Әлеумет Басты жаңалықтар Қоғам Мәселе

Ажырасу азаймай тұр

  Себебі мен салдары сан тарау бұл келеңсіздік қасіретке айналғалы қашан

Бастапқыда ажырасудың басты себебі ретінде қоғам балалы әйелдерге берілетін мемлекеттік жәрдемақы үшін жасалынып жатқан «қулық» деген. Мұнысы негізсіз де емес секілді. Себебі Шымкент қалалық соты судьяларының да алға тартатын басты уәжі осы. «Ажырастырыңдар» деп келген ерлі-зайыптылардың қатары әсіресе 2019 жылы күрт көбейген. Арасында көпбалалы аналар басым. Енді ше, мемлекеттік қамқорлық баланы жалғыз асырап отырған анаға келгенде емешегі езіліп-ақ тұр емес пе?! Жәрдемақы, тұрғын үй кезегіндегі жеңілдік, жалғызілікті ана ретінде түрлі қоғамдық ұйымдар тарапынан алатын қолдау, көмектер тағы бар. «Үйдің отын отағасымен бірге түтеткеннен гөрі, байсыз қатын атанған тиімдірек екен ғой» деген түсінік көп әйелді түзу жолдан адастырғаны рас.

Ардан аттап, арамдыққа барғандар да жоқ емес. Олар қағаз жүзінде ғана «ажырасып», шын мәнісінде бір шаңырақ астында әлдеттегідей ерлі-зайыпты болып тұра беретіндер. Тағы да сол мемлекеттен берілетін әлеуметтік жеңілдіктерге ие болу пиғылы.

Адам саны көп болғандықтан, некенің көп қиылатын жері де қала. Еліміз бойынша некесі қиылғандардың 70,9 пайызы қалаларда тіркелген. Сәйкесінше ажырасу да шаһарларда басым. Десек те, ұлттық тәрбиенің ошағы саналатын ауылдың да «қаймағы» әлдеқашан бұзылған ба дерсің? Бүгінгі дерек ауылдан да береке кетіп, ерлі зайыптылар арасында ажырасу көп екенін аңғартып отыр. Мысалы, Ордабасы аудандық сотында неке бұзу бойынша биыл үш айда 17 ерлі-зайыпты ажырасып үлгерген. Алайда, бұл былтырғымен салыстырғанда аз екен. Өткен жылдың үш айында мұнда 26 шаңырақтың шаттығы шайқалған. Ажырасудың көшін кентаулықтар бастап тұрғандай. «Ажырасамыз» деп келген 67 жұптың үш айда 36-сын сот екі айыруға мәжбүр болған. Қалғандарына «татуласып көрсеңдерші» деп отыр. Былтыр бұдан да көп болыпты. Оңтүстіктің оңтүстігі саналатын, қазақы дәстүрдің қаймағы сақталған дейтін Мақтааралдың да мақтанатын түгі жоқ. Мұнда жыл басынан бері 95 ерлі-зайыпты бір-біріне өкпелеп, сотқа жүгінген. Оның 47-сі өкпелерін жаза алмаған күйі екі жаққа кетіп отыр.

Әрине, отбасындағы кикілжіңге жиі араласатын психолог мамандар ажырасудың басты себебіне тұрмыстық түйткіл, қу жетіспеушілікті жатқызады. «Ауылдағы тұрмыстың ауырлығы, суды тасып ішу, малға қарау, тұрмыстық тірліктен титықталудан ерлі-зайыпты арасында жиі кикілжің туындай бастайды. Оның соңы қиялдағы «жұмақ» өмірді аңсау, өзгенің өміріне қызығуға жетелеп, бір-бірінің көзіне шөп салумен аяқталатыны да жасырын емес. Мұндай күнәлі іске «жердегі жұлдыздардың» әлеуметтік желідегі шалқыған, рахатқа балқыған «өмірлері» де итермелемей қоймайтыны ащы болса да ақиқат» дейді. Бұл уәждің қаншалықты маңызды рөл атқаратынын кім білсін, тұрмыстың тауқыметіне бала жастан бейім болып өсетін сайрамдықтар арасында да ажырасу азаймауда. Үш айда сотқа 100 отбасы «ажырасамыз» деп келіп, 64 жұптың жолы екіге айырылған. Әлі де бір шаңырақ астында тұрғысы келмей, соттың ажырастыруын күтіп жүргендер көп. Мұндай мысалды барлық аудан-қалалардан келтіруге болады. Ең өкініштісі, тіпті, қасірет саналатыны да – ешқандай кінәсі жоқ балалардың тірі жетім қалуы. Анасыз немесе әкесіз өскен баланың ішкі күйзелісіне кім жауапты, ертеңгі тағдыры не болмақ? Осындайда аузы дуалы ақсақалдың, әулеттің берекесін ұйыстырып отыратын дана апалардың да қатары азайғанын аңғарасың. Олар көп болса тентегін тыйып, ерке келінді тәрбиелеп алушы еді ғой.

Айтпақшы, ажырасып жатқандардың көбі 25-30 жас аралығындағылар көрінеді. Бұл адамның өз қолы өз аузына жетіп, ата-анадан көмек күтпейтін кезең бола тұра, әлі де ата-анасының ақшасына иек артып, өздігінен табыс таба алмай жүргендердің көптігін көрсетіп отыр. Отызға толса да «әлі баламын» дейтіндер барын аңғартады.

Қырыққа келсе де есі кірмегендер барын да жасыруға болмас. Себебі, ажырасып жатқандардың арасында 40-тан асқандар да баршылық. Психологтар бұл жас некені сақтап қалудағы қиын кезең дейді. Желік басылып, шынайы өмірге оралу, өсіп келе жатқан бала-шағаны жетілдіру жауапкершілігі арқаға түскен шақта қиындықты еңсере алмайтын ер де, кешегі сұлу мүсінін аңсап күйзеліске түсетін әйел де осы кезеңде көп кездеседі екен. Бұрын «бала үшін шыдап жүрмін» дегендер баласының ержеткенін көреді де «өзім үшін қашан өмір сүремін сонда?!» дегенді жиі малданып кете барады.

Ажырасатындардың арасында «уақытша некенің» құрбаны болғандар да аз емес. «Сүйдім, күйдім» дегенге иланып, тіпті «намазхан екен» дегенді де малданып, некесін жамағатпен қидырып, көп ұзамай «талақ» айтылып,  бала-шағасымен барар жер, басар тауы қалмай, тығырыққа тірелген әйелдер көбейген. Діннің атын жамылып, жауапкершіліктен жалтарғандардың арасында «талақты» телефонмен айта салатындары да бар екен. Дінтанушы мамандар уақытша некеге көп жағдайда теріс ағымдардағы азаматтар баратынын айтады. «Жұбайлық өмірдің» ыстығы басылған соң «талақ» айтып тастап кету олардың үйреншікті әдеті екен. Араб тілінен аударғанда «Никәх мутьа» — екі жақтың, яғни ер мен әйелдің бір келісімшартқа келіп, уақытша неке қиюы дейді дінтанушылар. Бұл неке уақытын шектеу екен. Әрине, шариғатқа қарсы дүние. Алайда жат ағымның жетегіндегі «жігітке» бұл шектеу болмай тұр. Зардабын алданған әйел көруде.

Десек те, ажырасқандардың бәрі бірдей бақытсыз емес. Қайта еңсесін тіктеп, бақытын басқадан тапқандары да баршылық. Мысалы, былтыр еліміз бойынша 25 мың ер азамат пен 22 мың әйел өз бақытын екінші некеден тапқан. Жалпы, былтыр мұндай 47 мың неке қиылған. Осылайша, 2021 жылы некеге тұрған қазақстандықтардың саны 2020 жылмен салыстырғанда 8,9 пайызға артқан.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр ресми түрде 140,3 мың неке тіркелген. Олардың көбі нұрсұлтандықтар. Екінші орында Алматы қаласы тұр. Мұнда 1000 адамға шаққанда 9,40 неке қиылған. Атырау облысында да жұптасып, жанұя болғандар көп (1000 адамға 7,86). Ең аз неке Қостанай облысында (1000 адамға 6,24) қиылыпты. Отбасын құрғандардың орта жасы ерлер арасында 27,9 болса, әйелдер арасында 25,2 жас болған. Қазақстандықтар  әсіресе, шілде, тамыз, қыркүйек айларында үйленгенді жақсы көреді екен. Наурызды да таңдайтындар көбейіп келеді.

Некені қай айда қидырса да екі адамның жұптасуы ең алдымен Жаратушының алдындағы жауапкершілікке мойынсұнуы, отбасылық өмірдегі қиындықты бірге көтеруге уәде етуі болса керек. Ал уәде Құдайдың сөзі екенін ұмытпаған абзал-ау. Сонда ажырасу да аз болар ма еді, кім білсін?!

Ж.ШАЛАБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *