Басты жаңалықтар Қоғам

От пен оқтың ортасында болғандар…

Жеңіс күні-жыл сайын тоғызыншы мамырда тойланатын мереке. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан бері көптеген жылдар өтті. Қазіргі ұрпаққа соғыс жылдары қандай болғанын елестету өте қиын. Өйткені, біздің бақытымызға орай, бейбітшілікте туып, соғыстың қасіретін тартпадық. Сол заманда өмір сүрген, соғыстың қасіретін тартып, сол соғысқа барып, елін, жерін, Отанын қорғаған үлкен қайын атам -Мейірмашов Сағат Мейірмашұлы туралы айтуды жөн көрдім. Ол нағыз от пен оқтың ортасында болған азамат еді.

Ел ағаларынан естуім бойынша ойындағысын екі-ақ ауыз сөзбен жетесіне жеткізетін, тілі -қайратты, есепші кісі болған. Орынсыз сөйлеп, әңгімеге кірісіп кетуді ұната бермейтін кірпияз жан болған екен.
Соғыс басталғанда жасы балғын шақтан енді аса берген үлкен атам, 1925- жылы қазіргі Ордабасы ауданы, Арыс өзенінің бойында туылған. 1941 жылы неміс фашистері тұтқиылдан елге басып кіріп соғыс ашқанда, атамның әкесі -Өсжігітов Мейірмаш майданға аттанғанда, атам Мейірмашов Сағат Мейірмашұлы Шымкенттегі оқуын тастап, анасы Айткүлдің жанына қолғабыс болуға ауылға келеді. Әке орнына колхоздың сан-салалы жұмысына араласып, атамыз елде қалған үлкені мен кішісі бар адамдармен бірге тізе қосып еңбек етті.
Он сегіз жасының көктемі басталмай жатып, 1943 жылы соғысқа өзі сұранып кетеді. Ашхабатта үш ай курста оқып шыңдалады да, майдан даласына ұрысқа минометші -Мейірмашов болып кіріседі.
Буыны қатып үлгермеген өрімдей жас жігіттің, толарсақтан саз кешіп, оқ пен отқа қарсы жан ұшырып алға ұмтылуын көзге елестетудің өзі қорқынышты.
1944 жылдың қыс айында шегінген немістің жанкешті ұрыстарының бірінде атамыз Сағат Мейірмашовтың командалық миномет батереясы неміс авиациясының сұрапыл шабуылына ұшырады. Оқ тиген жерінен аққан қан, аппақ қардың бетін қызылмен бояп тастағандай болды. Атамыздың жарылған басы мен сынған қабырғасы орнына келгенімен, қолынан тиген жарықшақтың кесірінен, оң қолын шынтақтан жоғары жерінен кесуге тура келеді. 1944 жылы әскер қатарынан босатылып, шинелін сүйретіп ауылға келгенде, көзінен жасы сорғалаған анасы- ұлын құшағына алып, тірі оралғанына қуанған. Атамыз қырық жылдан астам үздіксіз еңбек етіп, Ұлшым әжеміз екеуі бес ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Немерелері мен шөберелерінің маңдайынан иіскеп, бетінен сүю бақыты бұйырған қадірлі жан. Алайда тағдырдың жазуына амал бар ма? Атамыз -Мейірмашов Сағат Мейірмашұлы 2001 жылы дүниеден өтті. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді халқымыз. Біздер, қазіргі ұрпақ о дүниелік болып кеткен ата- бабаларымызға тек құран бағыштаудан басқа амалымыз жоқ. Сұм соғыстың біткеніне биыл 77 жыл болыпты. Жыл сайын, Отан үшін күрескен ерлердің, батырлардың жеңісін әрбір жан атап өтеді. «ЕР есімі -ЕЛ есінде, мәңгілік.

Немере келіні: Әлия Алатаева

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *