Әлеумет Басты жаңалықтар Мәселе

Сайрам ауданында мектеп құлауға шақ тұр

    Оған алаңдайтын «атқамінер» жоқ.

Апат айтып келмейді. Иә, бұл табиғат апаттарына қатысты айтылған. Алайда, мектеп ғимаратының апатты жағдайда екені көрер көзге көрініп тұрса да қауіпті жоюға ешкім көңіл бөлер емес. Бұған Сайрам ауданына барғанда көз жеткіздік.

 Оқырманның есінде болса 14 ақпан күні Сайрам аудандық адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты Құрманғазы атындағы мектептің жылу қазандығы жарылып, салдарынан адам шығыны боған еді. Осы оқиғаның орын алғанына үш айға жуық уақыт өтсе де әліге дейін оның себеп-салдары, айыпты адамның жауапкершілікке тартылғаны жайында мәлімет естімедік. Әрине, біз біреудің сотталуына немесе жұмыстан қуылуына мүдделі емеспіз. Алайда, әрбір қателіктің, немқұрайдылықтың өз жауапкершілігі болуы тиіс. Сонда ғана мұндай қайғылы оқиғалар қайталанбайтын болады.

Өткен аптада жергілікті ата-аналардың арнайы шақыртуымен Сайрам ауданының Әсіл ауылында орналасқан Шоқан Уәлиханов атындағы мектепке бардық. Ата-аналардың айтуынша, мектеп ғимараты апатты жағдайда екен. Құлақпен естіген жайтты көзбен көрмек мақсатта мектеп ішіне кірмек болғанымызға, ғимарат жағдайын бейнетаспаға түсіруге ұжым басшысы Мәдина Көшекбай қарсылық танытты. Бірақ мұның журналистің жұмысына кедергі болып табылатынын түсінген соң амалсыз көнуге тура келді. Өзі де бізбен бірге жүрді.

Мектептің ахуалы ата-аналардың алаңдайтынындай бар екен. Құрылыс саласының маманы болмасақ та қақ жарылған қабырғаларды көргенде мұндай ғимаратта оқушылардың сабақ оқуы қауіпті екенін бірден түсіндік. Мәселе құлағалы тұрған қабырғасында ғана емес екен. «Жыртық үйге тамшы жау» демекші, жаңбыр жауса тесік төбеден су сорғалайды. Оны мектеп басшылығы демеушілердің көмегімен жамап отырғандарын жасырмайды. Жағдай өзгеріссіз дәл осылай жалғаса берер болса, қандай қайғылы оқиғаның орын аларын айту да қиын. Алла сақтасын, әрине! 

Ғимараттың тозығы жететіндей көне де емес. Негізі 2009 жылы қаланған ғимараттың оқушыларға қызмет еткеніне небәрі 13 жыл ғана болған. Сол кезде құрылыстың өте сапасыз жүргізіліп, оны тиісті мекемелер «көз қысты, бармақ бастымен» қабылдап алғанын қазіргі кезде қақ айырылған қабырғалар дәлелдеп тұрғандай. Өкінішке қарай, іс бітті, қу кеттінің кері келгені көрініп тұр. Ендігі жерде өткенге тас лақтырып, қол қусырып қарап отыру да жарамас. Ауданның бас ұстазы Әлжан Сапарбеков бұл мәселені шұғыл жағдайда жоғарыдағылардың назарына ұсынып, бір шешімін табуға әрекет етпесе болмайды. Аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков те «білім саласы ауданнан кетіп, облысқа өткен» деп, салғырттыққа салынбай, мәселені облыстық деңгейде күн тәртібіне көтеру керек. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Апатты жағдайдағы ғимарат құлайтын болса, қанша оқушы үйінді астында қаларын ешкім білмейді. Мемлекет үшін ең қымбат қазына — адам мен оның өмірі екені рас болса, бұл мәселе биліктегілерді бей-жай қалдырмауы тиіс. Тараздағы мектеп әжетханасындағы оқыс оқиға салдарынан нешеме адамның қызметтен қуылғанын естен шығармағанымыз абзал.

Әжетхана демекші, біз сөз етіп отырған мектептің әжетханасы іште, септигі сыртта екен. Бірақ сол әжетхана мен септиікті байланыстыратын құбыр қойылмаған ба, әлде жарылған ба түсініксіз. Әйтеуір жоғарғы қабаттан аққан әжетхананың лас суы бірінші қабаттағы сыныптардың төбесінен сорғалайтынға ұқсайды. Сол себепті, мектеп басшылығы әжетханалардың есігін бекітіп қоюға мәжбүр болған.

Осы секілді келеңсіз көріністер ұл-қыздарын аталған мектепке беретін ата-аналарды бей-жай қалдырмайтыны түсінікті. Солардың бірі — Жамбыл Ілесбаев былай дейді: «Осы мектепте бала-шағамыз оқығаннан кейін қолдан келген көмекті беріп тұрамыз. Математика кабинетін безендіріп, күтіп ұстауды демеушілікке алғанбыз. Жылда сол сыныптың төбесінен су ағады. Біз оны жыл сайын сылап, ақтап беріп жүрміз. Бірақ еткен еңбегіміз еш кетеді. Төбеден су сорғалай берген соң едендер жарылып, терезелер дұрыс жабылмай қалған. Мектеп ғимаратын жаңадан салынған деп ешкім айтпайды. Жылу беру жүйесі де сапасыз, қыста құбырлар жарылып, оқушылар мен мұғалімдер дірдектеп, тоңып шығады. Бұл келеңсіздіктерден қашан құтылып, қауіп-қатерден қашан арылар екенбіз?».

Білім ұясының апатты жағдайына алаңдап, жөндеу керектігін айтып, жан-жаққа жүгіріп жүрген адамның бірі – мектеп қамқоршылық кеңесінің мүшесі Гүләйім Оразаева. «Айтып, жазып шаршадық, – деді Г.Оразаева. – Облыс әкімі Ө.Шөкеевке үш рет хат жаздық, аудан басшысының табалдырығын тоздырдық. Нәтиже жоқ. Жауап жалғыз – қаржы тапшы. Облыстық мәслихаттың жуырда өтетін сессиясында мектебімізді жөндеуге қаржы бөлу мәселесі қаралады деген әңгіме бар. Әйтеуір үмітімізді үкілеп отырмыз».

Мамандар апатты мектеп ғимаратын қалпына келтіру үшін 675 миллион теңге қажет екенін есептеп шығарғанға ұқсайды. Мектеп директоры Мәдина Көшекбай мектеп ахуалын мәжіліс депутаттары да келіп көргенін, бірақ 675 миллион теңге ғимаратты жөндеуге тым көп екенін айтқанын жеткізді. 2009 жылы бұл мектептің құрылысы 370 миллион теңгеге салынғанан ескерсек, уақытынан бұрын күрделі жөндеуге тағы осынша қаржы жұмсаудың қисынсыз екені рас. Бірақ қазіргідей баға өсу кезінде басқаша болуы мүмкін бе? Бір кездері әлдекімдердің сапасыз жүргізген құрылысы мен оны қабылдап алған шенеуніктердің салғырттығына оқушылардың өмірімен, қауіпсіздігімен жауап берілуі керек пе? Бәлкім, жағдайдың қауіптілігін түсіну, сайрамдық ата-аналардың уайымын сезіну үшін қазынаның құлағынан ұстағандардың ұл-қыздарын осы апатты мектепте оқыту керек шығар.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *