Басты жаңалықтар Қоғам Мәселе

Әселхан апаның аманаты…

      Немесе Халық ақынының сүйегі қайта жерлене ме?

Халық ақыны, айтыскер Әселхан Қалыбекованың жалған дүниеден пәниге көшкеніне де жылға жуықтады. Пандемияның тыйымына қарамастан, ақынның жаназасына мыңға жуық адамның жиналуы – халықтың Әселхан ақынға деген құрметінің ерекше екендігін білдірсе керек.

Бақилық болған адамға тірі адамның тигізер шарпаты – дұғасы ғана. Марқұмның әруағына бағыштап, көп құран оқытатынымыз да сондықтан. Әруақтар көрде тыныш жатсын десек, қара жерден күнәлі хабар бармағаны дұрыс. Бір Аллаға сыйынып, өткен-кеткен марқұмдарға Құран бағыштап, олардың атынан садақа беріп, сауапқа кенелткен игі. Қазақта «көрінде тыныш жатсын» деген ең ізгі тілек тегін айтылмаған ғой. Ал, әруаққа арнап зәулім етіп кесене тұрғызу оның қабірдегі жағдайын жеңілдетіп, жайландыратыны жайлы шарғатта жарты ауыз сөз де айтылмаған. Керісінше ауырлататыны ескертіледі… 

Кесене демекші, сүйікті ақынымыз болған Әселхан апамыздың басына тұрғызылған кесене бүгінде зиярат орнынан бұрын даудың нысанына айналғаны өкінішті. Ал ол даудың өзге емес, ақын апамыздың туыстары, жақын адамдардың арасында туындағаны өзекті онан сайын өртейді. Дәлірек айтқанда, Әселхан апамыздың үлкен қызы Айгүл Құрманбекова әлеуметтік желіде кесенені тұрғызған нағашысы (анасының туған інісі) Әмірхан Қалыбековты қаралайтын жазбалар таратуда. Ол жазбаға сенсек, Әселхан апамыз Айгүлдің түсіне кіріп, өзінің қабірде қиналып жатқандығын, үстін басқан зіл батпан тастардан құтқаруды сұраған көрінеді. Ақынның қабірінде қиналып жатқанын түсінде көрген тек Айгүл емес секілді, шәуілдірлік Нышанәлі есімді жігіт те мәйіттің қызыл жалынға оранып жатқанын көргенін айтады. Бүгінде нағашы-жиендердің өзара түсініспеуі салдарынан ақынның сүйегін қазып алып, басқа жерге қайта жерлеу керектігі жөнінде әңгіме айтыла бастағанын несіне жасырамыз.

Әруақ төңірегіндегі дау-дамайға араласу, оны көпшілік талқысына салу, әрине, құптарлық жайт емес. Дегенмен, даудың ертерек тоқтауына, әруақты орынсыз мазалауға жол бермеу, сүйікті ақын апамыздың көрінде тыныш жатуына септігімізді тигізу мақсатында ел аузындағы әңгімелердің анық-қанығына көз жеткізуді жөн көрдік. Бәлкім, көпті көрген дуалы ауыз қариялар, дін саласының мамандары даудың шоғын одан әрмен үрлемеуіне бір көмегін тигізер деген ниет болды. Осы мақсатта өткен аптада арнайы Шәуілдірге барып, алдымен кесенені көрдік, кейіннен бірнеше адамды әңгімеге тарттық.

 «Кесене өте биік етіп көтеріліпті. Әмірхан нағашымыз «Әпке сіздің аманатыңыз орындалды» деп, әлеуметтік желіге бейнеролик салды. Бұл анамның аманаты емес. Анам ондай аманат қалдырған емес. Бұған ашуланғандықтан мен әлеуметтік желіге өзім жазған өлеңді жүктедім, — дейді ақынның үлкен қызы Айгүл Құрманбекова. – Керісінше, анам ауырып жүрген соңғы 4-5 жылдан бері маған «мен өлгенде қабірім ашық болсын, жел мен жаңбыр тиіп тұрсын» деген аманатын айтатын. Бірақ біз анамызды «өлмейсіз» деп жұбататынбыз. Мұндай дау туындайтынын білгенде аманатын қағазға түсіріп, қол қойдыртып алар едім ғой.

Анамды қазіргі жатқан жерінен шығарамыз ба деген мәселені көтерген де менмін. Оны айтқан себебім, анам 2-3 рет түсіме кіріп, «мені мына жерден құтқар, шығар» деп аян берді. Мен бұған қалайша жайбарақат қарап, алаңсыз жүремін. Алайда, Әмірхан нағашым бұл түсіме сенгісі келмейді. Жалғыз көрсем мейлі, осы мағыналас жайт анамның көршісі болған жігіттің түсіне де еніпті ғой. «Қабірді ашып, марқұмның әруағын мазалағанша неге үстіндегі кесенені бұзбайсыңдар» деп ақыл қосқандар да болды. Бірақ, салынған нәрсе бұзылмайды екен. Ең болмағанда жел, жаңбыр тиіп тұратындай етіп төбесін ашып қойыңыз деген тілегімізді де Әмірхан нағашым құлаққа ілмеді. Әйтпесе, құрылыс жүріп жатқанда мұны нағашыма талай айттық, араға адам да салдық. Уәде береді, бірақ онысын орындамады. Біздер анамыздан айырылып, қайғы жамылып, жылап-сықтап отырғанда-ақ ол ешкіммен ақылдаспастан кесене құрылысын бастап жіберген екен.

Нағашымыз анамыздың «69 жастағы арпалыс» деген өлеңін алға тартып жүр. Әрине, кішігірім кикілжің әрбір отбасыда кездеседі ғой, оның үстіне инсульт алғанда адамда сәл ауытқу болады екен. Бұл өлең сондай кезеңде жазылған».

Үлкен қыздың сөзін ақынның кіші қызы Фариза Құрманбекова да қолдап, қуаттап отыр. «Біз екі сөйлемейміз, — дейді ол. – Анамның қырық күндік асынан кейін нағашымыз үйдегі құдайы мен оқылған құранға қатысқан емес. Шынымды айтсам, осы оқиғалардан кейін нағашымды көргім де келмейтін болды. Тек «анамның бауыры ғой» деп Құдайдан ұялғаннан сәлем беремін. Шешем барда олармен әйтеуір құшақ айқастырып амандасатынбыз, анам кеткелі ортадағы дәнекер-қақпа құлады. Анамның жаназасын шығарарда сіңлілерінің бірі алтын жүзігін бер деп ұрыс шығарып еді, енді інісі қабірінің үстін бетондап тастады. Қабір азабынан алыс болсын деген ниеттегі адамның тірлігі емес қой бұл.

Анам жалғыз емес, отбасы, ұл-қыздары бар адам. Ешкімі жоқ болса түсінеміз, бауырлары әрекет ету керек. Бір құрсақтан тараған бесеуміз жылы жақындағанда өзі айтқандай қабір басына ашық қорған саламыз деп ойлағанбыз. Әлі де қайғыдан арыла алмай, өзімізге келе алмай отырғанымызда әлдекімдерден «аналарыңның басына кесене тұрғызуды бастап қойыпсыңдар ғой» дегенді естігенде таң қалдық. Төбемізден жай түскендей болдық. Әке-шешесінің басын қарайту әрбір перзенттің арманы. Біздер де жұмыс істеп жүрміз. Ашық қорған салу қолымыздан келер еді ғой.

Кейін білгеніміздей, Әмірхан нағашымыз анам қайтыс бола салысымен Алматыға барып, Құлшығаштардың қорынан қомақты қаржы бөлгізіпті. Алғашқыда кесенені алдына салам, әпкем артында, темір қорғанда жатады деді. Олай болмады. «Бұл қалай» дегенімізде «төбесі ашық болады» деп тағы алдады».

Ақынның қыздары осылай деп ақтарылды. Алайда, ақын апамыздың інісі Әмірхан Қалыбековтың да өз айтары бар екен. Оны да тыңдап көрдік. «Менің жиендеріммен «сен дескен» жерім жоқ. Жиындарда жүздесіп, тәтелеп жүреді. Бірақ былай шығып, әлеуметтік желіге басқаша жазады. Мен оны оқымаймын, басқа адамдардан естимін.

Әпкемнің қыздарына айтқан аманаты туралы естіген емеспін. Біраз жыл бұрын ақын әріптесі Есенқұл Жақыпбековтың асына әпкемді өзім алып барғанмын. Сол қаралы жиыннан кейін «мен өлгенде маған осылай құрмет көрсетілер ме екен» дегені бар. Аман болсам, тілегіңіз орындалады деген сөзімде тұрып, кесене салдым. Ол үшін ешқандай қордан ақша алғаным жоқ. Бәрі халықтың бергені.

Ал енді кесене туралы айтар болсам, мен Әселхан әпкемді Домалақ ана, Қарашаш ана, Айша бибіден кем көрмеймін. Әркімнің бауыры өзіне қымбат. Сол себепті кесене тұрғыздым және кесене салатын жерді әпкемнің көзі тірісінде өзіне де көрсеткенмін. Қабірін таспен басып тастады дегенмен де келіспеймін. Топырағы ашық, тек бетін ағашпен, оның бетін матамен жауып қойғанбыз».

Әселхан апамызға сенімді серік, ізін басқан сіңлілерінің бірі Маржан Есжанова болды. Бұл оқиғадан бір хабары бар шығар деп онымен де хабарласып көрдік. Қанша дегенмен сырт көзге бәрі шынайы көрінеді емес пе?! «Әрине, Әмірхан асығыстау қимылдап қойды, — дейді Маржан Есжанова. – Бұл жайында Бекарыс Шойбеков бәріміз ақылдастық. Сонда Бекарыс Әмірханға «мәйіттің иесі балалары, сондықтан алдынан өтіп, ақылдасып барып істеуің керек еді», – деп айтты. Дегенмен, халық ақынының басына осындай кесене тұрғызылғанын құптаймын. Оны жақын біреуі қолға алу керек емес пе? Әселхан апамның үлкен қызы Айгүл біраз жасқа келсе де әлі пәтер жалдап жүр. Өзіне үй сала алмаған адам шешесіне қалай кесене тұрғызып береді? Оны да ойлау керек. Енді келіп кесенеге жаратылды деген 60 миллион теңге туралы әңгімені қозғай береді. Бұл тым көп қаражат болса да әпкесіне арнап керемет кесене салды емес пе?

Айгүл мен Әмірхан екі түрлі айтады. Арасына түсейін десең, апаның әруағының алдында айыпты болмақпын. Жылы болмай жатып бұлайша дау шыққанын қалап отырғанымыз жоқ. Апамыздың басында кесененің болғаны қандай жақсы, бірақ бұлай шу болмай, ынтымақпен амал жасалғаны дұрыс еді. Шынымды айтсам, Айгүлдің осы кезге дейін қара көрсетпей, енді қайдан шыға келгенін түсінбеймін. Негізі апаның қыздары біз тұғынбыз, қолдан келгенше жағдайын жасауға тырыстық. Киер киімі мен жүрер жолына қаражатын біз тауып беріп отырдық. Апам Түркістанға барғанда қызы Айгүлдің үйіне кірмейтін. Ал «69 жастағы арпалыс» деген өлеңін оқығанда «апам ұл-қыздарына ренжулі кетті — ау» деген ой беки түсті. Құдай кешірсін, апам тірісінде бәріне көмектесті, енді өлгеннен кейін ешкім оны өз мүддесіне пайдаланбаса екен деймін. Менің көзқарасымша, інісі Әмірханның тірлігінің 65-70 пайызын қолдаймын, бірақ оның да асығыс, ағат кеткен тұстары болды».

Қазақта «торғай сойса да қасап сойсын» деген сөз бар. Ендеше әруақ айналасындағы дауға қатысты төрелікті дін саласының мамандарынан асырып ешкім айта алмаса керек-ті. Осы ойдың жетегімен Отырар аудандық мешітінің найб имамы, Темір ауылының имамы Төрехан Әлжановты да сөзге тарттық. «Бұл мәселе ауыл ақсақалдарының арасында талқыланды. Сол жерде ауданның бас имамы да болды. Негізінде мұндай кесене Қ.А.Яссауи секілді әулие кісілердің құрметіне тұрғызылып жатса әңгіме басқа. Облыстық мәслихаттың шешімімен әрбір мәйіт үшін қорымнан 6 шаршы метр жер берілуі керек екен. Ал бұл кесене көлемді жерді алып жатыр. Заңға жүгінер болсақ, онда құрылыс жүргізудің өзі дұрыс емес екен. Дегенмен, ақсақалдардың ұсыныс-пікірлері мен заңгерлердің ақыл-кеңесі аясында ортақ шешім қабылданды. Апамыздың әруағына тыныштық берейік деген ниетпен салынып қойған кесенені бұздырғанды жөн көрмедік. Ал орталық асфальт жолға дейін төселмек болған тротуар жол қауіпсіздік ережесін бұзатын болғандықтан, оның құрылысын тоқтату ұйғарылды».

Кесене мәселесінен ауыл тұрғындары да шет қалған жоқ. Өйткені, бұл қорымда жергілікті азаматтардың барлығының да ет жақындары жатыр. «Өткенде бұл мәселе көтерілген болатын, — дейді Темір ауылының тұрғыны Бегімше Ибрагимов. – Ауыл тұрғындары бір ауыздан Шымкент-Шәуілдір тас жолы бойынан қорымға кірер есік ашпаймыз деп уағдаласқанбыз. Әселхан әпкеміз де осында жерленді. Аяқ жолды үлкен жолға дейін емес, орта жолдан бұрсын деп келісіп едік, сол келісім бұзылды деп есітіп жатырмыз. Әселхан әпкеміздің інісі Әмірхан Қалыбеков пен сазгер Қалдыбек Құрманәлі аудан әкіміне кіріп, аяқ жолды үлкен асфальт жолға дейін созамыз, Шәуілдір мен Темірдің адамдары айта береді дегенге ұқсайды. Мұны есітіп, бір жағы біздің сөзімізді аяқасты еткісі келгеніне ренжісек, бір жағы дау ушығып кетіп, әпкеміздің әруағын мазалайтын болдық деп қобалжыдық. Бұл қорымда біріміздің ата-бабамыз, біріміздің ата-анамыз жатыр. Бәріміз өзімізге қолайлы жерден есік ашып, аяқ жол сала берсек не болады? Қазір қалталы адамдар көп, оны да істейді. Сонда бұл мазарат болғаны ма, әлде мәйіттердің қаласына айнала ма? Бір жүйе, тәртіп керек қой. Бата бұзған оңбайды деген сөз бар емес пе?».

Бұл тақырыпты қозғау бізге өте ауыр болғанын жасырмаймыз. Дегенмен, Әселхан апамыздың әруағы төңірегіндегі дауға нүкте қойылмаса болмайды. Біздің мақсатымыз осы ғана. Ежелден келе жатқан «Әруақ разы болмай, тірі байымас» деген тәмсіл бар емес пе? Ендеше, әркім өзінікін жөн санап, ырду-дырдуды көбейте бермей, ортақ пәтуаға келіп, ақын апамыздың қабірде тыныш жатуына жағдай жасау керек. Қажет болса бұл іске дін ғалымдары араласып, шариғат бойынша дұрыс деген пәтуаға тоқтап, әруақ разылығы үшін пендешілік әрекеттерге тоқтам жасамай болмайды.

Журналистік зерттеу барысында хабардар болғанымыздай, Әселхан апамыз өмірінің соңғы жылдарында көптеген қиындықтарды бастан өткергенге ұқсайды. Ең болмағанда енді қабірінде тыныш жатса екен.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *