Басты жаңалықтар Қоғам Құқық Мәселе

 Бюрократиядан қайтсек арыламыз?

13 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі» Жарлыққа қол қойды. Сарапшы мамандар «бұл Жарлықтағы талаптарды жүзеге асырсақ қоғамдағы көптеген келеңсіздіктерге тосқауыл қойылады» дегенді алға тартуда. Мемлекетіміздің дамуына оң өзгеріс әкеледі деп бағалауда. Осыған байланысты біз өзіміздің белсенді оқырмандарымызға «аталмыш Жарлық алып келер жаңалықтарға сенесіз бе, Жарлықта көрсетілген талаптар жүзеге асқан жағдайда қоғамда қандай өзгерістер болады деп ойлайсыз?» деген сауалдарды ортаға салған едік. Оқырмандар айтқан пікірді назарыңызға ұсынып отырмыз.

Жанысбек ӨТЕГЕН, Шымкент қаласы қоғамдық кеңестің мүшесі, қоғам белсендісі:

«Гүл сыйлағанға сот бар, ал миллиондарды жұтқандарға неге сот жоқ?»

Қоғамды деңдеген жемқорлықтан аяқ алып жүргісіз болып қалды. Мұндай жағдайда бюрократиямен жылап көрісетін жағдайға жеттік қой. Қала әкімінің өзі бастапқыда КОВИД-ті сылтау етіп, қоғам белсенділерін қабылдаудан бас тартып келді. Соңғы кездері ғана айтқан ұсыныс-тілектерімізге құлақ аса бастағандай. Ілгері уақытта ішкі саясат басқармасы үкіметтік емес ұйым мүшелерін жинап, басқосу өткізіп, қоғамдағы келеңсіздіктер бойынша талап-тілегімізді тыңдап, саралап отыратын. Қазір бұл жұмыс мүлдем жүргізілмейді. Содан да болу керек, мемлекеттік қызметтегі лауазымды азаматтардың жемқорлыққа ұрынуы жиіледі. Еліміз кедей емес. Бюджеттің қаржысын әділ, адал игеру кемшін. Соның салдарынан бөлінген қаржыны жеп қою, ішіп кету белең алған. Ал сол қаржыны ішіп-жеп кеткендер қызметінен ауысып немесе босатыла салады. Болды, сонымен іс бітті. Неге заң алдында жауап бермейді? Жемқорлар осылай құтылып кете берген соң қоғамда мемлекетке, үкіметтің жұмысына деген сенімсіздік орнаған.

Қазір Шымкент қаласында Мәдениет басқармасында, Ауыл шаруашылығы басқармасында басшы жоқ. Қайда кетті? Не үшін алынды? Ашып айтылмайды. Міне, бұл дегеніңіз ақпаратты жариялы түрде таратудағы бюрократия. Сондай-ақ, соңғы кезде бір түсініксіз тенденция белең алды. Қазақтың ықыласы ауған, елден ерек еріне ат мінгізіп, шапан жабу дәстүрін «пәрелеу» деп, оқушының ұстазына гүл сыйлауына да тыйым жасап, «пара беру» деп бағалап жатыр. «Пара бердің» деп соттайды да. Олай болса мемлекеттің миллиондап, миллиардтап қаржысын жымқырғандарды неге соттамайды? Мені күйіндіретін нәрсенің бірі осы.

Елдің сеніміне ие болу үшін алдымен осындай ақпараттарды жергілікті әкімдік, құқық қорғау органдары жасырмай, ашық айтып отыруы керек деп ойлаймын.

Ұлықпан БӘШЕНОВ, Абай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

«Билікте жүрген жас жігіттер үлкенді құрметтеуді білмейді»

– Мұның бәрі де «Еститін Үкімет» құру жолындағы еңбектер деп ойлаймын. Несін жасырамыз, халық пен биліктің арасы ажырап, алыстап кеткені белгілі. Кейбір мемлекеттік қызметшілер халыққа жоғарыдан қарайтын әдетке ие болғаны да рас. Осы бір келеңсіздікті жою үшін Мемлекет басшысының бұл Жарлығы орынды деп білемін. Ардагерлер кеңесіне келіп, мұң-мұқтажын айтатын қариялар аз емес. Біз қоғамдық ұйым болғандықтан кейбір мәселелерді шеше алмаймыз. Дегенмен, шешеді ғой деген ниетпен сол қарияларды кейде ертіп алып әкімшіліктегі сала мамандарына, бөлім басшыларына алып кіремін. Сондай кездерде байқаймын, билікке, мемлекеттік қызметке жаңа келген жас жігіттер үлкен кісі кабинетіне есіктен кіргенін көре тұра орнынан да тұрмайды. Амандасса амандасты, амандаспаса онысы да жоқ. Бас салып «неге келдіңіз?» деп сұрайды. Үлкен кісіге орындық ұсынып, қолын алып амандасып, жағдай сұрасып барып шаруасын сұрау жоқ. Дөрекі сөйлеседі. Шаруасын айта бастаса «Жоқ, болмайды» деп үлкен кісінің сөзін шорт кеседі. Жөн сілтеу, әңгімесін мұқият тыңдап, жылы сөзін арнау деген жоқ. Бұл қазіргі көп жас шенеуніктің бойында бар олқылық. Мұндайды көргенде шынымен-ақ қарның ашады. Ешкім кресломен туылған жоқ. Ата-бабасынан қалған тақ та жоқ. Мейлінше кішіпейіл болу, ізетті болу мемлекеттік қызметшінің басты міндеті деп ойлаймын. Әйтпесе, қарапайым халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспастан, өтінішін жүре тыңдау ұзаққа апармайды. Мемлекет басшысының бұл Жарлығы сол кемшілікті жоюға бағытталған деп білемін.

Абай ҚАЛЫБАЙ, қоғам белсендісі:

«Айтарлықтай өзгеріс болмайды»

– Бұл Жарлықтан менің ойымша қоғамда айтарлықтай өзгеріс болмайды. Ал мемлекеттік қызметкерлердің іс-құжат, одан есеп беру және жоғары лауызымдағы қызметкерлерге келісімдер (согласование) сияқты машақаты азаяды.

Бюрократия бастаманы (инициатива) басып тастайды, протекционизмді және озбырлықты, парақорлықты, интригаларды, адамдарға немқұрайлы қарауды, тоқырау мен жалған белсенділікті тудырады.

Қайрат ЖОЛДЫБАЙ, Шардара ауданының әкімі:

«Цифрландыру арқылы ашықтыққа қол жеткізуіміз керек»

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі» Жарлығымен танысып шықтым. Жарлық мемлекеттік қызметтің жұмысын оңтайландыру және халыққа барынша ашықтық таныту бағытында құрылған. Ол жерде цифрландыру, тиісті жұмыстарды көп күттірмей сапалы әрі тез шешу, халықты құжаттар үшін әр мекемеге қайта-қайта жүгіртпей бір база арқылы қызмет көрсету бойынша жұмыс атқару керектігі айтылған. Қағазбастылықтан арылу арқылы уақытты үнемдеу, барынша ашықтық және сапалы жұмысқа қол жеткіземіз деп ойлаймын. Ендігі кезекте халықты цифрландыру бағытына қарай оқытып, мемлекеттік мекемеге келмей-ақ, көптеген жұмысты үйде отырып атқара алуға үйретуіміз керек. Бұл мемлекет үшін де, халық үшін де өте тиімді болар еді. Сонымен қатар қоғам дерті болып келе жатқан сыбайлас жемқорлыққа да тұсау болар еді. Еліміз толықтай цифрлық жүйеге өтсе ең бірінші ашықтық, заңдылықтың сақталуы, мемлекеттік мекемелердің жұмысына қоғамдық бақылау күшейіп, санға емес сапаға жұмыс істеу еселеп артады деп ойлаймын.

Жалпы, заман ағымына қарай  мемлекеттік жұмыс жүйесі дамып, жетіліп отыруы құптарлы жәйт. Бюрократия сөзіне википедия берген түсінікке мән берсек, ол — (лат. bureau — бюро, канцелярия және грек, kratos — күш, билік, үстемдік, канцелярияның билігі) — атқарушы билік орталықтарының қоғам мүшелерінің еркінен тыс қалуына негізделген саяси, әлеуметтік және экономикалық жүйе, қоғамның және мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени салалардағы қызметтерінде ресми және бейресми шенеуніктік байланыстарға негізделген билік жүйесі дегенді білдіреді екен. Яғни мемлекеттік атқарушы биліктің ықпалдылығына негізделген жүйе. Әрине еліміздің өз алдына Тәуелсіздік алғанына енді 30 жыл уақыт болды. Біз үшін көп болғанымен тарихта өте қысқа мерзім. Жаңадан мемлекет құрып, оны басқару жүйесіне қою көп уақыт пен тәжірибені талап етеді. Заман өзгеріп, дамыған сайын кез келген мемлекеттің заңнамасы мен басқару жүйесіне өзгерістер енгізіліп, жүйе ауыса бастайды. Біз де осындай өзгерістерге қарай бет бұрып, даму сатысындамыз деп айта аламын.

Уақыт өткен сайын әлем бойынша адам құқығын қорғау күшейіп, демократияға басымдық берілуде. Сондықтан көбінесе мемлекеттік бюрократиялық басқаруға халық тарапынан наразылықтар күшейіп, ашық пікірлер айтыла бастады. Бұл келеңсіздікті жою үшін бюрократиядан арылып, ашықтық пен халық билігін күшейтуіміз керек деп ойлаймын. Өйткені билік пен халық егіз ұғым. Бір-бірінсіз дами алмайды. Үнемі санасып отыру тиіс.

Ал, жалпы бюрократиялық келеңсіз,  наразылықтар мен проблемалар бұрын да болған, бола да береді. Оны тек билік болып, халық болып келісім арқылы оңтайлы шешіп отыру қажет.


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *