Біле жүріңіз Мәселе

Әншілерге ауыл аралату керек

Оқшау ой!

Қазір кімнің жұлдыз, кімнің қарапайым адам екенін білмей қалдық. Нағыз омырауына жарқыратып жұлдыз тағатындардың еңбегі еленбей жерде қалып, ебін тауып, «түлкі заманды» тазы болып шалғандар «көкте жымыңдайтын» заман келді. Сондай қолдан жасалған жұлдыздардың қатарынан әншілерді де көруге болады.

Әрине, жұлдыздықты әншілерден қызғанып отырғанымыз жоқ. Бірақ, олардың арасында фонограммаға байланған концерттерін айналдырып келіп ірі қалаларда ғана өткізіп, ауылға ат ізін де салмай кететіндері көп. Халықтың жүрегіне жол тапқан шын жұлдыз болса, жанды дауыстағы концертін ауылдарда қойып, елдің шынай ахуалын көзбен көруі тиіс. Тіпті, «Қазақконцерт» секілді ірі мекеме ұжымы мен мәдениет үйлерінде жұмыс істеп, жалақы алатын әртістерге ауылдарды аралап, елге шығуды міндеттеу керек. Керісінше, олардың тойдан қолдары босамайды. Бұл дұрыс емес.

Қазір әншілер Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан әрі аспайтын болды. Бұрын қойшы ауылдарға дейін аралайтын Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Нұрғали Нүсіпжановтар қазір қайда? Роза Бағланова апамыз от пен оқтың арасында, майдан даласын аралап жүріп ән салды. Сонда да олар өз уақыттарында жұлдыз ауруына ұшырамаған еді. Қазіргі жұлдыз әншілер қарапайым халықпен санаспақ түгілі бірге суретке түсуге де арланатын болып барады. Өзін аспанда жүргендей сезініп, тіпті, жол ережесіне де бағынуды қош көрмейтін болған. 

Расымен рухани жаңғыру жолына түскен болсақ, сол әншісымақтардың бәріне мемлекеттік бақылау қажет. Әншілер мен әртістерді тәрбиелемесек, олардың емін-еркін, ашық-шашық жүрістері кейінгі буын өкілдерінің тәрбиесіне кері әсер етіп, теріс жолға түсуіне себепкер болуда. Салдарынан көпшілік алдында әуретін жарқыратып жүруге арланбайтын буын пайда болды. Сонда біздің кейбір жұлдыз санап жүрген қандастарымыз – ардан аттап, ұяттан безгендер болғаны ма?

Бұл үрдіске аға буын өкілдері дер кезінде тосқауыл қоймасақ, ар мен ұят, намыс сезімін архивке жөнелтіп алуымыз мүмкін. Ал «Жаңа Қазақстанды» аталған ұлттық құндылықтарсыз елестету мүмкін емес.

Хасен Тұрлыбеков,

Отырар ауданы, Шәуілдір ауылының тұрғыны.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *