Басты жаңалықтар Мәселе

«Жаман жерді баспа!

Немесе көлік апатының көбейіп кетуінің сыры неде?»

  • Біздің сұхбат

Мұсатілла Тоқанов – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, биофизик, халықаралық академияның академигі. М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің агроөнеркісіп кешені мен энергоақпараттық зертхана меңгерушісі:

             

– Мұсатілла аға, сіз ғылымға көптеген жаңалық енгізген ғалымсыз. Соның ішінде көкөністі экологиялық жағынан таза, ағзаға пайдасы болмаса зияны жоқ тәсілмен кептіру технологиясын жасап, сусамыр (қант диабеті) дертіне бірден бір шипа түйе сүтінен таблетка ойлап таптыңыз. Әрине, мұның бәрі үлкен еңбектің жемісі. Дегенмен, біз бүгін Шымкент қаласындағы қауіпті көшелер, жаман жер, «қанды жол» аталып жүрген орындар туралы сөз етсек. Білуімізше, сіз бұл саланы да жіті зерттеп жүрсіз. Нәтижесі қандай?

– Біздің қазақ өте ақылды, дана ұлт. Ата-бабамыздан бізге жеткен ырым-тыйымдардың бірі — «Жаман жерді баспа, жаман жерге жатпа». Осы сөздің түп төркінін зерттей келе менің дәлелдегенім, жерасты геомагнитті толқындардың түйісу нүктесіне тап келген кезде адамның бойын мазасыздық, аурушаңдық басады. Геомагнитті толқындардың бағыты Оңтүстіктен Солтүстікке, Шығыстан Батысқа қарай жүреді. Ал олардың тоғысқан нүктесіне (локальный точка) тап келу біраз қиындық туғызады. Бұл жағдай әсіресе «магнитті дауыл» күндерінде тіптен өршитіні белгілі. Осындай нүктеге жол бойында тура келген көлік жүргізушісі абай болуы керек. Себебі мұндай жағдайда көліктің соқтығысу, адам қағып кету, жол ережесін өрескел бұзу оқиғалары орын алу ықтималдығы өте жоғары.

– Бұл жәй сөз күйіндегі тұжырым ба, әлде ғылыми негізде дәлелденген бе?

– Жәй сөз емес. Мен бұл салада 1987 жылдан бері зерттеу жүргізіп келемін. Ал 1997 жылға дейін нақты дәлелдерді келтіре отырып 15-ке жуық экспримент жасадық. Сол кездегі облыстық жол полициясының (ГАИ) басшысы Әшірәлі Қаныбековке осы зерттеу жұмыстарымды айтып, түсіндірген едім. Ол жол апатынының алдын алу шараларына бұл зерттеудің негіз болатынын ұғынып, қасыма инспектор қосып беріп, Шымкент қаласының көшелерін тексеруді тапсырды. Осылайша басталған зерттеу жұмыстарымды 2001 жылға дейін үзбей жалғастырдым. Нәтижесінде қаладағы Т.Рысқұлов, Тәуке хан, Республика даңғылдары мен Байтұрсынов көшесі бойымен толық, ал Темірлан тас жолы көшесінің 75 пайызында геомагнитті толқын бағыты жатқандығын анықтадым. Жол полициясындағы тіркелген жол-көлік апаттары мәліметтер базасын алып, аталған көшелермен салыстырып қарағанымызда, расында да дәл осы көшелерде жол апаты көп болатынын, сол апаттан адам өлімі орын алатын оқиғалардың жиілеп кеткендігін білдік. Осылайша біз Республика даңғылы мен Бейбітшілік, Асқаров көшелері қиылысатын жер, Ильяев-Бейбітшілік, Тәуке хан- Байтұрсынов, Тәуке хан-Момышұлы, Тәукехан-Қазыбек би, Тәуке хан-Дулати, Рысқұлов-Дулати, Байтұрсынов-Төреқұлов, Байтұрсынов-Рысқұлов, Қызыбек би-Төреқұлов көшелерінің қиылысында жол апаты жиі болатынын дәлелдедік.

– Айтып отырғаныңыз қаланың ең басты көшелері, яғни күретамыры. Көлік жүргізушісіне бұл жолды айналып өту мүмкін емес. Қайда бағыт алса да осы көшелермен жүруіне тура келеді. Олай болса осы көшелермен жүрсе апатқа тап болады деу қисынға келмейтін сияқты…

– Ия, сенімсіздік танытуыңыз орынды. Алайда мен «осы жолмен жүрсе міндетті түрде жол апатына тап болады» дегенім жоқ қой. Осы көшелермен жүргенде абай болу керек, барынша асықпай, жол ережесін бұзбағаны жөн. Себебі, жер асты геомагниттік өріске жер үсті, күннен берілетін магнитті толқын қосылған сәтте жүргізуші белгілі бір секундқа өз-өзін жоғалтады. Есінен айрылады. Белгілі бір секундта не тешегішті баса алмай қалуы, не бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетуі немесе саналы түрде оқыс оқиғаға тап болуы әбден мүмкін. Мұны мен жаңа айтып өткен 15-ке жуық эксперименттерімде әбден тексеріп, дәлелдегенмін. Сол бір сәтте не боп, не қойғанын білмей қалады. Керек десеңіз, тап сол маңда жол-көлік апатына түскен жүргізушілерден де сұрап білдім. Тұп-тура келе жатады, бәрі де дұрыс болған, бірақ көлік апатына түседі.

– Шымкент қалалық Полиция департаментінен алған мәліметтерге қарасам, биыл екі айда 46 көлік апаты болып, 5 адам қаза тауыпты. Әрине, бұл былтырғы жылғымен салыстырғанда азайғанын көрсетуде. Десек те , былтыр жыл бойына қалада 435 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 76 адам қайтыс болған. Мұндай жол апаттарын болдырмау үшін не істеу керек?

– Менің дәлелдеп, зерттеп жүрген жұмысыма Үкіметтік деңгейде назар аударылса деймін. Сонда ғана қауіпті көше бойына тиісті ескерту белгілері қойылар еді. Жол-көлік апатынан қайтыс болатындардың саны артып бара жатқанын айтып, соңғы екі-үш жылдан бері БҰҰ-ы дабыл қағуда. Бұл жәйдан жәй емес. Ғылым комитеті, денсаулық сақтау министрлігі тезірек бұл мәселеге көңіл аударып, Ішкі істер министрлігі жол бойына апатты ескертетін жол белгілерін қоюы қажет.

– Жергілікті әкімдерге айтып көрдіңіз бе?

– Бәрі де жақсы біледі. Алдарына барып, арнайы кездескенмін де. Ғылыми зерттеулеріммен таныстырдым да. Айналып келгенде бар мәселені қаржыға әкеп тіреп қояды. Күн сайын жер шарында жол-көлік апатынан қаншама адам көз жұмуда. Жарақат алуда. Әрине, жол ережесін өрескел бұзу, ішімдік ішіп алып рульге отыру жағдайларының менің зерттеуіме қатысы жоқ. Ал, түп түзу келе жатып, оқыстан көлік апатына түсу мәселесі геомагнитті өріске тікелей байланысты. Апатты болдырмаудың амалы сондай «қаралы жол» бойына ескерту белгісін қою. Радиодан күн сайын  ауа райын хабарлап тұрады емес пе?! Сонда «бүгін абай болыңыздар, магнитті дауыл тұрады» дейді. Дәл сол хабарламаны естіген көлік жүргізуші өзі жүріп келе жатқан жол бойынан «Бұл жерде геомагнитті толқын басым, абайлаңыз!» деген ескерту белгісін іздеуі керек. Сол белгіні көрсе жылдамдықты асырмай, барынша ыждағатты түрде көлік жүргізгені жөн. Апаттың алдын алу – осы. Қаншама адамның өмірін сақтаймыз.

– Орайы келгенде тарқатып айтсаңыз, оқырмандарымыз да біле жүрсін, геомагнит дегеніміз не? Оның адам ағзасына әсері қаншалықты күшті?

Геомагнит – Күн бетіндегі құбылыстардан пайда болатын физикалық құбылыс.Мұндай дауылдардың қуаты 1 миллион мегатоннаға дейін жете­ді. Оның күші Жерге секундына 1200 шақырым жылдамдықпен түседі. Дәл осы кезде жер асты геомагниттік толқындардың түйісу нүктесіне түссе жер сілкінісі, теңіздерде күшті толқын болатыны ғылымда дәлелденген. Жалпы жер асты геомагнит өрісін америкалық ғалымдар жіті зерттеп, олардың дәлеліне сүйене отырып, жол салғанда мұндай қауіпті аймақтардан айналып өту тәжірибесі жолға қойылған. Бізде әлі де сол салғырттық бар.

Мұндай нүктелерде болу, жату адам денсаулығына да зиян. Күн мен жерасты геомагниттік толқын тоқайласқанда адамдар арасында инфаркт, инсульт шамадан тыс көбейеді. Кенеттен ауруы қозып, ойлау-сараптау қабілетінен белгілі бір секунд, минутқа айырылып, сарсаңға түсіп қалатыны бар. Аурухананың инсульт орталығында қызмет істейтін таныс дәрігердің «Сіздің айтқаныңыз рас екен, сол күндері ауруханаға жүрек-қан талмасымен түскен науқастар көбейіп кетті» дегені бар.

Күн бетіндегі жарылыстан тарайтын магнитті өріс жерге әртүрлі деңгейде жетеді. Қуаты төмендерін біз, әрине, сезбеуіміз мүмкін. Ал қуаты жоғары болса аурушаң адамдар жатып қалады. Ғылымда магниттік дауылдар қуаты мынадай 5 түрлі дәрежемен сипатталады: G-1 – қуаты төмен дауыл, G-2 – күші орта дәрежедегі дауыл, G-3 – күшті дауыл, G-4 – өте қуатты дауыл және G-5 – экстремалды қуатты дауыл. Мұндай құбылыстар әсіресе көктемде, күзде жиі болады.

– Яғни, «жаман жерге жатпа» дейтініміз, төсегіміз, отырған орнымыз геомагнитті өріс түйіскен нүктелерге сай кеп қалудан сақтану ғой, солай ма? «Жаман жер» екенін қалай анықтаймыз?

– «Жаман жерде» отырып немесе жатып жүргеніне адамның ағзасы өзі-ақ белгі береді.

– Қалай?

– Мұндай жерде отырған адамда тез шаршау, бас ауру, бойкүйездік,  жұмысқа деген ынтаның төмендеуі байқалады. Ал ұйықтайтын орны да сондай жерде болса тіптен жаман. Мұндай адамдарда қанның қоюлануы пайда болады. Буын ауруларына шалдығады. Тыныс алу жолы ауруларына бейім келеді.

Білуімше, «жаман жерді» анықтайтын арнайы құралыңыз бар. Жаңадан үй салатындар, сатып алатындар сізді шақырып, үйдің орнын тексертетінін де естігенмін. Сол құралмен адам ағзасындағы жаман энергияны анықтау мүмкін бе?

– Келіңіз, сізді тексеріп көрейік… (Мұсатілла аға биолакациялы рамасымен мені тексерді де «бойың тап-таза» деді. Тескеруге қолданған құрылғысы қиылыспай, керісінше екі жаққа қарап тұр екен.) Жалпы қазақшылықта «тіл-көз тиіпті», «сұқ қадалыпты», «кірленіпті» деген ұғымдар бар. Менің өз атам да, нағашы атам да үлкен молда болған кісілер. Дегенмен мен молдалыққа емес, ғалым болғандықтан ғылымға негізделген дүниеге сенім артамын. Алайда, анам айтып отыратын. Бала күнімде томпақтығыма бір әйел қызыға қараған екен. Мұрттай ұшыппын. Содан молдаға оқытып, «өліп қалған жеріңнең тірілтіп алғанбыз» дейтін. Айналып келгенде бұл да бір ғылымға негізделген наным-сенім. Адамның бойын жаман энергиядан қоршап тұрған пленканың кірленетіні рас. Оны тазартып тұрғанның адам ағзасына пайдасы болмаса, зияны жоқ.

– Оны қалай тазарту керек?

– Ақмешіт үңгіріне жиі барып тұрыңыз. Мен де тазарта аламын. Бірақ, менің мүмкіндігім бір тазартқанда көп болса 10-15 адамға жетер. Бұл тығырықтан шығар жол емес қой. Ал Ақмешіт үңгіріне бір түсіп шыққан адамның бойы тазарып қалады.

– Сөзіңіз аузыңызда. Сіз бұл үңгірдегі ауаның құрамы, қасиеті туралы да зерттеп жүргеніңізді жақсы білеміз. Олай болса ол жайлы әңгімемізді оқырманға газетіміздің келесі нөмірінде ұсынайық…

– Келістік.

Сұхбаттасқан Жәмила МАМЫРӘЛІ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *