Басты жаңалықтар Қоғам Мәселе

Аттракциондары қымбат, әжетханасы жоқ…

Кешегі аптаның соңында қатарынан келген бірнеше күндік демалысты пайдаланып немерелерімді ертіп Шымкентке қыдыртуға әкелген едім. Көрсін, білсін деген ниетте алдымен «Шымқала» этносаябағындағы ашық аспан астындағы музейге апардым. Былтыр бір келгенімізде тегін еді. Биыл кіру ақылы болыпты. Ересектерге мың теңге, балаларға 100 теңге. Тегін дүние жоғын жақсы білеміз. Алайда, биылша балалардан ақы алмаса да болады ғой. Биылды Президентіміз Қ.Тоқаев  «Балалар жылы» деп жариялады емес пе?! Тым болмағанда балалар жылында балаға бәрі де тегін болса ғой дейміз.

Әрине, 100 теңге деген көп ақша емес. Бірақ, сол жерде кассада тұрғанда байқадым, мен секілді немерелереін ертіп келгендер көп екен. Бір жас келіншек 5 баласын ертіп келген екен. Өзіне мың теңге, балаларының барлығына 500 теңге болатынын естігенде «Қой, құрысын. Ол ақшаға сендерге қазір су әперейін» деп кетіп қалды. Музейге кіргізе алмады.

Еліміздегі үшінші қала, мегаполис деп Шымкентке әсіресе, демалыс, мереке күндері жақын маңдағы ауылдардан біз сияқты балаларын ертіп қонақтар жиі келеді. Сондай кезде қыдыртатын жер іздейміз. Бала болған соң бәрін көргісі келетіні бар ғой. Саябақтардағы аттракциондардың да ақысы удай екен.

Бала көшеге шыққанда ыстық күнде суды көп ішеді. Бала түгіл ересек адамның миы қайнап кететіндей ыстық болды кешегі аптаның соңында. Мұндай кезде әрине, шөл басатын сусындарды көбірек ішісіз. Ұлы сөзде ұят жоқ, көп су ішкен соң «ата туалетке барамын» деп қыңқылдайды бала. Әр жерге бір отырғыза алмайсың. «Бұл қала. Көшеде мәдениетті болып жүру керек» деп үйретіп келген тәрбиең тағы бар. Ал кеп көшеден әжетхана іздейік. Таппадық. Көшесінде әжетханасы жоқ, бұл қандай қала?! Бір мемекенің күзетшісіне жалынып, кіріп алдық әжетханасына. Оу, біз өз қаламызда осылай әбігер болып жүрміз. Тіл білмейтін, жөн білмейтін, жолды тіптен білмейтін туристер келсе мына қалада түзге қайда барады?

Кеңес заманында «Бар жақсылық – балаларға» деген ұран болатын. Жақсылық атаулының бәрін жасамаса да балалар үшін көптеген жеңілдіктер болатын. Қазір өз еліміз, өз жерімізде балаға деген бар жақсымызды жасауға қауқарлы мемлекетпіз деп ойлаймын. Олай болса, тым болмағанда биыл – Балалар жылында ойын-сауық, музей, аттракциондар тегін болуы керек қой. Су тегін етпесе де ақысын төмендету керек.

Мырзаян Алтаев,

Ордабасы ауданы. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *