Әлеумет Басты жаңалықтар Біле жүріңіз

«АҚМЕШІТ ҮҢГІРІ ЖАМАН ЭНЕРГЕТИКАНЫ СЫЛЫП АЛАДЫ»

Мұсатілла ТОҚАНОВ, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, биофизик, халықаралық академияның академигі. М.Әуезов атындағы ОҚУ агроөнеркісіп кешені мен энергоақпараттық зертхана меңгерушісі:

– Мұсатілла аға, сіз өткенде «тіл-көз тиді деп күдіктенсеңіз Ақмешіт үңгіріне барып тазаруға болады» деп едіңіз…

– «Тіл-көз тиді, кірленіпті» дегендердің бәрі де қазақы ұғымдағы түсініктер ғой. Негізінен Ақмешіт үңгірінің денсаулыққа тигізер пайдасы зор екенін әлдеқашан дәлелдегенмін. Қан қысымы жоғары немесе тым төмен болуынан зардап шегетіндер де барып, сол үңгірдің ауасынан шипа табуына болады.

Сонда үңгірдегі ауаның құрамы бөлек болғаны ма? Бұл зерттеу о баста қалай басталды?

– Ақмешіт үңгірінің қасиеті туралы бала күнімізден біліп өстік қой. Дегенмен осы бір аймақты экотуризм, сауықтыру аймағына айналдыру мәселесіне бертінде кіріскенім рас.

2010 жылы мені ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов шақырған соң, түйе сүтінен жасақталған өнімдерімді алып барғанмын. «Бұл жұмыстарды қоя тұрыңыз. Өңірімізге жақында ҚР президенті Н.Назарбаев келеді. Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасына жататын Ақмешіт үңгірінің қасиеті туралы биофизик ғалым ретінде 1,5 параққа баяндап жазып берсеңіз» деді.

Маған әкімшіліктен арнайы көлік беріп, Бәйдібек ауданының әкімі Садық Кенжебаевқа баруымды тапсырды. Мен ол кезде Қаракөл ғылыми-өндірістік орталықта жұмыс істейтінмін. Бәйдібек ауданына ірі қара малдарды асылдандыру мақсатында криогенді технологиямен қолдан ұрықтандыру жұмыстарымен жиі келетін кезім.

С.Кенжебаевқа барып, қал-жағдайын сұрасып отырғанмын. «Маған бүгін Шымкенттен «Биофизик» маман келу керек» деді. Сол «Биофизик» маманың мен ғой десем, «Мен сізді тек малдарды қолдан ұрықтандыратын маман деп ойласам» деп күлді. «Кезінде Д.Менделеевтің химик ретінде онша аты шықпаған кезде көп адамдар «Чемодан жасайтын шебер» деп білетін» — дедім.

– Сонда сізге бұл үңгірді «Киелі орындар» бағдарламасына енгізу үшін зерттеу тапсырылған болды ғой?

Жоқ, ол кезде бұл бағдарлама әлі өмірге келмеген болатын. Одан ілгері жылдары киелі орындардың картасы жасалды. Бәйдібек ауданын ол кезде Садық Кенжебаев басқаратын. Содан облыс әкімінің тапсырмасын арқалап Ақмешіт үңгіріне бардым. Геомагнитті толқындардың бар-жоғын тексеріп көру үшін серіктеріммен бірге үңгірге түстім. Оның іші тап-таза. Жалпы Ақмешіт үңгірінің тереңдігі – 35, ені – 70, ұзындығы 100 метрден асады. Кәдімгі футбол алаңы сияқты. Былай қарасаң күмбезді шаңыраққа келіңкірейді. Сіз білесіз бе, күмбезді шаңырақты ғимараттарда қауіпті вирустар болмайды.

– Япырмай-а?

– Иә, бұл да ғылыми дәлелденген. Мысалы мешіттер, қазақтың ежелгі киіз үйі күмбезді шаңырақ. Ақордамыз да сондай. Тіпті АҚШ-тың Ақ үйі де күмбезді. Мұндай пішіндегі нысанның ішінде ауа иондары өзгеретіндіктен, қауіпті бактерия, вирустар болмайды. Керісінше, адам ағзасына жайлы әсер етіп, келеңсіз энергияны өзіне тартып алады. Күмбезді шаңырақты ғимараттың ішіне көңіл күйіңіз төмен болып кірсеңіз, мамыражай күйге еніп, ашу-ызаның қайда қалғанын ұмытасыз. Болашақта байқап көрсеңіз болады.
Бірді айтып, бірге кетпейік, Ақмешіт үңгіріне адамдардың қан қысымын өлшеп барып түсіріп, одан шыққан соң қандай өзгеріс пайда болатынын анықтау керек деп шештім. Дәл сол күндері өзім «Манкент» шипажайында демалып жүргенмін. Көрші коттеджге бірнеше күн қатарынан жедел жәрдем көлігі келіп жүргенін байқағанмын. Барып, мән-жайды білсем, астанадан келген бір әйелдің қан қысымы көтеріле беріпті. Өзі астма ауруымен ауырады екен. Тыныс алуы ұдайы қиындап кететін көрінеді. Көп ойланбастан шипажайдағы мәдени-тынығу кештері мен саяхаттарды ұйымдастырушы азаматтарға өңіріміздегі киелі орындарды аралау саяхатын Ақмешіт үңгірінен бастайық деген ұсыныс айттым. Әлгі әйелді міндетті түрде жүріңіз деп саяхатқа алып шықтық. Үңгірге түсерде саяхатшыларымыздың қан қысымын, температурасын өлшеп, арнайы тізіммен жазып алдық. Сенесіз бе, сол азаматтардың үңгірден шыққанда қан қысымы да, жүрек соғыстары да, қызуы көтеріліп тұрғаны да құлан-таза айығып шыққаны байқалды.

– Қалайша?

Сенбесеңіз, қараңыз. Мен сол сапарды арнайы видеоға түсіріп, сақтап қойғанмын. Зерттеп жүрген ғылыми еңбегім болған соң маған әрбір тәжірибенің құны қымбат. (Мұсатілла аға компьютерінен видеожазбаны көрсетті.

– Ал, әлгі, қайта-қайта «скорый» шақыратын астаналық апайдың жағдайы не болды?

Міне, мынау сөйлеп тұрған сол кісі. (Видеода өзін сергек сезініп тұрғанын айтып тұрған апайды көрсетті) «Жаяу жүру мұң болатын. 200 метрден соң өкпем қысылып, демім бітіп, тұншыға бастайтынмын. Ырсылдап кететін едім. Мына үңгірге өзім түсіп шықтым. 500 метр жер жүрсем де өзімді сергек сезініп тұрмын», — деді. Бұл үңгірге талай атақты азаматтарды ертіп апарып қайтқанмын. Бәрі де Құдайдың құдіретіне таң қалысқан. Жанымдағылардың қан қысымын алдын ала тексеріп алып, жарты сағаттай үңгір ішінде серуендеп, сыртқа шыққанымызда 160 болып тұрған қан қысымы 130-ға бір-ақ түсті. Осылайша үңгірдегі ауаның арқасында қан қысымын 20-30 деңгейге төмен түсіруге болатынын анықтадым.

Үңгірдегі ауаның қасиеті сол адам бойындағы жаман энергетиканы сылып алып қалады. Адам бойында сергектік пайда болып, өзін жағымды энергия қоршап тұрғанын байқайды. Себебі біздегі аурулардың көбі бойымызға жағымсыз энергияны жинай бергеннен пайда болады. Ал одан арылғанда адамның денсаулығында ілгерілеу, айығу процесі жүреді. Қайбір жылы үңгірге академик МырзатайЖолдасбековтің де келгені бар. Ақмешіт үңгіріне түсіп шыққан соң ол кісі таң-тамаша болды.  «Мен дүниеде көп нәрсені көріп едім, мынау нағыз ғажайып екен ғой», — деді. Жаңағы сіз айтқандай тіл-көз, дуа тиген адамның ұнжырғасы түсіп, мазасызданып жүреді. Ал, Ақмешітке түсіп-шыққандардың бәрінің биоөрісі қалыпты жағдайға түсіп, иммундық күш-қуаты көтеріледі.

– Биоөріс демекші, адам бойындағы бұл өрісті сіз де реттей алады емессіз бе?

– Иә, мен де реттеймін ғой. Биофизик ғалым ретінде күніне бес-алты адамның биоөрісін реттей аламын. Әрі қарай шамам келмейді, өйткені оған көп энергия жұмсалады. Ал Ақмешітке мыңдаған адам түссе, бәрі де ауруынан айығып, қуаттанып шығады. Жазды күні байқаймын, автобус-автобус болып келіп жатады адамдар. Бәрі де үңгір ауасының қасиетін естіп, біліп, шалғай ауылдардан арнайы келеді. Олай болса, бұл аймақты біз тиімді пайдаланып, осы арадан демалыс аймағын, шипажай ашуымыз керек. «Манкент», «Сарыағаш» шипажайы сияқты демалыс аймағы ашылып, Ақмешіт үңгірі болашақта денсаулықтың «фабрикасына» айналғанын армандаймын. Адамдар қонатын арнайы кемпингтер салынып, қазақтың емдік қасиетті шұбаты мен қымызы, ұлттық тағамдары ұйымдастырылса, дүниежүзі халқы ағылып келетін ұлттық емдік биоэкотуризм орталығы болатындығы анық. Негізі үңгірге күніне 2 сағат кіріп-шыққан адамның иммунды күш-қуаты артып, өзін сергек сезінетін болады.

Жалпы алғанда, ғалымдар тарапынан Ақмешіт үңгірін зерттеу, анықтау жұмыстары тоқтаған емес. Жүріп жатыр. Дегенмен, бәрі де айналып келгенде қаржыға тірелетіні белгілі ғой. Ендігі жерде сол ғылыми зерттеуге үкіметтік деңгейде көңіл бөлініп, өндіріске енгізсе, кәсіпкерлер сол аймақтан шипажай ашса, жан-жақтан дертіне ем іздегендер келіп, денсаулығын сауықтырып қайтса деген арманымыз бар.

– Армандарыңыз орындалсын. Сұхбатыңызға көп рақмет!

Сұхбаттасқан Жәмила МАМЫРӘЛІ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *