Uncategorized

Шатақ шіркейден шыққалы тұр

Сәуір болмай, тәуір болмас дейді атам қазақ. Алайда, Арыс қаласы мен Отырар, Шардара аудандарында сәуір келгелі тәуір болмай тұр. Өйткені, осы ай бастала салысымен аталған аудан-қалаларда қаптап кеткен шіркей тұрғындардың тынышын алып, қолайсыздық тудыруда.

Әрине, шіркейдің зияндығынан бейхабар адамдар осы да мәселе болып па деп ойлауы мүмкін. Бірақ, олардың дененің ашық жерін тістеп-шағуынан бөлек аллергия тудырып, жұқпалы аурулар тарату қаупі жоғары екенін де естен шығармаған жөн. Қолайсыздыққа тап болған тұрғындардың шіркейге қатысты шағымына байланысты жергілікті билік тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білу үшін аталмыш аудандардағы жауапты басшыларға хабарластық.

Ержан Оралбай, Отырар ауданы әкімінің орынбасары: — Шіркей шаққан жерде жаралар пайда болып, ол асқынуы да мүмкін. Құлақ пен көзге, ауызға кіріп, қолайсыздық тудыратыны тағы бар. Кешелі бері күн салқындап, сәл де болса жағдай дұрысталды. Бірақ, шіркейдің күн ысығанда көбейетінін ескерсек, мәселенің барлығы алда екені түсінікті. Қолайсыздықтың алдын алу үшін мамандарды әкімге алып кіріп, қандай амалдар жасайтынымызды ақылдасамыз. Бұл мәселе Шардара мен Арысқа да, Түркістанға да тән болып отыр. Сондықтан ортақ қиындықты еңсеру үшін бірлесіп қимыл жасауымыз қажет.

Шіркей қайдан пайда болуда? Бірінші кезекте осы сұраққа жауап табу үшін зерттеу жүргіздік. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, шіркейдің шығу ошағы — «Көксарай» су реттегіші деген тұжырымға келдік. Бұрын аудан бюджетінен шіркейге қарсы қаржы қаралмаған. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаевтың қатысуымен өткен кешегі селекторлық отырыста қаржының облыс қазынасынан бөлінетіні айтылды. Осыған байланысты облыстық Энергетика мен Экономика басқармасы тиімді жолдарын қарастыруда.

Нұрмахан Сапаров, Шардара қаласы әкімінің орынбасары: — Шіркейдің шығу себебін биылғы түскен ылғал мөлшерінің көптігімен байланыстырып отырмыз. Алайда, шіркейге қарсы күрес жүргізетін арнайы бағдарлама болмағандықтан, қаржы да қаралмайды. 2020 жылы осы мақсатқа қаржы бөлуді заңсыз деп тапқан облыстық прокуратура жұмысты тоқтатып тастаған еді.

Биыл шіркейдің көп болатынын алдын ала болжап, наурыз айында облысқа хат жазғанбыз. Кешегі облыста өткен селекторлық отырыста осы мәселе күн тәртібіне қойылды. Бірақ, әзірге нақты жұмыс басталмады. Арнайы қаржы қаралып, алдын алмаса оңай болмайын деп тұр. Арыс қаласының әкімі дұрыс мәселе көтерді, бірақ оған қаржы қарау қиын. Заңға томпақ. Облыс жәрдем бермесе, шіркеймен күресуге ауданның шамасы келмейді-ау. Біз арнайы көліктерімен шағын көлшіктерді залалсыздандыруымыз мүмкін, бірақ бұл мәселенің шешімі бола алмайды. «Көксарай» су реттегішіндегі жағдайды реттемей, қиындықтан құтыла алмаймыз. Негізі шіркей проблемасы «Көксарайдың» іске қосылуымен бірге келді. Әйтпесе, Шардарада мұндай мәселе болмайтын. 

Гүлжан Құрманбекова, Арыс қаласының әкімі: — Облыстан шіркейді жоюға қаржы қаралмағандықтан бұл мәселені өзім көтердім. Шұғыл шығындар есебінен қаржы бөлетінімізді айтып, жұмыс басталды.

Облыс қазынасына құйылуы тиіс табыстың шіркейге қарсы күреске жұмсалатын соммасын өзімізге қалдыруды сұрадым. Сұранысым жұма күні өтетін облыстық мәслихаттың сессиясында қаралып, қанағаттандырылса жұмысты шұғыл бастай береміз. Қазір алдын ала дайындық жұмыстары жасалуда.

Шыбын-шіркей, маса мәселесі ел астанасы – Нұр-Сұлтанда да өзекті есептеледі. Ел жүрегінде өткен ЭКСПО кезінде жаппай залалсыздандырудың нәтижесінде қала зиянкестерден арылғаны есімізде. Демек, шіркейлермен күрес те нәтиже беруі тиіс. Тек оның заңды жолын табу керек. 

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *