Әлеумет Басты жаңалықтар Мәселе

МАЛ БАҒАТЫН ЖЕР ЖОҚ

Көктем шығысымен ауыл тұрғындарын толғандыратын басты мәселе – жайылым тапшылығы. Бұл Түркістан облысында ғана емес, еліміз бойынша қалыптасқан жағдай. Баяғы жайлымдық жер тарылып кеткен. Қыстан қысылып шыққан малдың аузын көкке салу қиын болып тұр. Малмен күнелтетін ауыл тұрғыны төрт түліксіз қалай күн көрмек? Бұл үлкен мәселеге айналғалы қашан?! Ауыл тұрғындары ағарғанын айырып отырған сиыры мен қойын жаятын жер таппай, түрлі деңгейдегі дау-дамайға да барып жүр. Ал Үкімет «ауылда тұрсаң, мал бағып күнелт» дейді. Малды қайда бағады?

Жақында Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты С. Дүйсембинов Үкіметке депутаттық сауал жолдап, әсіресе Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарында мал жаятын жайылымның жоқтығынан ауыл тұрғындары көп зардап шегіп отырғанын айтқан болатын. «Елді мекендерде малдың 80 пайызға жуығы қорадан шықпайды. Жайылымдыққа бөлінген 21 миллион гектарға жуық жер әбден тозған», — деген еді ол.

Ауыл-аймақта елді мекенге таяу маңның дені сатылып, жалға беріліп кеткен. Тұрғын үй, коммериялық нысан, әлеуметтік ғимараттар құрылысына бөлінген аталмыш аймақтар ілгері уақытта мал жайылымдық жер болатын. Рас, елімізде мал жайылымына мүлдем көңіл бөлінбейді деуге негіз жоқ. 2017 жылы «Жайылымдар туралы» Заң қабылданған. Өкінішке қарай, малы бар жұрт «бұл заң мәселені шешкен жоқ» деп отыр. Мәселеге орай жарияланған ҚР Президентінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жарлығы да аймақтарда өз деңгейінде орындалмай жатқанға ұқсайды. Ауыл іргесіндегі жайылымды жерді мемлекетке қайтару ісі сиырқұйымшақтанып кеткен. Мысалы, Сауран ауданы Шаға ауылының тұрғыны, кезінде шаруашылықта мал дәрігері болып еңбек еткен А.Мехмановтың айтуынша, ілгеріде ауыл іргесіндегі жайылымда 36 мың ұсақ, төрт мың ірі қара, 400 жылқы және 100 түйе жайылатын.

– Шаға ауылдық округіне төрт ауыл – Шаға, Ынтымақ, Бершінтөбе және Шоқтас кіреді. Осы ауылдарда қазіргі таңда 6894 бас ұсақ, 846 ірі қара, 133 жылқы және басқа да үй жануарлары бар. Жайылымның болмауына байланысты осынша мал қорада иіріліп тұр. Көрші Ескі Иқанда аудан әкімі Ғ. Рысбековтың өкімімен жалға алушылар мен меншік иелерінен 13 мың гектардан астам жер алынып, жайылымға берілді. Бізге де жайылымдық жер берсе екен. Несін жасырамыз, бұрынғы жайылымдық жердің біраз бөлігі жаңа халықаралық әуежай құрылысына, енді бір бөлігі жеке меншікке бау өсіруге берілген. Онда қазір қара өрік өсіріліп жатыр екен. Түркістан қаласының жасыл белдеуін көшеттермен қамтамасыз ететін «Жасыл Аймақ» орман питомнигіне де осы аймақтан жер берілген. Былай қарап тұрсаң, жаңа облыс орталығына бұл нысандар да керек-ақ. Маңызды. Алайда қорасындағы малын шаруа қайда жаяды? Тұрғындар тек көкөніспен қоректенбейді ғой. Ет жейді, ағарған ішкісі келеді, — дейді А.Мехманов.

Сауран ауданының атқамінерлері, атап айтқанда, ауданның ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мамандары мақсатсыз пайдаланылған жерді қайтарып алуға күш салуда. Жайылымдық жерді түгендеу басталған. Қазірдің өзінде ауыл әкімдерінің жүргізген әңгімесінің нәтижесінде 29 жер иесі учаскелерінен бас тартқан. Десек те бұл істен Шаға ауылының тұрғындарына ешқандай пайда жоқ. Шаға ғана емес, Оранғай ауылының тұрғындары үшін де жайылымдық жер үлкен мәселе.

Түркістан қаласын дамытуға байланысты жері тарылып, жайылымдық алқабы құрылысқа алынып жатқан Сауран ауданын айтпағанда, бұл мәселе Келесте де келісті болып тұрған жоқ. Келестік малшылар да талайдан бері жайылымның тарлығын айтып, шулап жүр. Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, таяуда Келес ауданында 90 мың гектарға жуық жайылым жалпы пайдалануға берілген. «Келес ауданы және ауыл әкімдіктерінің, сондай-ақ, жер қатынастары бөлімінің бірлескен жұмысының нәтижесінде Бозай ауылдық округінің тұрғындарына 1375 га, Жамбыл — 2000 га, Бірлік — 800 га, Біртілек — 94,65 га, Бірлесу — 75 га, Ұшқын ауылдық округінің тұрғындарына 75,84 га жер телімдері бөлінді» дейді баспасөз қызметі.

Сонымен бірге, аудан тұрғындарымен жасалған меморандумға сәйкес, жыл соңына дейін жалпы пайдаланудағы жайылымдық жер есебіне 66 мың га жер беру және елді мекендерден 5-10 шақырым қашықтықта орналасқан 27 мың га жайылымды жер иелеріне баламалы учаскелер беру жолымен немесе тараптардың келісімі бойынша ауданның арнайы жер қорына қайтару жоспарлануда екен.

Күнделікті көріп жүргеніміздей жеке қосалқы шаруашылық жүргізетін ауыл тұрғындарының көпшілігінде орта есеппен кемінде он бас ірі қара мал және бұдан бірнеше есе көп қой бар. Жайылым ретінде негізінен үй учаскесінің аумағы қолданылады. Ірі шаруашылықтардың өз жайылымдары бар. Бірақ бұл мәселені шешпейді. Жыл сайын мал басы өсуде, оның ішінде «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолдау алғандар мал басын көбейтуді көздеп отыр. Ал жайылымды жер аумағы бұрынғысынша қалуда.

Үкіметтің қаулысымен жайылымдардың жалпы алаңының жүктемесіне шек белгіленген. Өз нормалары бар.

Рұқсат етілген жайылым жүктемесіне сәйкес, жайылым алаңының бір бөлігін азықпен қамтамасыз ете алатын аумақ құрайды. Мысалы, ірі қара малдың бір басына 7 гектар, ұсақ мал басына 2 гектар жер берілуі керек.

Бұл нормалар экологиялық тепе-теңдікті, табиғи шөптің сақталуына, эрозия мен топырақтың тығыздалуын болдырмау үшін қолданылады. Бұл талап орындалмаған жағдайда жердің құнарсыздығы, тағы басқа мәселелер туындайды. Әзірге бұл талаптар қағаз жүзінде қалып отыр. Шаруаның шымбайына бататыны да осы. Бос жер жоқ. Осыдан барып малшы мен билік өкілі арасында үнемі қақтығыс болады да жатады. Егістік алқабына мал түсіп кетіп, меншік иесімен болатын кикілжің де аз емес. Сонда шаруа малды қайда жаяды? Тиісінше, мал өсірушілер мен жергілікті атқарушы билік өкілдері, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімдері мен басқармалары, сондай-ақ ветеринарлық қызмет өкілдері арасында қақтығыстар орын алады.

Айтпақшы, сөзімізге тиек еткен сенатор С.Дүйсембинов Премьер-Министрдің атына жолдаған өз сауалында былай дейді: «Егер жер мәселесін жүйелі, ұлттық деңгейде қарастырмасақ, жайылым мәселесі шешілмейді. Бірқатар шет мемлекеттер жерді ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі ретінде қарастыруға әлдеқашан көшкен, сондықтан жер мәселесіне ерекше мән беретін кез келді деп санаймыз».

Біздің де бұған қосып-аларымыз жоқ.

Ж.Ержанова.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *