Әлеумет Біле жүріңіз

Жақсы дәрігер дерттің шипасын біледі

   Қараша айының ішінде жұбайым қатты тұмауратып ауырды. Кәдуілгі тұмау ретінде қабылдап, түрлі ем-домымызды үйде жасадық. Бірақ, жұбайым айығу орнына керісінше ауруы асқына бастады. Содан 22 қараша күні жұбайымды аудандық орталық ауруханаға алып бардым. Дәрігерлер алдымен төменгі қабатта індетке қарсы тест орталығы бар екендігін айтып, содан өтуімізді ескертті. Тест орталығы тексеріп болған соң бізді Бәйдібек ауданына жолдама бермекші болды. Отбасымызбен ақылдасып, сол күні жұбайымды, ұл-қыздарымды алып, Шымкентке жолға шықтық. Шымкенттегі «DAUMED» медициналық орталығына жетіп, компьютерлік томографиядан өттік. Бізді осы орталықтың пульмонолог дәрігері Шындәуілов Шадияр қабылдады. Халқымызда «Түсі игіден түңілме» деген сөз бар, айналасы бір күннің ішінде асып-сасып, әлемтапырық күйге түскен біздің түрімізді көрген дәрігер жылы сөзімен, сабырлы, мәдениетті іс қимылымен әйелімнің жай күйін, компьютер шығарған қорытындысын көре отырып қорықпауымызды, ауруды жеңетін алдымен құдайдың шарапаты, одан кейін адамның өзі екенін түсіндіргеннен кейін әжептеуір жеңілдеп қалдық.

Шадияр Тағабайұлы бізге мән жайды баяндай отырып емдеу үшін қажетті дәрілер жиынтығының тізімін жасақтап, қайсысы қай уақытта егілуі тиіс екенін және оны пайдалану жолын түсіндірді. Арнайы инфекциялық емханаларда ем қабылдауымызға кеңес берді. Дәрігер айтқан барлық нұсқауларды өзіміз үшін бұлжытпай орындадық. Ол болса күн сайын келіп қадағалап, сакурациясын, дене қызуын өлшеп, көңіл күйін қадағалап жүрді.

Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын дәрігер жайында жан-жағымыздан сұрай жүрдік. Ш.Шындәуілов көршілес Өзбекстанда қарапайым отбасында дүниеге келген екен. Қазақы мінезге бай, медицина саласында толымды еңбек өтілін жинаған, тәжірибелі маман екені ісінен де, сөзінен де көрініп тұр. Сырқаттың жағдайын әр көрген сайын айтқан: «апай кешегіден бүгін әлдеқайда жақсы екеніңіз көрініп тұр», «сакурацияңыз көтеріліп қалыпты», «өңіңізге қан жүгіре бастапты» деген сияқты жылы сөздері ауырып жатқан жұбайыма да, қасында жүрген біздерге де көп медеу болды.

Әуелі Алла Тағалланың, одан кейін орталық аурухана мен осы аурухананың дәрігері Шадияр бауырымның біліктілігі арқасында он күн ішінде отбасымызбен ауылға оралдық. Қазақстанның медицина саласында «DAUMED» медициналық орталығы сияқты және осы орталықтың дәрігері Шадияр Тағабайұлы секілді азаматтар көп болса еліміздің денсаулық сақтау саласы ешқандай шетелдік әріптестерінен кем болмайды деп ойлаймын. Отбасымыз атынан «DAUMED» медициналық орталығының басшысы, бас дәрігер Дәуей Бауыржан, ақ желеңді абзал жан Шындәуілов Шадиярға деген алғысымыз шексіз.

Шадияр қазір де телефонымызға қоңырау соғып, жұбайымның жағдайын үнемі бақылап отыр. «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің, ағайынның қадірін сағынғанда білерсің» демекші, денсаулық бар да төрт құбылаң түгел болып, ауырмайтындай, ауырған жанның жан дүниесін түсінбей жүресің. Құдай, ешкімді ауыртпасын, дәрігердің алдына тек алдын ала кеңес алуға баруды ғана жазсын!

Науқастардың жанына шипа дарытқан орталық дәрігерлеріне «отбасыларыңыз берекеге толып, өсіріп отырған перзенттеріңіздің қызығына тоймаңыздар» дегіміз келеді. Дертіне шипа іздеп келген әрбір науқастың алғысын арқалай беріңіздер дегім келеді.

Мағжан БАЙӨСЕР,

Созақ ауданы, Созақ ауылы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *