кейінгі мәселелер де қоғамның тыныштығын күзеткен сала сарбаздарына оңай тиіп жатқан жоқ. Әрине, «бір құмалақ бір қарын майды бүлдіретіні» қай салада болмасын бар. Полицияда да «шаш ал десе, бас алатындар» кездесіп қалатыны рас. Десек те, көбіне байыбына бармай байбалам салып, мән-жайды анықтамай жатып күйе жаға салатынымыз да бар-ау. Әйтпесе, полицияда да ет пен сүйектен жаратылған өзіміз сияқты, ел десе елжірейтін, мейірімді, өз ісіне адал жандар баршылық.

Дулат Хожымов

Бетін аулақ қылсын, дегенмен, үйіміз тоналса, малымыз ұрланса, жол-көлік оқиғасына тап болсақ алдымен полицияға хабарласатынымыз ақиқат. Тәртіпсізді жүгендейді, қылмыскерді құрықтайды деп сенгендіктен. Сенім артар мамандар барын білгендіктен де. Біз бүгін кейіпкер етіп отырған патрульді полк қызметкерлері Б.Тастемиров пен Д.Хожымов, міне, сондай азаматтар

Полиция ардагері Шырынбек Оңғаровтың айтуынша сала қызметкерлері былайғы жұрт біле бермейтін неше түрлі оқиғаға күн сайын тап болатыны бар. Кез келген жағдайда тәртіп сақшыларының еңбегі едел-жедел әрекет етуімен өлшенеді. «Егер полиция қызметкері өз ісіне адал болса, қылмыстың ашылуына шұғыл, әрі жедел кіріссе, қылмыскердің із жасырып үлгеруіне мүмкіндік бермейді», — дейді Ш.Оңғаров.

Бірде полицияға «Тұрлан» экспедициясы аймағында тұратын бір әйел хабарласып, «8 жасар қызыма белгісіз еркек зорлық жасапты» деп шырылдайды. Бұл хабарды ала салысымен тағы да патрульді полктің 1-рота қызметкерлері Д. Хожымов пен Б.Тастемиров оқиға орнына тез жетеді. Мәселенің мәнісіне қаныққан соң қылмыскер ұзап кетпес үшін жедел түрде аумақты тексеріп шығуға кіріседі. «Тұрлан» елді мекені қаланың шеткі аймағы болғандықтан тұрғын үйлер арасында бейнебақылау камерасы да жоқ. Алайда, қалтарыс тұйықта топтанып отырған масаң күйдегі азаматтарға тап болады. Қызға зорлық көрсетуі мүмкін деген күдіктінің сипатын суыртпақтап әлгілерден сұрай бастайды. «Е, ол Түгенше ғой. Жаңа ғана былай қарай кетіп бара жатқан. Үйін тауып көрсете аламын» дейді біреуі. Соның жөн сілтеуімен полиция қызметкерлері күдікті деген ер азаматты үйінен ұстайды. Қылмыстық оқиғаны байқап қалған куәгерлерді де тез табады. Кәмелеттік жасқа толмаған қыз баланы ескі үйлердің арасындағы дүңгіршекке қарай сүйрелеп, арам пиғылын жүзеге асырмақшы болған қылмыскерді сол маңнаң өтіп бара жатқан кейуана айқайлап, айналадағы жұртты көмекке шақырып қорқытқан. Оқиға орнынан бас сауғалап, үйіне барып жасырынған. Ішімдікке әуесі оның бұрын да жас балаларға зорлық көрсету қылмысымен жауапқа тартылғаны белгілі болды.

Құрықталған қылмыскерлердің тағыдырын сот шешетіні белгілі. Ал, біздің кейіпкерлеріміз Дулат Хожымов пен Батыр Тастемировтің ерен еңбектерін әріптестері мақтанышпен айтады. Үлгі етеді. Олар мұны «жәй ғана күнделікті кезедесетін оқиға ғой. Біз өз міндетімізді орындадық» деп қана түсіндіреді. Қала тұрғындарының тыныштығы күзетіндегі жауапты осындай мамандардың көп болғанын қалаймыз. Қайырымды қаланың полициясы да  қайырымды бола бергей.

Жәмила МАМЫРӘЛІ.  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *