Әлеумет Басты жаңалықтар Мәселе

Ауыл партиясының абыройы осы болғаны ма?

   Қазақстанда саяси партиялар аз емес. Егер партия санының көптігінен демократия орнай қалса, онда біздің ел адам құқы мен басқа да ізгі бастамалардан дүние жүзінде алдыңғы қатарда тұрған болар еді.

Партияның көптігі – демократияның даңғыл жолы еместігін Америкадағы жағдайға қарап байқауға болады. АҚШ-та «Демократиялық» және «Республикалық» деп аталатын екі-ақ партия бар. Соның өзінде ұдайы талас-тартыс болатынын әр сайлауда көріп жүрміз. Сондықтан демократияның салтанат құруы партия санына емес, сапасына байланысты екенін мойындамасқа амал жоқ.

Шыны керек, қай партияның жарғысына үңілсеңіз де шеттерінен халықшыл, күндіз-түні халықтың қамын жеуге құмбыл. Бірақ, шынайы өмірде олай емес. Халықтың емес, биліктің, олигархтардың қамын күйттейді, ал халық тек сайлау науқанында ғана қажет. Айталық, атағынан ат үркитіндей «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының» жетекшілері сөйлегенде ауылдың болашағына бас шайқамасқа амал жоқ. Ауылдың ахуалы қаладан оқ бойы озатындай күйге бөленесің. Бірақ, науқан кезіндегі бұл жарнама жартастағы жаңғырық секілді жансыз қалады. Уәде суға сызылып, құмға жазылғандай тез өшіп, еш нәтиже бермейді. Сол себепті партия жетекшілерінен көңілі қалып жүргендер аз емес. Солардың бірі Түркістан қаласының тұрғыны Ескендір Құнанбаев. Редакциямызға арнайы хабарласқан ол кісі өз ренішін төмендегідей жеткізді: «Мен бұрыннан ешқандай партияға сенбеуші едім, соңғы кездері әбден көңілім қалды. Әсіресе «Ауыл» партиясының атын да естігім келмейді. Оған адамдардың қалай мүше болып жүргенін түсінбеймін. Өздерін халықтық-демократиялық, патриоттық партия деп атапты тағы. Қандай патриот, бәрі жалған. Менің ауылды дамытуға арналған бағдарламам бар. Кәсібім де осы салада. Біз секілді осы сала майталмандарын қолдаудың орнына жұмысымызға кедергі келтірумен келеді. Мәселен, «Ауыл» партиясының Кентау қаласындағы филиалына жетекшілік ететін Уәлихан Әбдуәлиев маған көмек қолын созу орнына, әрбір басқа қадамыма тұсау болумен әуре. Тіпті көпшілік алдында «Қылмыскерсің, адам өлтіргенсің, адам ұрлағансың» деп, жала жапты. Содан бері көпшілік маған қанішердей қарайтын болды. Бұл менің ар-намысымды таптағандықтан, сотқа жүгінуге мәжбүр болдым. Кентау қалалық сотының 2021 жылғы 24 желтоқсандағы шешімімен У.Әбдуәлиев қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Бірақ ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босталды.

Мейлі, оны соттап, темір торға тоғыту ойымда жоқ. Одан да бала-шағасына ие болсын. Мақсатым — біреуге жала жабуды, жұмысына кедергі келтіруді, халықты алдауын қойса екен деймін. Осындай заңсыз әрекеттерге бара отырып, «Ауыл» партиясының атынан депутаттық мандатқа ие болды. Сонда бұл қандай халықтық партия болды? Келеңсіздікке жол бермеу үшін мен аталған партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Нұржан Әжіметовтың атына Әбдуалиевті партия қатыран шығару қажеттігі жайында арыз жазғанмын. Сол кезде маған: «Әбдуәлиев Уәлихан Борашұлына құқық қорғау орындарынан оның заң алдында кінәлі деп табылығаны туралы хабарлама келген жағдайда ол азамат міндетті түрде партия қатарынан шығарылады» деген жауап келген. Өйткені, «Ауыл» партиясының Жарғысында партия мүшелері жасаған қылмысы үшін (соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін), партияның беделін түсіретін әрекеті (әрекетсіздігі) немесе партияның мүдделеріне залал келтіретін әрекеті (әрекетсізідігі) үшін мүшеліктен шығарылатыны көрсетілген. Алайда, Н.Әжібековтың қолында соттың күшіне енген шешімі бола тұра «Мен бір өзім шеше алмаймын», – деп, дәрменсіздік танытады. Партия мүшесі мен филиал төрағасының осындай қитұрқылығынан кейін халық оларға қалай сенім артпақ?

Менің көзімнің жеткені, қазіргі қандай да бір партия мүшелігіне еніп алғандардың дені халыққа қызмет етуді емес, депутаттық мандатқа қол жеткізуді ойлайды. Сол үшін қос өкпесін қолына алып, шапқылайды. Мандат үшін абыройды да сатуға дайындары жоқ емес. Көпшілігінде партиялық идея үшін күрес деген жоқ. Депутат болу үшін біреуінен шығып, екіншісіне өтіп жүре береді. Қазір бір партиядан шығып, екіншісіне өту – бір автобустан түсіп, келесісіне мінгенмен тең болып кетті. Сондықтан мен партияларға, оның ішінде «Ауыл» партиясына сенбеймін».

Әрине партияға сену, сенбеу әркімнің өз шаруасы. Бірақ жоғарыдағы көрсетілген құжаттар бойынша У.Әбдуәлиевтің неге бүгінгі күнге дейін партия қатарынан шығарылмай, мәслихат депутаты болып отырғаны түсініксіз. Бәлкім бұл туралы партия басшыларының өздері бір нақты уәж айтар?

Ұ. ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *