Әлеумет Басты жаңалықтар Біле жүріңіз Мәселе Өмірдің өзі

 Жарамазан қазір қалай айтылып жүр?

Ауыз бекітіп, Алланың разылығы үшін ораза ұстаумен қатар осы айдың сәні Жарамазан айту екені рас. Алайда, осы бір әдемі салтты қаржы жинау, пайдаланып қалу, садақа сұрау құралына айналдырып алу әрекеттері байқалуда. Әсіресе, жас балалардың беймезгіл уақытта көше бойында жарамазан айтып жүруі қаншалықты дұрыс? Көшедегі зуылдаған көліктердің бағдаршамға тоқтауын аңдып тұру қауіпсіз емес.

Автобустарда «Айтамын Жарамазан…» деп әуендете кететіндер де бар.

Жарамазан айтудың реті қалай? Ортаға салған сауалымызға ой қосып, пікір білдірген оқырмандарымыз да жоқ емес. Соларды назарларыңызға ұсынамыз.

 Мәди БЕСПАЕВ, дінтанушы:

Қазіргі таңда жарамазан айтудың қадірі кеткен сияқты, әсіресе балалар ақша үшін көше аралап кетуі дұрыс емес. Бала ата-анасының қарауынсыз қалмауы керек. Негізі жарамазанды ауыз ашып болғаннан кейін айтады. Ал балалардың айтып жүрген жарамазанда «алып шық, салып шық…»-тың айналасында. Бұл жерде ата-анада жауапкершілік болу керек. Жарамазан араб тілінен аударғанда «Рамазан келді» деген мағынаны білдіреді. Бұл жерде 12 айдың сұлтаны Рамазан айын ұлықтау жырға қосылуы қажет.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ, Шымкент қалалық сотының баспасөз хатшысы:

Меніңше осы жырдың дұрыс атауы – Жарапазан. Бірақ бізде жарамазан деп айтып кеткен. Бұл Ораза айында үй аралап, садақа жинап жүріп, кешке қарай айтатын салт өлең. Бірақ, жолда, көше қиылысында немесе базарда, дүкенде айтқандары дұрыс емес! Бұл тәртіпсіздік. Ал тәртіп бұзғандарға заңда жаза қолданылатыны көрсетілген.

Лаура ТАСТАНБЕК, журналист:

Домбырамен, сырнайлатып жүріп подьезд аралайтын жарамазаншылар ұнайды өзіме. Бала-шағаның айтқаны да жарасымды, тек кішкентайларға оның негізгі мәні тиын табуда еместігін түсіндіріп отыру керек. Бұл орайда ата-ана жарамазанның шығу тегін, мағынасын біліп, баласына үйретсе деймін.

Махаббат ӘБДЕШОВА, журналист:

Көшеде жарамазан айтып жүрген балалардың барлығының ата-аналары бар. Бейуақытта бала неге көшеде жүргеніне алаңдауымыз керек. Үлкен кісілер осы бір дәстүрдің жөн-жосығын дұрыстап түсіндіріп айтып отырғаны жөн. Әп-әдемі дәстүрді сүйкімсіз қылмаудың жолдарын түсіндірсе. Дұрыстап бата беруді үйренсе керемет қой. Ал кешкісін үйді-үйді аралап айтуды өз басым қолдаймын. Тек балалар емес, ересек адамдар айтса деймін.

Бауыржан ЖҰМАБЕКОВ, Шымкент қалалық ІІД жергілікті полиция басқармасының кәмелетке толмағандармен жұмыс бөлімінің аға инспекторы, полиция подполковнигі:

Күллі мұсылман үшін қасиетті Рамазан айының өзіндік жөн-жоралғылары бары рас. Соның бірі Жарамазан айту. Салт-дәстүрді сақтап, құрметтеу қажет. Десек те, көше қозғалысына кедергі келтіру, бағдаршамдардың тұсында тұрып көлік жүргізушілерін алаңдатып жарамазан айтып теңге сұрау дұрыс емес. Мұндай келеңсіздіктерді жоюға негіз болатын заң талаптары да жоқ емес. «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» кодекстің 449-бабында қоғамдық орындарда тиісу, өзгенің мазасын алу мәселелері анық көрсетілген. Яғни, қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адам жасаған, сондай-ақ бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіруші заң алдында жауап береді. Көше қиылыстарында, бағдаршам тұсында тұрып жарамазан айту осы заңсыздыққа жатады.

Әрине, тәртіп бұзғандарды бас салып жазалау мақсатымыз емес. Алдымен ескерту жасалады. Екінші рет қайталаған жағдайда бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Егер оған да көнбеген жағдайда он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға полицияның құқығы бар.

Бейуақытта көшеде жүріп жарамазан айтушы балалар мен жасөспірімдерге қатысты былтырғы жылы бірнеше іс тіркелген болатын. Биыл әзірге мұндай іс тіркелген жоқ. Ата-аналардан сұранарымыз, ұл-қыздарыңыздың бейуақытта көшеде жүрмеуін қадағаласаңыздар екен. Тәртіп бұзып, айыппұл салынбас үшін жауапкершілікті арттырған жөн. Ораза — қайырымдылық айы. Орынсыз мінез-құлық көрсетіп, өзгенің мазасын алудан тиылу, тәртіпсіздіктен шектелу айы. Осыны ұмытпайық.

P.S.: Бет қатталып жатқанда:

Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы, генерал Қайрат Дәлбеков әлеуметтік желідегі ресми парақшасында қазіргі таңда, Шымкент қалалық ПД-нің ювеналды полиция қызметкерлерімен кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» профилактикалық іс-шарасын жүргізіліп жатқандығын айтты. 

«Күні кеше қала аумағында жүргізілген рейд барысында 44 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Атап айтқанда, жарамазан айтып жүрген 14 жасөспірім, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 2 жасөспірім, заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде болған 27 бала анықталды» деді ол.

Аталған жайт бойынша, түнгі уақытта мектеп оқушыларының қадағалаусыз жүруінің алдын алу мақсатында Шымкент қаласының білім басқармасына ұсыныс жолданғанын атап өтті. «Біз мұндай профилактикалық іс-шараларды үнемі жүргізіп отырамыз. Ондағы мақсат, қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етіп, қылмыстық жайттарды болдырмау және оның алдын алу» деді генерал.

Дайындаған Ж.Шалабаева.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *