Текті қазақтың тәртіпке бас иген, айбыны асқақ ұлдары аз емес. Бірі- қарапайымдылықты ту етсе, екіншісі жақсылық пен батырлықты үнсіз жасайды. Кеудесін жалындаған оттың ортасында оққа тосқан менің ардақты әкешім хақында сыр шертсем… Ардақты әкем Алатаев Мұқан Шектанбекұлы — Ауған соғысы ардагері. 1964 жылдың бірінші қазанында Түркістан облысы( 2018 ж. дейін Оңтүстік Қазақстан облысы) Шардара ауданына қарасты, Қоссейіт ауылында дүниеге келген.

Күздің күрең тарта бастаған мезгілі еді. 1982 жылдың тура он бесінші қазанында елден жырақ әскерге аттанады. Бойында күш қуаты тасып тұрған жас жігіт шағы, алғаш әскери дайындықты Түркіменстан елінде бастапты. Алты ай бойы сержант дәрежесімен сонда дәріс алған. Балаң жігіт қатарластарымен жаяу атқыштар дайындайтын оқу орнында шынығады. Келесі жылғы көктемнің 10- наурызында Ауған еліне ұшып кете барады.
Әкешім жас болса да, қанқұйлы соғыстың кез келген минутында Отан алдындағы борышын өтеу жолында мерт болатынын білген. Әкем; Ауған еліне барған соң екі күннен кейін бөлім командирі болып бекітілген екен.
Ол кезде сержанттық құрамның аз болғанын айтады, соғыс уақытында жауынгердің, сарбаздың бірден азаюы да заңды. Екі айдан кейін взвод командирінің (замком взвода) орынбасары болып тағайындалыпты. Қарамағында 32 әскер(солдат) болған. Жауапкершілігі басым.
Душмандармен соғысқан, олармен бетпе-бет келген сәттер аз болмапты. Сол мезетте ол өлкенің соғыс қимылдары, сонау Кеңес Үкіметін құра бастаған кездегі 1917 жылғы революция Ауған жерінде сол сексенінші жылдары жүріп жатты деді. Артта қалған ба, әлде ел қираған ба, Октябрь революциясына қатысқандай күйде болғанын әңгімелегенде таң қалдым. Оқ пен оттың арасы болған соң, әскерилер арасында жүрген небір боздақтардың бойдағы да, отбасылы әскерилерде күнде келмеске кетіп жатқандарын көру Әкеме оңай болмапты. Жүрегін сыздатқан өкініш: біреудің жалғызы, біреудің жары көз алдында оққа ұшып мерт болғаны, дұшпанға да тілемейтін көрініс деп,- қиналып еске алады. Бұл тақырыпта сөзді де оңайшылықпен қозғамайды. Себебі, жамандықтың атын атағысы да келмеген көрегендігі болар.
“Жақсылықты ғана айта-айта көбейтейік”.
Әкешім 1984 жылы, 15- қазанда аман-есен елге оралады. Туған жердің топырағына табаны тиіп жеңіспен оралып, ата- анасы мен бауырларына қайтып келуді нәсіп еткен АЛЛАҒА алғысын айтып отырады. Бірақ кейде, оралмай қалған майдандас бауырлары есіне түсеме, құлазитынын байқаймын. Іштегі бар даусымен кейде айғайлағысы келген қасіреттің табын, бейбіт елге жария етпейді. Бұл ұлылық қой. Қазір Алланың берген өміріне шүкір етіп, Анашым екеуі 3 қыз, 1 ұлды дүниеге алып келіп, тәрбиелеп, бағып, қағып, қазір ұрпағының жалғасып, өсіп- өніп жатқанына шүкір дейді. Отбасы-ошақ қасын ғана емес, Отанын қорғаған- алып Әкеммен мақтанамын.
Қызы: Алатаева Әлия Мұқанқызы