қараусыз қалған ескерткіштер аз емес
Түркістандағы әрбір нысан тарихтан сыр шертеді. Облыс орталығы болып, бүгінде жаңару, қайта түлеу үрдісі қарқынды жүріп жатқан көне қаланың тарихи жәдігерлері айшықтала бастағандай. Көне ескерткіштерге бай өңірдің өз заманында түрлі саяси жағдайларға байланысты зерттелмей қалған тарихы да жоқ емес. Бұл өз кезегінде туризмді дамытуға бірден бір негіз болатын маңызды шаруа.

Жалпы, Түркістан өңірінің зерттелу тарихы 1947 жылдан басталады. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясына жетекшілік еткен Н.Бернштам, Е.Агеева, К.Байпақов сынды ғалымдардың бастамасымен өңірімізде алғашқы археологиялық қазба жұмыстары дәл сол жылы жүргізілді. Соның нәтижесінде көптеген тарихи ескерткіштер есепке алынып, оларды зерттеу ісіне жол ашылды. 1994 жылы «Свод памятников истории и культуры Казахстана. Южно-Казахстанская область» атты еліміздегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің тұңғыш жинағы жарық көріп, оның алғашқы томы Оңтүстік Қазақстан облысына арналды. Міне, осы кітапқа өңірімізден 700-ге тарта ескерткіш енгізілді. Түркістан облысы құрылғалы тарихи мұраларымызды түгендеу, оларды жүйелі зерттеу жұмыстары бұрынғыға қарағанда қарқын ала түсті деуге болады.
Қазір Отырар, Оқсыз, Құйрықтөбе және Алтынтөбе секілді Отырар қалашығы маңындағы көне ескерткіштер мен Түркістан маңындағы Күлтөбе, Шойтөбе және Сауран қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның ішінде республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылған «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасының маңызы ерекше. Бүгінде бұл жоба аяқталып, туристерге ұсынылатын маңызды нысандардың қатарынан орын алуда. Жалпы, Түркістан облысындағы археологиялық ескерткіштерді есепке алу, оларды зерттеу жұмыстарына Ә.Марғұлан атындағы археология институты, А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы «Археология ғылыми-зерттеу орталығы», «Отырар» және «Әзірет-Сұлтан» қорық-музейлері айрықша үлес қосып келеді.
Айта кету керек, қазіргі таңда облыс бойынша 1782 тарихи-мәдени мұра нысаны есепке алынған. Олардың саны бұдан әлдеқайда көп екеніне еш күмән жоқ. Әлі де зерттей түссе, жермен-жексен болып, жай ғана төмпешікке айналған көне қорғандар, қорымдар, топырақ астында жатқан көне құлпытастар, яғни сандаған ескерткіштердің табылары анық. Есепке алынған нысандардың ішінде халықаралық маңызы бар 1 ескерткіш (Қожа Ахмет Ясауи кесенесі), республикалық маңызы бар 34 (8 археологиялық, 24 сәулеттік), жергілікті маңызы бар 423 (374 археологиялық, 49 сәулеттік), алдын ала есепке алу тізімінде 1324 (оның 107 сәулеттік, 1155 археологиялық, 62 киелі нысан) ескерткіш бар. Бұдан бөлек, монументтік өнер туындылары мен мемориалдық тақталардың саны – 820.
Жалпы, тарихи ескерткіштердің тізіміне археологиялық маңызы бар объектілер, сәулеттік құндылығы бар ғимараттар, монументтік өнер туындылары мен киелі орындар кіреді. Өңірімізде археологиялық ескерткіштер көп, солардың ішінде орта ғасырларға жататын қорымдар мен қалажұрт орындарының саны басым.
Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, оларды сақтау өте өзекті мәселеге айналып отыр. Өкінішке қарай, тарихи ескерткіш тек археологтар мен музей немесе ескерткіштерді қорғау саласының қызметкерлеріне, жекелеген жанашыр азаматтарға ғана керек дүние сияқты. Ескерткіштердің өз дәрежесінде сақталмауы, тіпті, жойылып кетуіне әкеліп соғатын жағдайлар негізінен барлық деңгейдегі әкімдіктердің Қазақстан Республикасының «Жер туралы» Кодексінің 127-бабын сақтамауы, яғни аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау бойынша археологиялық жұмыстардың жүргізілмеуінен орын алып отыр. Айталық, жоспарланған кез-келген құрылыс салынудан бұрын ол аумақта археологиялық жұмыстарды жүргізуге лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлғалар тарапынан зерттеу жүргізіліп, тарихи-мәдени сараптама қорытындысы жасалуы тиіс.
Мемлекеттік тізімге енгізілген тарих және мәдениет ескерткіштерінің немесе ескерткіш орналасқан жердің меншік иелері мен пайдаланушыларына ескерткішті сақтау, күтіп-ұстау шарттары көрсетілген қорғау міндеттемесі беріледі. Осы құжат арқылы ескерткіштің сақталуын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. Әрбір ескерткіш – тарихымыздың бір-бір парағы. Ал, тарихын жоғалту – халық үшін үлкен қасірет. Сондықтан әр ескерткішті есепке алу, оларды қорғау және сақтау ісіне терең мән беру керек. Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен жоспарға сәйкес, жыл сайын өңіріміздегі республикалық маңызы бар 5-6 ескерткішке реставрация, консервация жұмыстары жүргізіліп отырады. Жергілікті маңызы бар ескерткіштерге келсек, бюджеттен қаржы бөлінбеуіне байланысты Түркістан облысы әкімдігінің 2020 жылғы 17 қыркүйектегі №188 қаулысымен бекітілген жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімге енгізілген нысандарға әзірге реставрация немесе консервация жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай отыр. Мәселен, аталған тізімде бар Кентау қаласындағы Шәмет ишан мешіт-медресесінің шатырынан су өткендіктен, бүгінде ескерткіш бүлінудің алдында тұр. Шардарадағы Ұзын ата ескерткішінің төрт қабырғасы әлі күнге дейін темірмен құрсауланған күйі тұр.
Облыс көлеміндегі
тарихи-мәдени мұра объектілерін есепке алу ісі «Мәдени мұра» бағдарламасы
аясында жандана түсті. Мәселен, 2006-2007 жылдары Арыс, Бәйдібек, Түлкібас, Төлеби,
Сайрам және Отырар аудандарының аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер есепке алынып,
бірқатар зерттеу жұмыстары жүргізілді. Өкінішке қарай, қаржы тапшылығына
байланысты бағдарлама тоқтатылып, сол кездегі Ордабасы, Қазығұрт, Сарыағаш,
Созақ, Мақтаарал және Шардара аудандары аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер есепке
алынбай қалды.
Өңірімізде жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет
ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі алғаш рет 2010 жылы бекітілген. Тізімде сол
кезде 434 ескерткіш болатын. Аталған тізімге қосымша ескерткіштерді енгізу үшін
«Тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, мәртебе беру және одан
айыру, орнын ауыстыру және өзгерту, жай-күйін мониторингтеу және санатын өзгерту
қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт
министрінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі №15 бұйрығына сәйкес, тарихи-мәдени
сараптаманың қорытындысы жасалуы тиіс. Түркістан облысы әкімдігінің 2020 жылғы
19 қыркүйектегі №188 қаулысымен бекітілген жергілікті маңызы бар ескерткіштердің
мемлекеттік тізіміне қосымша 100 ескерткіш енгізу мәселесі 2021 жылғы 24 желтоқсан
күні өткен тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық
комиссия отырысында қаралып, мақұлданған болатын. Осыған орай, қазір тиісті құжаттары
дайындалуда.
Облыс аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерімізді түгендеп, әрбір аудан, қаланың ескерткіштер жинағын шығару қажет. Есепке алынған ескерткіштің қорғалатын аймақтарын бекітіп, тиісті елді мекендердің, ауылдардың, қалалардың бас жоспарларына тарихи-сәулет тiрек жоспарларын енгізу жөніндегі жұмыстар жүргізілсе. Яғни барлық ескерткіш кадастрлық картада тарихи-мәдени мақсаттағы жер деп көрсетіліп тұру керек.
Сонымен қатар, тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттау мен ғылыми-зерттеу назардан түспеуі қажет шаруа. Мысалы, Созақтағы Тарсатөбе, Созақ қалашықтары, Шардарадағы Сүткент, Жаушықұм қалашықтары, Қазығұрттағы Сынтас, Тұрбат қалашықтары, Ордабасыдағы Жуантөбе, Қараспантөбе, Бөріжар қорымы, Мақтааралдағы Үтіртөбе, Келес ауданындағы Мыңтөбе, Алқакөл, Сайрамдағы Ханқорған (Абылай хан ордасы), Төлебидегі Дәуіттөбе (Есім хан ордасы) секілді тарихи орындардың маңыздылығын зерттеп, көпшілікке насихаттап отыру қажет.
Түркістан өңірінің тарихы да, табиғаты да туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр. Оның үстіне, археологиялық ескерткіштердің едәуір бөлігі осында орналасқан. Бүгінде барлығы үйінді төбе күйінде жатыр. Осы ескерткіштерді, мысалы, Ханқорған, Дәуіттөбе, Шойтөбе, Сынтас, Сүткент секілді қалашықтарға кешенді археологиялық қазба жүргізіп, орта ғасырдағы көрінісін қайта қалпына келтірсек, туризмнің дамуына оң ықпал етер едік.

Жандос ҚҰРБАН,
Түркістан облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау,
қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық директоры.