Басты жаңалықтар Біле жүріңіз Өмірдің өзі

Мамыр айы мамыражай бола ма?

Көктемнің соңғы айы да келіп жетті. Мамыр айының ауа райы қандай болады? Осы сұрақпен біз «Қазгидромет» республикалық ауа райын болжау орталығының Түркістан облыстық филиалына хабарласқан едік. Метеорологиялық орталық Оңтүстік өңірінің алдағы ауа райына қатысты төмендегідей болжамдар жасап отыр екен.

Бұл айда облысқа ылғал қалыпты мөлшер деңгейінде түседі, тек таулы және тау бөктеріндегі аудандарда ғана ол қалыптағыдан жоғары болады. Жаңбыр жауып, найзағай ойнауы айдың бірінші жартысында және соңына қарай жиілейді. Екпіні секундына 15 – 20 метрге дейін жететін жел жиі көтеріледі, үшінші онкүндіктің ортасында шаңды дауыл болуы мүмкін. Айдың бірінші онкүндігінде облыс аумағында түнгі ауа температурасы 15 – 20, күндізгі температура 25 – 30, оңтүстік аудандарда 35 градусқа дейін көтеріледі. Таулы және тау бөктеріндегі өңірлерде түнде 5 – 10, күндіз 15 – 20 градус жылы болады. Кейін күн райы күрт салқындайды. Бұл кезде таулы және тау бөктеріндегі аумақтарда ауа температурасы -1 градусқа дейін төмендеуі, үсік жүруі мүмкін. Онкүндік соңына қарай ауа қайтадан жылына бастайды: түнде 10 – 15, күндіз 20 – 25 градус аралығында жылы болады. Таулы өңірлерде ауа температурасы түнде – 5, күндіз 15 градус шамасында жылынады.

Екінші онкүндіктегі ауа құбылыстары мынадай: түнде 11 – 16, күндіз 21 – 26 градус аралығында жылы. Таулы өңірлерде түнде 1 градустан 6, күндіз 16 градусқа дейін жылынады. Онкүндіктің соңында ауа температурасы түнде 11 – 16, күндіз 27 – 32 градус аралығында болады. Таулы өңірлерде түнде 6, күндіз 20 градус шамасында жылы болады.

Ал үшінші онкүндікте түнгі ауа температурасы 11 – 16 градустан 16 – 21, күндізгі температура 27 – 32 градустан 32 – 37 градусқа дейін жоғарылайды. Солтүстіктегі және тау бөктеріндегі аудандарда ауа температурасы түнде 6 градустан 11, күндіз 15 – 20 градустан 22 – 27 градусқа дейін көтеріледі.

Оңтүстіктегі мамыр айының ауа райына қатысты «Қазгидромет» республикалық орталығының болжамдары осындай. Яғни күн райы жиі құбылады деп болжанған, дегенмен аса жайсыз болмайтын сияқты. Ал арғы жағында жайнаған жаз маусымының да келіп жететіні белгілі.

О. ТҰРАР.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *