Әлеумет Басты жаңалықтар Мәселе

Сайрамдағы сауатсыздық

        мектептен бастау ала ма?

Халқымызда ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болып келе жатқан «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөз бар. Яғни, болашақта өз наныңды тауып жеп, елге қызмет көрсету үшін сауаттылық керек. Сондықтан да бүгінгі жас ұрпақтың білікті де, білімді болуы ұстаздарға тікелей байланысты екені баршаға аян.

Егер біз дамыған мемлекеттердің қатарында болып, ғылым мен техниканының тілін жетік меңгеруді ойласақ, онда жастардың ертеңге деген сеніміне күмән келтірмей, керісінше үміт артқанымыз абзал. Рас, солай болуы үшін мемлекетіміздің білім саласына құйып жатқан инвестициясы көп, жасап жатқан қамқорлығында шек жоқ. Жыл сайын жаңадан мектептер салынып, жастардың тегін білім алуы үшін берілетін гранттар саны артумен келді. Бірақ оқушы мектеп қабырғасында жүріп, сапалы біліммен сусындамаса, жоғарыда айтқанның бәрі бекер болары әмбеге аян.

Соңғы кездері мектептердегі білім сапасының сын көртермейтіні жиі айтылуда. Егер мектеп қабырғасында жүріп берілген білім таяз болса, онда ол мектептен түлеп ұшқан түлектерден елдің дамуына үлес қосатын мемлекет және қоғам қайраткері, ғалымдар мен өнертапқыштардың шығатынына күмәнмен қараудан басқа қолдан келер дәнеңе жоқ. Өткен аптада Сайрам ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты С.Киров атындағы мектепке жолымыз түсті. Қарамұрт елдімекенінде орналасқан бұл білім ордасы негізінде өзбек тілінде білім беруге арналған екен. Мектеп ғимаратының тозығы жетіп тұрғанын айтқан директор Ойбек Тайжанов ғимаратты толық жөндеуден өткізу үшін қаржы сұратылып жатқанын тілге тиек етті.

Әрине, заманауи ғимаратта, жаңа технологияның игілігін пайдалана отырып, білім алғанға не жетсін. Дегенмен, білім сапасына ғимараттың ескілігі ғана кедергі келтіре алмайды. Ұстаздардың да сауаттылығы маңызды. Біз сол жерде жүрген оқушылар мен кейбір ұстаздармен сөйлесіп көргеннен кейін мектеп ғимаратын жөндеу ғана емес, оқушыларға білім беретін мұғалімдерді де ауыстыру керек па деген ойда қалдық. Себебі оқушылар мектептің атын қаншама жылдар бойы иеленіп келе жатқан Кировтың кім болғанын білмейді. Бұл жерде оқушыларды кінәлаудың қажеті жоқ, өйткені, оның кім екенін ересек адамдардың өздері де біле бермейді. Әрине, қазір Кировтың есімі мақтаумен еске алатын ұлы тұлға емес, бірақ ол кім болса да оны басқа емес сол мектептің оқушылары мен ұстаздары білуге міндетті емес пе? Өйткені, ол тарих. Тарихты танығаннан кейін ғана ауылдағы қара шаңырақ – алтын ұя мектебінің атын елге еңбегі сіңген адамның атымен ауыстыруды арман ететін, патриоттық сезімі жоғары ұрпақ қалыптасады. Ал оқушылары өз мектептері кімнің атымен аталатынын білмейтін, оған басы ауырып, жүрегі сыздамайтын адамдар жұмыс істейтін жерде білім сапасының да жоғары болатынына сенгің келмейді. Әлихан Бөкейхан атамыз айтпақшы, «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден!».

Аталмыш білім ұясына кірерде және шығарда бетпе-бет кездескен, шамамен 8,9 сынып оқушыларынан мектептің кімнің атында екенін сұрадық. Рас, олар өздері оқитын мектептің Кировтың атымен аталатынын білмейді емес, біледі. Алайда, сол Кировтың кім екенін, оның қазақ қоғамындағы орны қандай екеніне келгенде тіл күрмеліп, ләм-мим деп ештеңе айта алмайды. Оқушылар тұрмақ ұстаздар да толық біле бермейді. Мәселен, өздерін тәлімгер Ысқақ Досметов, іс жүргізуші Нұрбек Сәлиев деп таныстырған азаматтар да Кировтың кім болғанын тап басып айта алмады. Бұл жайт расында бұл мектепте білім сапасы төмен деген күдігімізді одан әрі қоюлата түскендей болды.

Жоғарыда айтқанымыздай, директор О.Тайжанов мектептің ғимаратына ғана емес ұстаздар құрамына да өзгеріс енгізу керек секілді. Оқушыға дұрыс білім бере алмайтындарды (ұстаз деп айта алмай отырмыз) шетінен мектептен шеттету керек. Біліксіз ұстаздан сабақ алған білімсіз шәкіртпен біз ешқашан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан Жаңа Қазақстанды құра алмайтынымыз анық.

Мектептердегі білім сапасы жайлы сөз қозғалғанда осы бір мектеппен ғана шектеліп қалсақ, қателесуіміз мүмкін. Мұндай келеңсіздіктің өзге білім ұяларында да кездеспесіне кім кепіл? Бәлкім, мұндай сорақылықтың қасиетті мекен – мектептерде көрініс беруін «мұғалімдердің дені жұмысқа ақшамен кіреді» деген жел сөздің астарынан іздеу керек шығар? Осы кезге дейін ешқандай мамандыққа түсе алмай, амалсыз мұғалімдікті таңдаған кездейсоқ адамдардың ұстаз деген ұлы есімді иеленуіне мүмкіндік болған шығар, алайда, мұғалім мәртебесі мен жалақысы көтеріліп, жауапкершілігі артқан тұста мұндай келеңсіздіктің ендігі жерде жалғасуына жол беруге болмайды. Бірақ, жаңа заң, жаңа талап мектеп өміріне, тыныс-тіршілігіне айтарлықтай өзгеріс енгізіп жатқаны байқалмайды. Әлде біз қателесіп отырмыз ба? «Торғай сойса да қасап сойсын» демекші, бұл сауалды біз білім саласының майталманы, жанашыры, жоқтаушысы атанып үлгерген Алтынсарин медалінің иегері, білікті ұстаз Өмір Шыныбекұлына қойып көрдік. «Осыдан 7-8 жыл бұрын болу керек, орыс кітаптарынан оқып біліп, Қарабұлақтан Абылайханның Ақ ордасын іздедім. Ешкім білмейді. Сұрастыра жүріп, Ханқорғанға да бардым, тағы да ешкім хабарсыз. Кейін шынында да сол ауылда екеніне көзім жетті. Бірақ, мұны ауылдың балалары білмейді. Өз ауылының тарихынан бейхабар қалған осындай заман болып тұр ғой, бұған не істей аламыз?

1990 жылдары, әсіресе, Оңтүстікте балабақшалар Университетке айналған заман болды. Шымкентте, тіпті, 3 бөлмелі пәтерді университетке айналдырып, диплом сатуды бизнеске айналдырғандар болды ғой. Күндізгі бөлімдегі студенттердің өзі сырттай оқитындар секілді ақшасын арқалап, сессияларға ғана келіп-кетіп жүрді. Бұл шындық. Бұдан кейін білім сапасы жөнінде не айтуға болады? Мен мектеп директорларын тағайындайтын комиссия мүшесімін. Осы қаланың өзінде директорлыққа үміткерлерге «бұл қызметке неге қызығасың» десем, «Жетістігім бар» деп алған грамоталарын алға тартады. «Жетістігі бар адам міндетті түрде директор болуы керек па?» деймін ғой оларға. Сонда үміткерлер директор болудағы мақсатын да дұрыс білмейді. Әйтеуір, мансап иеленіп, креслоға отырғысы келеді. Ал оның обал-сауабын ойлап жатқандар шамалы. Шынын айтқанда, қазіргі мұғалімдердің де, директорлардың да білім сапасы өте төмен. Соңғы кездері беті жылтыраған тәрбиешілерді мектеп директорының орынбасары, білім бөліміне әдіскер етіп қабылдады. Білім сапасын арттыру мақсатында даусымның жеткен жеріне дейін айқайлап, шашымның ағарғанына 10 жыл болды.

Жуырда мемлекеттік хатшы Ерлан Кариннің шақыртуымен онымен кездескенде: «Егер сіздер жариялаған «Жаңа Қазақстан» саясатына халықты сендіргілеріңіз келсе, өзгерісті әр ауылдардағы балабақша мен мектептерден бастауларыңыз керек. Әйтпесе халықтың сенуі екіталай. Бөлім басшыларының бәрін ауыстыру керек» дедім.

Білім сапасының төмендеп кетуінде ата-аналардың да кінәсі бар. Олар ұл-қыздарын кімнің оқытып жүргеніне көңіл бөлмейді. Мұғалімдердің арасында топастары бар екені рас. Бұған қоғамның енжарлығы кінәлі. Әр ауылда, қалада мектеп бар. Жергілікті жердің белсенділері мәселені қолға алуы керек. Оларда «өзге үшін емес, өз балам, немерем үшін жүгіремін» деген түйсік болуы тиіс. Мектептің директоры кім, ол кімдерді жұмысқа қабылдап жатыр, кімдер сабақ береді деген мәселелердің барлығы ашық болуы тиіс. Оны халықтың өзі қадағалап отыруы қажет. Сонда ғана мектептерде білім сапасы артады».

Иә, Сайрам ауданында куә болған келеңсіздік өзге өңірлерде де кездесетініне осы әңгімеден кейін көз жеткізгендей болдық. Ал, облыстағы ең маңызды құрылымның бірі саналатын білім саласының басшысыз жұмыс істеп келе жатқанына біраз уақыт болып қалды. Көш басшысы жоқ елдің оңбайтынын ескерсек, бұл жайт бізде лайықты кадрдың жоқтығын білдіреді ме, әлде биліктің білім саласына деген немқұрайдылығы ма? Өмір Шыныбекұлы ағамыз айтқандай, білім сапасына деген көзқарасымызды өзгертпейінше, «баяғы жартас сол жартас» қалпымыздан өзгеру қиын-ау. Бұл тақырыпты алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *