Әлеумет Басты жаңалықтар Мәселе

ЭКҰ-мен бала тапқысы келетіндер көбейген

   Ал оларға тегін қызмет түрі бар ма?

Балалы болу бәріне бірдей бұйырмаған бақыт болып тұр. Бір «тырнаққа» зар қаншама ерлі-зайыпты үміттерін үкілеп ЭКҰ арқылы болса да перзент сүйгісі келетіні жасырын емес. Ал экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасы медицинада жоғары технологиялық қызметке жатады. Қызметтің бұл түрін ақылы негізде жасатуға көп адамның қалтасы көтере бермейтіні тағы бар. Олай болса оны МӘМС шеңберінде жасатуға бола ма? Оның талаптары қандай? Көпшілікті толғандырған осы сауалдарды біз «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаевқа қойған едік…

— Асхат Асанұлы, экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасын МӘМС шеңберінде жасатуға бола ма?

— Экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасы жоғары технологиялық медициналық қызметтер түріне жататындықтан расымен де қызмет ақысы қымбат. Десек те, бұл қызмет түріне квота беру арқылы бұған дейін тегін медициналық көмектің кепілдік берілгенін де айта кеткен жөн. Жылына шамамен 900–1000 квота бөлінді. Бұл әрине балалы болуды армандаған отбасылар санына шаққанда тым аз болатын. Сол себептен де 2021 жылдан бастап ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша квота санын 7 есеге арттыруға мүмкіндік берілді. Процедура МӘМС қызметтер тізбесіне кіреді, сондықтан сақтандырылған пациенттер ақысыз өтеді.

Биыл медициналық сақтандыру қоры 7 000 ЭКҰ циклына 6,68 млрд теңге бөлуді көздеп отыр. Жыл басынан бері 824,6 млн теңгеге экстракорпоралды ұрықтандыруға 835 рәсім жасалды. Өткен жылдарға қарағанда бұл қызметке сұраныс көлемі біршама артқаны байқалады.

Жалпы, аталмыш қызметті еліміздің 9 өңірінде 19 медициналық ұйым көрсете алады. Пациент экстракорпоралды ұрықтандыру үшін клиниканы өзі таңдайды.

Сөзіңіз аузыңызда, осы таңдау мәселесін нақтырақ айта кетсеңіз. Пациент медициналық ұйымдарды қайдан, қалай таңдай алады?

Медициналық ұйымдардың тізімін Қордың fms.kz ресми сайтында «Пациент үшін» бөлімі, әрі қарай «Емхананы таңдау» батырмасын басу арқылы көруге болады.

Экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасын алу тәртібіне тоқталсақ…

– Процедураның негізгі көрсеткіші – терапевтік түзету мүмкін емес бедеулік жағдайы болуы керек. Бұл қызметті ерлі-зайыптылар өзара ерікті түрде, жазбаша келісімін беру арқылы ЭКҰ-ға құжат рәсімдей алады. Яғни, Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге сәйкес төмендегі санаттар өтініш беруіне болады: репродуктивті жас (18-ден 42 жасқа дейін); қалыпты соматикалық күй; қалыпты эндокриндік күй; қанағаттанарлық овариалдық резерв.

Десек те пациенттің ЭКҰ-дан бас тартуына мүмкіндігі бар ма? Қандай жағдайда бас тартуға болады?

Науқасқа экстракорпоралды ұрықтандырудан бас тарту бірнеше жағдайда болуы мүмкін. Мысалы, жүктіліктің басталуы нәтижелілігінің төмендеу факторлары (имплантацияға және жүктіліктің дамуына кедергі келтіретін ішкі жыныс мүшелерінің даму аномалиясы), гидро (сақтосальпингстер) жағдайында бас тартуына болады. Сонымен бірге жатыр қуысының синехиясы, эндометриоз, аналық бездердің кисталары, обтурациялық емес азооспермия жағдайында, жатырдың туа біткен немесе жүре пайда болған ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну аурулары, кез келген локализация онкологиясы кезінде ЭКҰ-дан бас тарта алады.

Ал үмітін соңына дейін арқалап келгендер үшін ЭКҰ-дан өтудің тәртібі қандай?

Ең алдымен ЭКҰ-ға жолдама алу үшін тұрғылықты жерінде бекітілген медициналық мекемесіне баруы керек. Пациентті тіркеу орны бойынша денсаулық сақтау ұйымдары бедеуліктен зардап шегетін адамдарды диспансерлік науқастардың (бұдан әрі ДНЭТ) электронды тіркеліміне енгізеді. Он екі ай ішінде бедеуліктің себептерін зерттеп-қарағаннан және анықтағаннан кейін бейінді маман қорытынды шығарады. Соның негізінде пациенттің тіркелген жеріндегі денсаулық сақтау ұйымдары МӘМС жүйесінде қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар (ҚРТ) жүргізу туралы мәселені шешу үшін пациенттің құжаттарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі комиссиясына (ЖТМҚ комиссиясы) жолдайды.

МӘМС жүйесінде орындалған ҚРТ емшаралары туралы деректерді бедеулікті емдеуде қолдануға көмек көрсететін медициналық ұйымдар медициналық ақпараттық жүйеге енгізеді. Соны пайдалана отырып, медициналық көмек алуды әрі қарай пациент өзі таңдайды. Яғни, қай емхананы таңдау керектігін өзі шешеді. Оң шешім қабылданған жағдайда ЖТМҚ комиссиясы жолдаманы, пациенттің құжаттар пакетін қоса бере отырып, емдеуге жатқызу бюросы порталына тіркейді.

Ескеретін жайт, жылына бір рет МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан тегін өтуге болады. МӘМС жүйесінде ЭКҰ жүргізу алдында ерлі-зайыптыларды тексеру көлемі көзделген тізбеге сәйкес жүзеге асырылады. Егер бұл орайда медициналық көмек көрсету сапасына қатысты сұрақтар болса, онда тіркелген емханадағы пациенттерді қолдау қызметінен білуге болады. Мәселе шешімін таппаса, онда қордың fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы білуге болады.

Сонымен қатар, аталмыш кері байланыс арналары арқылы жүйедегі мәртебені тексеруге мүмкіндік бар. Ал, медициналық сақтандыру жүйесінде жүргізілген төлемдер туралы egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ке аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы біліп отыруға  болады.

Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан Ж.ШАЛАБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *