Басты жаңалықтар Қоғам

Жаңару мен жаңғыру жолының негізі қаланды

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев 2022 жылдың 16 наурызында «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» тақырыбындағы жолдауын жолдады.

Президентіміз бұл Жолдаудың мән-маңызы айрықша екендігін, ауқымы кең, мазмұны бөлек, Жаңа Қазақстанды құрудағы биік мақсаттарға негізделгенін жеткізді. Сонымен қатар, халыққа бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек екенін нақтылады.

Жолдауда Қазақстан Республикасының жүйесіндегі кейбір кемшілік тұстары және алдағы уақытта ешқандай заңсыз іс-әрекеттерге жол берілмейтіні туралы баяндалды.

Енді Президент және тағы бірқатар билік өкілдері партия мүшесі бола алмайды. Бұл – еліміздегі барлық партиялардың бірдей деңгейде болуына ықпал етеді. Президенттің өкілеттігі де бұрынғыдан өзгеріп, қысқарады, Парламенттің рөлін арттыру қолға алынады.

Жаңа Қазақстанды құру туралы Жолдау негізінен еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың тамырын кесуге бағытталған, яғни ендігі жерде шағын ғана топтың шалқып өмір сүруі тоқтатылады.

Бұл өзгеріс пен жаңашылдыққа толы Жолдау. Сенат пен Мәжілістің жұмыстарына да жаңа бағыт қойылмақ. Яғни, Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізілмек,  соған сәйкес, заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады.

Президентіміз өз жолдауында жергілікті өзін-өзі басқару, бұқаралық ақпарат құралдары, әкімшілік-аумақтық құрылым бойынша нақты қадамдарды ұсынып отыр. Ендігі мәселе тек қана жаңарған елдің жаңа азаматтары ретінде барлығымыздың осы Жолдаудың орындалуын қамтамасыз етуімізде.

Жан-жақты дамуға бағытталған түрлі жолдарды ұсына келе, Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Геосаяси ахуалдың қатты ушығып кетуіне байланысты Қазақстан қазіргі тарихымызда болып көрмеген қаржылық-экономикалық қиындықтарға тап келіп отыр. Қатаң санкциялық тайталас қазірдің өзінде жекелеген елдерді ғана емес, тұтас жаһандық экономиканы елеулі шығынға ұшыратуда. Ахуал жедел, тіпті сағат сайын өзгеруде. Әлемдік нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық өршуде. Өндірістік және сауда жүйелері күйреп жатыр. Бірақ соған бола байбалам салуға негіз жоқ. Біздің елімізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті резервтер мен амал-тәсілдердің бәрі бар» деді.

Үкімет дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін кешенді шаралар топтамасын тез арада жүзеге асыруға міндеттелді. Ең алдымен ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету керектігі тапсырылды. Қазіргі таңда Үкімет Президент тапсырмасы бойынша нақты іс-әрекеттер жасауда. Мұны бұқаралық ақпарат құралдарынан да, әлеуметтік желілерден де байқауға болады.

Президент валютаны шетелге шығаруға шектеу енгізетін жарлыққа қол қойғанын да мәлімдеді.

Тізе берсек, тізгінделетін іс көп. Жолдауда қарастырылған мәселелер кезең-кезеңімен іске асқан кезде, Қазақстан халқының жағдайы да, еліміздің саясаты да тек жақсаратыны анық.

Ендеше, іске сәт, Жаңа Қазақстанның жаңа азаматтары!

Әбдіманап Төлебаев, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *